Қазақстан • 21 Тамыз, 2017

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетті

57 реткөрсетілді

ҚР Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 10,25 пайызға дейін төмендету туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды баспасөз қызметі.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені +/-1% дәлізбен 10,25%-ға дейін төмендетуге шешім қабылдады. Жылдық инфляция баяулап, нысаналы дәлізде тұр. Ал оның төмендеуі Ұлттық Банктің болжамдық бағалауларына сәйкес келеді», - деді Ұлттық банктен. Инфляциялық күтулердің тұрақты деңгейі, шикізат нарықтарындағы ахуалдың тұрақтануы, сол сияқты орта мерзімді кезеңдегі инфляция деңгейінің одан әрі төмендеуі ақша-кредит талаптарының жұмсаруына себеп болды. Бұл ретте Ұлттық Банк, сыртқы жағдайлардың құбылмалылығын назарға ала отырып, базалық мөлшерлемені қысқа мерзімді кезеңде одан әрі төмендету перспективаларына қатысты бағаны қайта қарады.

Банк өкілдерінің айтуынша, базалық мөлшерлеме бойынша шешім мынадай факторларды ескере отырып қабылданды.

«2017 жылғы шілдеде жылдық инфляция азық-түлік нарықтарында бағаның төмендеуінің ықпалымен 7,1%-ға дейін баяулады әрі нысаналы дәліздің ортасында тұр. Сондай-ақ, базалық инфляция жылдық көрсетуде төмендеуін жалғастыруда. Халықтың инфляциялық күтулері орнықты болып қалуда. Инфляция көрсеткіші 1 жыл бұрын 6,4% болған еді, сондай-ақ 2018 жылға арналған нысаналы дәліз шегінде қалып отыр. Экономикалық белсенділік қалпына келуді жалғастыруда, ішкі тұтыну және инвестициялық сұраныс серпінінде оң үрдістер сақталуда. Экономика жаңғырғанын сауда, халықты еңбекпен қамту бойынша және сыртқы сұраныс көрсеткіштері бойынша деректер растайды. Сонымен бірге, нақты еңбекақының теріс серпіні инфляциялық тәуекелдерді шектейді. Халықты кредиттеудің біртіндеп өсуі тұтынушылық сұранысқа қолдау көрсетуде. Алайда тұтынушылық кредиттеудің бұдан әрі өсуі жеке тұлғаларға арналған пайыздық мөлшерлемелердің серпініне байланысты болады.  Олар қазіргі кезде барынша жоғары деңгейде сақталуда. Сондай-ақ, шикізат нарығындағы ахуалдың тұрақтанғаны ықпал етіп отыр», - деді банктен.

Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2017 жылғы 9 қазанда Астана уақыты бойынша сағат 17:00-де жарияланатын болады.

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар