27 Қаңтар, 2010

ПАРИЖ: ПЕРНЕЛЕР... ПЕРДЕЛЕР...

1616 рет
көрсетілді
42 мин
оқу үшін
Сырт жер сырыңды алғыш. Сезіміңді қанша тұйықтап, бүркемелеп бақсаң да абайсызда сыр суыртпақтатып аларсыз. “Сым пернені басып қара , Басып қара жырласын”,- дегенде Сәкен сері тұма сырға тұншыққан соң кеуде кере үлбіреген нәзік сезімі мен күмбірлеген көңіл күйіне ерік берген шығар-ау. Ішекті аспаптарды былай ысырып қойғанда, жүрек пернесін дөп басып, қиян шеттегі қалқыма сәтте туған еліңнің туырылған тұтастығын сезім сиқырымен сезіне білуден артық ләззатты тұшыным қайдан табылсын. Сөйтіп дәл қозғалған жүрек пернесінің жан-дүниеңе шапқан дірілі көңіл пернесін бебеулетер. Иә, көңіл айнасын ашар... Сол құдіретті айнадан “Менің Қазақстанымның ” айбарлы үніне оранған Елің бар болмысымен аққудайын сыланып көрінер... Сонда биіктігі 320 метрлік Эйфель мұнарасының құзынан 97 метрлік “Бәйтерегің” , 91 метрлік “Қазақ елің” “менмұндалап” көзіңе шалынар, айшылық алыс жердегі алпамса бітімді алып жұртың алақандағыдай болып көңіл пернесіне сыйып кетер... Сол-ақ екен салыстырмалылықтың құлшынысы дегбірді алып Париж пернелерін басқың келер... Пернелерді басарсың-ау! Басып-басып тасарсың-ау! Жә, көңіл-көзді тұмшалаған перделерді жүдә ысырып тастау мүмкін бе? Жабулы, бүркеулі тұсы тұтасымен түрілер ме? Танылмайтын, көрінбейтін, сезілмейтін тылсым қырларын бағамдау үшін ғасырлар бойы түсірілген пердені лезде сырғыта алармыз ба? Перде тұтылған, перде ұсталған Париж келбеті оңайлықпен аршыған жұмыртқадай көзге көрінер ме, түге? ... Сәл сабыр етіңіз, пернелі жүрек перделі тылсымдарға тоят таппай құмартқан екен. Сәті түсер. Кенелерсіз көркемдікке. Бөгелерсіз­—бекемдікке. Көнерсіз. Бәрібір пернелер мен перделердің тайталасып жатқан заманы екендігін сезінсек, Париж бен Астананың бойын емес, жасамыстығын емес, ой таластырған таңғажайып келбет-кескінін зерде сүзгісінен өткізіп, бағамдап алар бағытымыз баршылық екен... Сонымен, Парижде тұрып пернелерді басайық—саз төгілсін, перделерді ашайық—сыр бүгілсін!.. Перне: тылсым мен таным Кәрі құрлықтың төр шаһары Париждегі 2009 жылдың 5-11 қазаны аралығындағы ұмытылмас күндерге қайырылып бір оралар шақ туғандай. Парижбен ойша қайта қа­уыш­уы­мыздың да өзіндік себебі, сыры жетіп жа­тыр... ЮНЕСКО 35-сессиясының жұмысын қамтып жазуға барғанбыз. Мақсат орындалған. Он жыл бойы ЮНЕСКО-ның бас директоры міндетін мінсіз атқарған Коитиро Мацуураға 193 елден келген делегация мүшелері иіліп тағ­зым етіп, мың алғыс жаудырып, көңіл хошын аямай білдіріп, ізетпен шығарып салған. Оның құрметті орнына болгарлық Ирина Бо­кова жайғасқан. 57 жастағы жасамыс әйел күйеуімен бірге екі бала тәрбиелеп өсірген. Ағыл­шын, орыс, испан, француз тілдерінде еркін көсіледі. Аса жоғары миссиялы қызметіне кірісерде ол : “Мен ХХІ ғасырға арналған жаңа гуманизмге құрылған өзімнің тұжырымдамаларымды бу­ыр­қанған қызметімде жауапкершілікпен бас­шы­лыққа алатын боламын”,­ деп ағынан жа­рылған. “Ісіңізге ақжолтай!”– дескен әлемдік қос­шылары.­­­­­­ ... Саясаттық сабылыс саябырсыған сәттерде Париж пернелерін басып-басып көруге талпынғанбыз. Қара домбыра пернелерінен күй сорғалар. Париж пернелерінен ше? Мәдениет пен өнердің атасы атанған мұнда әрине құлақ құрышын қандырар ұлы сазгерлік шығар­ма­лар­ды жалықпай тыңдауға болар-ау. Әңгіме тек саздық ерекшелікте ме екен. Жаппай құмарлық отын маздататын рухани саланың мұражай мен сәулет, сарайлар мен мұнаралар, театрлар мен кітапханалар, мүсіндік ғажайыптар,т.б. таңдай қақтырарлық ғаламаттарға деген ынтызарлық дегбірді қашырған... Әйтсе де көңіл назын үстемелеген сол бір сұлу көрініс көзден ға­йып­тан­б­ай-ақ қойды. Қазақстандық делегация бас­шысы И. Тасмағамбетов шетелдік топ же­тек­шілеріне қонақасы бергенде ұлттық кітаптар, өнер, мәдениет басылымдары үлестірілген. Соның ішінде сырт көзайымына бөленген “Мәңгілік сарын” деп аталатын 200 шы­ғар­ма­дан тұратын қазақ күйлері пышақ үстінен та­ла­нып алынды. О, ғажап! Жүрегіміз атойлады. Жат жерде кәделенген күйлеріміздің өз елімізде күй­ленген күйде дүкен сөрелерінде жатып қала­тынын ойлағанда көз тұманданады, әйтеуір, қол­тықтарда қыстырылып кеткен жауһарларға жау­таңдай қарап, “тәубе,тәубе” дейсің... Бүгіндері қазақы пернелерге жан бітіп, төрткүл дү­ниенің дүбірін саз жауһарлары діріл-на­қышымен өрнектеп жатқан болар... Әсемдігіне әлемнің не сан әйдік те әдемі қа­лаларының жиынтығы тең келмейтін Париж тыл­сымына ене түскен сайын оның асыл жү­зіктің ойнақы көзіндей танымға суарылған таң­ғы шықтай тап-таза, мөп-мөлдір кейпі өзіне та­бын­дырта тартады екен. Жүрек сөзін тән­тіленіп, таңдайын қағып, тамсанып айтқан Эрнест Хемингуэй сірә де қателеспейтін шығар. “Париж бұл ­құйылып тұрған мереке де, береке де ғой”,­ – деп тілімен бал жалағандай бал­бы­рап, бы­лайша байыпты түйін түйеді: “Мұнда не ғажабы барын кім білсін, әманда тәбетің ұлып, ішімдікке тоймастай болып бас қойып, жасампаздық іске қайралып, қайраттана ала­бұртып, махаббатқа ессіз құмарланып тұра­сың, бәлі!” Ал керек болса! Америкалық болашақ ұлы жазушы бұл таңсық та тамаша сөзін 1921 жылы жазып қалдырған екен. Содан бері не заман аунады, бәрібір әлгіндей бірегей пікір әркімнің әрқалай лебізінен табылады. Көреген көздің кереметтігі де. Уәлі сөздің берекеттігі де. Сезімде сезік жоқ. Имандай сенім бар. Сан­сыз пернелі Парижге табына білген жүрек түптің-түбінде сырын алып тынар. Мың-сан қырлы, алуан бітімді, өзгеше өрімді, сәбидей кө­ңілді, өмірдей өңірлі, шіркін-ай, безенген тілге береке тән ғой, парықты да қарықты Париж бейтанысына да құшағын аша түсер паңдықпен, кейде аңғалдықпен, енді бірде асау­лықпен, келесі сәтте сабырлылықпен. Париж бір қарағанда, өз қадірін біліп бәлсінетін жөні бар. Ұзақ ғасырлар бойы қала өз мінезімен, өз тұ­л­ғасымен тамырланып, дендей дамып, дербес ұлғайып үнемі жаңғырып, жаңара түрленген, гүлденген қала. Париждің өзгеше өзгер­ме­лі­лі­гін, өрмекші торындай тез тоқылып, толыса та­ра­латынын Шарль Бодлер қалтқысыз байқап: “Ол біздің жүрегімізден де шапшаң соғып, құл­пыра түрленіп отырады”, – деген еді дәл­дік­пен аңғара. Шынында да оның дамуына баға бер­ген талай көріпкел керемет тұлғалар ша­һар­дың эволюциялық жолдан көрі революциялық талғаммен өркендей түсетініне тоқтам жасаған. Әуелеген әннің әуезінде тербелген Париж ғой ол! Түрлі-түсті фильмдегі, мың бұралған бидегі келбет-кескіні өз алдына. Сәулет өнері мен сурет сызбасындағы немесе әдебиеттегі Париж әлемі тұнық та кіршіксіз, саф ауадай таза жаратылысымен тәңірідей табындырады. Эдит Пиафтың қасірет пен қайғыға қырналған дауысы, Шарль Азнавурдың қарлығыңқы әуені, т.б. өнер пірлерінің қайталанбас сазды ырғақ­тары құлаққа бір жетті ме, ажырағысыздай арманға бөленесің. Пернелі Париж қазақстандық делегацияның көл-көсір қуанышын еселеуімен де рухани та­ным­дық қатпарларын тосыннан аша түскендей бол­ды. Енді өз пернемізді де басып-басып, әуен құй­қылжытар құмарлыққа кенелгендейміз. ЮНЕСКО Қазақстанның бастамасымен 2010 жыл­ды “Халықаралық мәдениеттерді жа­қын­дастыру жылы” ретінде атап өтуге шешім қа­был­дады. Сондай шаттықтан көңіл тасыған бір сәтте “ТҮРКСОЙ” халықаралық ұйымының бас директоры Дүйсен Қасейіновпен пі­кір­ле­судің сәті түскен еді. Оның басты жаңалығы – Наурыз мерекесін түрік халықтарының белсене ара­л­а­суы­мен ЮНЕСКО бойынша атап өтудің ма­ңыз­ды­лығына тірелетін еді. Бұл айтуға жеңіл бо­л­ға­нымен, кез келген ұлттық мейрамдардың мұн­дай өте биік, сарабдал деңгейлі ұйым қолдауымен на­сихатталуы некен-саяқ мысал еді. Ал бұл мүм­кіндікке Қазақ елі, оның түркі тілдес барша ті­леу­лестері ие болғаны шадыман шаттықты еселеп жіберген. Сөйтіп, бір кезде қызыл им­пе­рия­ның қыт-қыттауымен қызығын құрытқан Нау­рыз ұлт­тық нақышымен, өзіндік айшығымен ор­тамызға оралған соң, мазмұнын байытып, ба­ғытын батыл болжап алған-тын. Өрісін міне, кеңейтіп отыр. Бұған қуанбаған жан баласы жоқ шығар. Басты қуаныш “түрксойлықтардыкі”. Себебі былай. Ана бір жылы Наурыз мейрамдалуы туралы ұсыныс ЮНЕСКО-да құпталмай қалғанда, еңсе түсіп кеткен. Енді төте жол ашылып отыр. Жағдай туғызылып, томаға сыпырылды. Дүйсен Қа­се­йі­нов­тің мәлімдеуінше, қанша жерден “туыспыз, жа­қынбыз” деп биік мінберлерден кеуде қағып жатсақ та, шындығында түркі тілдес халықтардың арасында осы күнге дейін “ТҮРКСОЙ”-дан басқа ха­лық­аралық ұйым жоқ екен. Ұйымның жар­ғысында оның ешқандай да сая­сатқа ара­ласпайтындығы бат­титып жазылған. Оның жұмысы таза гум­а­н­и­­тарлық, мәдени си­патта өрбиді. 1993 жылы Ал­ма­тыда ортақ халықаралық ұйым құрылып, бір­лесуге қол қойған мемлекеттер: Қазақстан мен Қыр­ғызстан, Өзбекстан мен Түркіменстан, Әзір­байжан мен Түркия болатын. Осылардың ішінде бұрыннан тәуелсіздікке ие ел бір ғана Түркия болса, қалған бес елдің тәуелсіздіктерін алғанына 20 жылға жуықтады. Тағы да алты ел, Ресейдің субъектілері: Татарстан мен Башқұртстан, Алтай мен Тыва, Хакас пен Якутия, сондай-ақ Молдавияның құрамына жатқан Гагауыз Йері мен Солтүстік Кипр бар. Соңғылары ұйымға әзір бақылаушы мүше болып отыр. Осы 14 елдің министрлерінен тұратын тұрақты кеңес жылына екі рет бас қосып, мәжіліс құрады. Халықаралық ұйымның мақсаты түркі халықтары арасындағы мәдени ынтымақтастықты дамыту әрі туыстас елдердің мәдени қарым-қатынасын жандандыруға саяды. Бас директор Дүйсекеңнің ЮНЕСКО штаб-пәтерінің арадай құжынаған аумақты залында тұрып жедел де желдіртіп берген сұхбатынан байқағанымыз, Қазақстан ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының ең белсенді мүшелерінің бірі екендігі. Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұйым жұмысының жақсаруына ерекше көңіл бөліп келеді. Оның тікелей қолдауымен Қазақстан 2008- 2011 жылдар аралығында түркі тілдес мемлекеттерге ортақ жалғыз халықаралық ұйымға төрағалық етуге тұңғыш рет қол жеткізген. Әрине, түркі елдері еге­мендігін алғалы бергі уақыттың сұранысына сәйкес әр ел хал-қадерінше өз ұлттық мәдениетін дамытып на­сихаттау, әлемге таныту үшін ұланғайыр жұмыс жа­сап жатқаны белгілі. Десек те, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Наза­р­баев­тың бастамасымен қолға алынған мемлекеттік “Мәдени мұра” бағдарламасының аса ірі нәтижелерге жетіп, туыстас түркі жұрттарына ғана емес, әлемнің көптеген елдеріне үлгі болғанын мақтанышпен атап өтуге тиіспіз. Шындығын айтқанда, мұндай көлемді көпжылдық мәдени бағдарлама тіпті кейбір экономикасы дамыған қуатты елдерде де іске аса қоймағаны анық. Сол тұрғыдан алғанда Қазақстанның бұл төрағалығы оны өзге бір қырынан әлемдік мойындаудың жарқын мысалы деп бағалауға әбден жарасар еді. Ал түркі тілдес елдерге тән Наурыздың ЮНЕСКО көлемінде тойланғалы отырғаны, әрине, ортақ ықыласқа дарыған берекелі несібе деуіміз ғанибет. ...Кешікпей-ақ барша сән-салтанатымен Наурыз мейрамының да Париж тұрғындарын баурап аларын ойлағанда, оның сыбызғылатып, сыр­най­латқан сансыз пернелерінен төгілген түркілік һәм қазақы әуездің еуропалық кеңістікке шарлап сіңетіні осы бастан-ақ жүректі бұл­қынтады... Нау­рыз пернелері Париж пернелерінің өзгеше күйін еселей түсер, бәлкім.... Таңсықтық билеген бойыңды көшесінде де тежей алмай жүруің, әне, бұл шашасына шаң жұқ­тыр­мас шаһардың бұла мінезі дерлік. Саңыр­ау­құ­лақтай боп алаңқайларынан жиі кездесетін теа­тр­ла­рына кіріп, тылсым мен танымның әлдиіне тер­белуің былай тұрсын, оларды жөппелдемеде көзің шалып қалғанының өзі тамаша тарту іспетті. Осылайша түнгі бір шолақ шолуымызда әлемдегі теңдессіз Опера театрының маңына рықсыз желімделіп қалыппыз... ІІІ Наполеон заманы сәулетінің типтік үлгісіне жататын бұл ғимарат 1862-1875 жылдары Гарнье жобасымен салынған. Оның аумағы 1 1000 шаршы метр, 2000 көрермен сыяды, сахнасында 450 актер өнер көрсете алады. Осы Опера театрынан бермен Капуцинов бульвары басталады. Жапсарлас №28 үйде атақты “Олимпия” мюзик-холлы орналасқан. Ал  №14 үйдегі жазуға үңілгенде, мұнда 1895 жылдың 28 желтоқсанында ағайынды Люмьерлердің жұртшылыққа тұңғыш рет фильм көрсеткенін аңдайсыз. Аяқ басқан сайын тылсым ашылып, таным тарта түседі... Міне, іргедегі қазір Әділет минис­тр­лігі орналасқан зәулім ғимараттың тап алдында 1842 жылы Стендаль жүрек талмасынан мұрттай ұш­қанын да оқып білдік... Жаңа әзірде ғана осы Опера театрында қазақ бұлбұлы Майра Мұ­хам­мед­қы­зының әлемдік жаратылыста сирек сиқырлы үні­мен француздықтарды ықыласқа бөлегенін естіп, бөр­кімізді аспанға атқандай күйде келе жатқанбыз. Тағ­дыр-ай десейші, енді Стендальдің сүрінген же­рін басқанымызда тұлабойымыз өртеніп жүре бер­ді... Тарихқа уақыт кеңістігі дегеніңіздің өзі кеп-кел­те дүние екенін сезіндік. Кешегі тұлпар тағ­дырлар... бүгін уақыт уысында мөлт-мөлт етіп аяз­да­нып жатыр. Сынаптай сырғып осылайша ұр­пақ­тар кәдесіне ұсыныла берері де ақиқат. Сол жа­құт­тар­ды ұмыттырмайтын зерделі, өткеніне талғампаз, кеткеніне мирасты кәрі Парижге қалай ғана сүйсінбессің... Бізде ше? Өз пернемізді басып көр­сек, кірбіңдікпен бас шайқайтын күйде екеніміз жа­сы­рын емес қой. Мүмкін, осы Опера театрының алаң­қайынан Әміре Қашаубаевтай ән жампозы да қа­натын қомдап, қазақ сахарасын титімдей жү­регіне сыйғызып, домаланып жүгіріп өткен шығар... Мұстафа Шоқай табанының осында табы қалмады деуге тіпті сенбейсіз. Жиырма жылдан астам уақыт Парижді мекендегенде сыршыл сезім иесі Опера театрына бас сұқпай кетуі миға сіңбейтіндей ме-ау... Қайсыбірін айтарсыз, биліктегілерге қаратпа сөзіміз жетіп артылады. Әннен жаралған Әміре мен ұлт намысының алмас қайрағы Мұстафаның Па­риждегі күндерінің кейбір тылсым сырлары әлі то­лық рухани кәдеге жаратылмай отырғаны ащы шын­дық қой. Ал олардың ескерткіш-мүсінін Па­рижге ұқсап баққысы келетін Астанада көргісі келетін қазақ жұртының арманы қашан орындалар екен? Мәңгілік мәселелер үнемі көше кезіп жүреді деп, бір данышпан айтпақшы, Париждегі ұмы­тыл­мас күндерде сол сөздің мәнін жете түсінгендей болдық қой. Әр сәт сайын кәрі көшелерден әрненің байыбын ұғасың. Сондай көңілге түйгендерімізді қажетіне жаратса, кейінгі ұрпақ құб алсын! Осы жағы ғой діттегеніміз. Париж пернелерін жүрек сау­сағымен басып-басып жіберсек, оның сансыз тылсымы сымдай тартылып, танымы тосын тә­бә­рік­тей тарқатылып, әп бәрекелді, біздің Ас­тан­а­мыз­дың да қилы-қилы жетістігі мен кейбір кемшін тұстарын салғастыра безбендеп, шотқа қаққандай екшеп өлшеп, әлемдік елордаға айналудың бағыт-бағдарын бипаздап ұсынатындай ма?! ...Тарих әлдилеген Париждейін біздің Ас­та­на­ның да көңіл, сезім пернелерін қызыға да құмарта, әуестене де әуеленіп басып-басып қалып, әуеніне құлақ тосуға ынтызар әлемдік әлеумет табылатын күн де алыс емес қой! Перде: кеңістік пен көкжиек Париж пердесі көңілден қалқалайтын керім көр­кемдік пен кейбір келеңсіз де кикілжің кө­рі­ніс­терді сана сүзгісінен өткізбей жаның тыншыр ма, түге. Пердені ысырсаң Париж кеңістігі мен көк­жиегі көлгірсімей, көнелі де көнтерлі кейпімен көз алдыңа үйіріле қалады. Тек түсірулі пердені ебін тауып, ысыра білсеңші. Сөйтіп көне шаһардың таңғажайып табиғатына кірсеңші... Пердесіз Париж қандайсың? Жаңа туған айдайсың! Перделі күйің ше? Тылсымсың! Тұнық ойға батқансың. Таңшолпандай таңғы рауан алдында керіліп бір жатқансың. Ой азабына бөгіп, беліңді жаза алмаған қариясың. Тереңдігін білдіртпейтін дариясың. Пердеңді ашшы, Париж! Асыл інің Астана өтінеді... Таныс та бейтаныс Парижде жалған дүние­де­гінің бәрі бар. Қазынасын қойнына жиған. Бәтір-ау, мұрағат біткен қалайша сыйған? Әне, ғасырлар тәбәрігіндей ұлы ескерткіштерімен есіңді алатын туристік Парижге сұқтанбасыңа не амалың бар? Оның ойға сыймайтын немесе шап-шағын мұ­ра­жайларына кіріңізші, әйтпесе ұлттық нақышпен бе­з­е­ндірілген мүйістеріне бас сұғыңызшы, үстіңізден тір­шілік жүгі сыпырылып жеңілейіп, ойнақтап шыға келесіз. Басың бос, ойың еркін, төбеңнен ешкім тұқыртпайтын, нағыз құрықсыз адамсың. Батыста бағың осындай дербес тәуелсіздігіңмен ашылады-мыс. Демократия салтанаты бұл. Тағы бір пердені сырсаңыз, аса қымбат дүкендер мен салтанаты келіскен бағалы модалар көз жауын алар. Келесісін түрсеңіз, теңдессіз дәмі мен ас-суын ұсынған дастарқан мәзіріне тап боласыз. Аузыңа салмай жатып-ақ тіліңде еріп қоя береді тағамы. Тоқ көңіл табиғат аясын аңсайды. Желпінгісі, серпілгісі келеді. Шыға ғой онда, аңсарың ауса, Сена жағалауындағы ғаламат көкмайсалы сая­жай­ларға. Алдыңнан мың сан бояулы перделер тү­рі­лер... Түрілер де санаңа кірігер... Астанаңның да Ел­басы мәпелеген көкжелегі қабаттаса көзге ілігер... Қымбаттан қымбат алыс жатпайды, ал арзанның азабынан сақтасын да... Астананың қиын да болса бағалы табиғатын аялауға бекінгені қуантады. Қылқалам шеберлерінің сандаған ұрпақтары өздерінің майлы кенебінде Париждің жақұттай өзгеріп, көз қарықтырар келбетін бейнелеуге ғұмырын арнаған. Дұрысы бар, бұрысы бар, де­ген­мен уақыт елегінен өткен маржандары ғана қалған. Қаланың түр-сипаты жылдың төрт мез­гі­лінің бояуымен кескінделгендей. Демек, мәңгілік оң­бай­тын, ешқашан солмайтын құдіретті бояулар тыл­сы­мы тамсантпай қоймайды. Бірде ашық, бірде күң­­гірт, бірде қараңғы түндей қою реңк. Бәрі жарасады, солардың сағымынан Парижді танисың. Әлем­дік кинематографияның туындысына ілкім сәт назар аударыңызшы, Париж қолтаңбасы да­ра­ла­на­ды. Оның көшелерін ешқайсысымен ша­тас­тыр­май­сың. Ол даңққа кенелмекші біртуар саясатшыларға да, қуғындалған ақын-жазушыларға да, қар­ғыс­талған суретшілерге де пана болуымен әр жүрекке іңкәрлік сезімін себезгілейді. Қысқасы, зәбір шеккеннің маңдайынан иіскеп, төріне шығаруымен шапағат нұрына өзін де, өзгені де мала білген жайлы қоныс, мәңгі тыныс. Париж бір келіп кеткеннің де, уақытша тұрақ тапқан эми­грант­тың да, азаматтығын алып бақилыққа өткен­нің де өмір шырағындай із қалдырған қасиетті ме­кеніне ай­налған-тын. Сөйтіп әркімнің жүрегіне мәдени, рухани, жай бір тұрмыстық немесе махаббат әткеншегіндей қызық ғұмырлы шадыман сәт­тер тізбегін сыйлаған, тіпті байлық пен ке­дей­ліктің дәмін алалап таттыруымен, кейде қарапайым тір­ліктің қайнаған базарын армансыз аралатуымен бұл Парижің бөлекшеленіп тұратын. Гитлершілер бас­қыншылығында Парижден оның маңайындағы қа­лаларға жаппай босқындар ағылған кезде Мұс­тафа Шоқай: “Маған саяси баспана ұсынған мем­лекетті тастап кету – мен үшін Отанымнан ажы­ра­ғанмен тең қасірет”, – деп тегіннен-тегін кү­ңіренді дейсіз бе? М.Шоқайға қатысты перделі тарихтың тыл­сы­мына көз жеткізгендей болдық осында. Оның жары Мария Яковлевна Горина-Шоқайдың өсиетін адам­гершілікпен орындаған француздық ғалым Шан­таль Лемерсье-Келькежей М.Шоқайға қатысты көп­теген құжаттардың туған еліне табысталуына жа­нын салып жәрдемдесіпті. Парижде болғанымызда Алаш арысы М.Шо­қай­ға қатысты тарихи жерлерді аралап көріп, оның тұр­ған үйі жанына орнатылған ескерткіш тақтаға тағ­зым етіп, өзге де құжаттармен танысуға мүмкіндік алғанымызды сапардан соң іле жазылған ма­қаламызда жан-жақты баяндағанбыз. Сондағы ай­тылғандарға қосарымыз ­– М.Шоқайдың туған жылына қатысты әртүрлі деректің бар екендігіне назар аударып, сол ауытқушылықты бір ізге салу қажеттігін ескерту еді. Оның туған жылы 1889, 1890, 1891 жылдарға телініп жазылып келеді. Мария Горина- Шоқайдың өзі естелігіндегі жазбасында 1890 жыл деп көрсетеді. Қайсысы дұрыс? Бұл дүдәмал сұраққа шоқайтанушы белгілі жазушы Оразбек Сәрсенбай нақты да дәлелді түсінік бере келіп, әлгі үш деректі де жоққа шығарып, М.Шо­қай­дың туған жылын 1886 жылға әкеп тірейді. Енді осы негізделген деректі ұстанғанымыз жөн болар. Дегенмен де 2010 жылдың басында Француз-Қазақ достық қоғамы ұйымдастырған М.Шоқайдың ту­ға­нына 120 жыл толуына арналған кеш өткізіліп, он­да Француз парламенті біртуар қазақ ұлы туралы фран­цуз тілінде кітап шығаратыны және басқа іс-шаралар туралы мәлімделді. Қазақстанда да халықаралық жиын ұйымдастырылатыны айтылып қалды. Мұндай бастамалардың басында Қазақ­станның Франциядағы Елшілігінің қызметкерлері мен Ножан-сур-Марн қаласы әкімдігінің қыз­мет­кер­лері және диаспора өкілдері жүргені ризалық туғызады. Сөзді сөз қуып, тағы бір шетін мәселенің басын қылтитқымыз келіп отыр. М.Шоқай Қазақстан ұлттық эн­ци­клопедиясына неге ен­гі­зілмей қалған? Бірақ та оның бас­тапқы том­дарына кірмеген кейбір ұлы тұлғалар туралы жаң­сақ­тық түзетіліп, соңғы оныншы томның қо­сы­мша бөлімінде берілген екен. Өкінішке қарай М.Шо­қай сонда да болмай шықты. Мұны қалай түсінуге болады? Есесіне, қосымшада қызмет бабын пай­да­ланып, “қайталанбас тұлғаға” айналып кіріп кет­кендер байқалады. Ондай пысықайлар Со­циа­листік Еңбек Ерлері Ж.Демеев пен Б.Кітап­баевты, ұйым­дас­тырушылығымен айрықша көзге түскен мем­ле­кет қайраткері М.Жұрмұхамедовті, т.б. қалай ғана ұял­май-қызармай ығыстырып тастады екен? Осын­дай олқылықтар жөнімен реттелсе екен дейміз. Ең болмағанда бір мұражайына кірмей кетуді кешірілмес күнәдей сезініп, алас-күлес сапырылыс сәттің ебін тауып Луврды тамашаладық. Бұл бір сыртқы жиынтығын қосқанда, шағын аудандай аумақты екен. Оның тарихы сонау ХІІ ғасырдың соңынан басталады. Ал бүгінгі “Үлкен Луврдың” жобасы 1981 жылы президент Франсуа Мит­те­ран­ның шешімімен мұражайлық мәртебесін қайта орал­туымен жүзеге асқан. Әйтпесе ол басқа да мақ­саттарға пайдаланылып келген. Ерте заманғы Лувр сарайының мүлде жаңартылған кейіптегі мұ­ра­жайлық нұсқасы алғаш есік ашқан екі ғасырдан соң 1993 жылы түпкілікті аяқталып, екінші өмірін бастаған. Қараңызшы, өнер жолы қандай азапты да ауыр жол. Бәрі адам игілігі үшін, ұлт рухын байыту үшін істелген шаруа екені түсінікті. Лувр мы­надай жеті бөлімнен тұрады: Ежелгі Шығыс және Ислам өнері; Ежелгі Египет; Ежелгігректік, этрустік және ежелгіримдік өнер; Көркем бұ­йым­дар; Мүсіндер; Живопись; Графика. Жедел шолып шыққанның өзінде оның бір бөлімін адақтаудың өзі қиямет-қайым... Міне, “Джоконда” атауымен әлемге аян Мона Лиза портретінің (суретші Лео­нар­до да Винчи – 1452-1519) алдында тұр екен­біз... 77 х 53 см. көлеміндегі ағашқа майлы бояумен 1503-1506 жылдары салынған. Нағыз жалғыз данасы. Белдеу ағашпен керіп тастаған, маңына жақын бара алмайсың. Топырлаған таңсық жұрт. Өнерсіз өмір тұлдыр жетім екенін түйсінгендейсің. Біз де ше... Астанаға келген көшпелі көркем көр­ме­лерді елемей жібереміз-ау... Астанада да, Луврға жету қайда, бірақ соған тектес мұражай болса деген арман оянады... Луврда арбаға таңылған немесе арқаға жабысып алған қаншама мүгедектердің ғажайып өнер туындыларына сарылып қарап отырғандарын ұмытуға болмас... Тосын ысырылған перделерден түрлі рухани кеңістіктер жарқырай көрініп, оның көкжиегі көгілдірленіп әрқилы таңырқарлық тылсымымен өзіне тарта түседі. Сондай әсерленгіш көңіл айдынында енді Францияның ұлттық кітапханасы тұра қалыпты. Оны құру идеясын өзінің президенттікке екінші рет сайлауы кезінде Франсуа Миттеран ойластырған екен. Ал кітапхананың ресми ашылуын Жак Ширак 1996 жылы жүзеге асы­рыпты. Кітап әлемі сегіз гектарға жуық жерде салтанат құрған. Оның қорында 12 миллион кітап сақтаулы. Сырттай қызықтағанның өзінде рухымен тояттандырады. Маңайынан жанап өткеніңде кітаптардың әлдене күлімсі иісі мұрын жаратындай ма?... Солай болуы да ғажап емес. Парижде бәрі де табиғи, таза, мөлдір, не нәрсенің де сыны бұ­зыл­маған. Сонысымен де өркениеттілік ұлылығы аң­ғарылып тұрар. Мұндай кітапханаға барып жүр­ген Олжас Сүлейменовте не арман бар дейсіз. Есі­мізге түсіп отыр, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі Олжас Омарұлынан мә­жілістен тыс бір қағаберісте “АЗ и Я” кітабының жа­рық көргеніне 2010 жылы 35 жыл толуына бай­ланысты бірер ауыз лебіз білдіруін өтінген болатынбыз. ­­­ – Дүниенің алтыдан бір бөлігін алып жатқан алып империя – Кеңес Одағы да ыдырады, – деген еді Олжас Омарұлы. ­­– Жаңа көзқарастар, жаңа саясат, жаңа заман туды. Алайда “АЗ и Я”- да қозғалған сонау бір тұстардағы ой-толғамдардың бүгінде рухани өмірімізге өте қажет екеніне мен кәміл сенемін. Бәлкім, туған халқымның осы күнге дейін ғасырлардың шаң басқан қыр­тыс­тарында көзден таса, көңілден тыс жатқан тарихына ендігі жерде тереңдеп үңіліп, дұрыстап жан-жақты зерттейтін кез туғанда жаңа тарихшыларға менің еңбегімнің де себі тиер деп ойлаймын. Бір қызығы, ұлы кітапхана маңында Олжас Омарұлының осы таупиықты сөзі есімізде қайта күңгірлеп жаңғырғанына аң-таңбыз... Мүмкін, мұндағы кітапхана перделерін түріңкіреп үңілсек, талай қазақ жазушыларының француз тіліне аударылған нұсқаларын да кездестіріп қалуымыз кәдік-ау. Әйгілі француз жазушысы Луи Арагонның “ Абай жолына” берген бағасы бар еді. Қалай еді, жалпы пікі­рі­нің нобайы ғана ойымызда қалған... (Кейінірек, елге келген соң дәлме-дәл көшірмесін беріп отырмыз: “Мен оның (Мұхтар Әуезовтің) шы­ғар­маларын туған еліме таныстырушы болуды өзіме үлкен абырой санаймын. Эпи­ка­лық роман “Абай”, менің ойымша, ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі. Бұл роман оқушыға қызықты қиял мен өрен ой өлкесін кездіріп, талай терең толғаныстар тудырады. Бұл шы­ғар­ма совет әдебиеті туындыларының маңдай ле­гінен орын алады деу аздық қылады, әлемнің бас­қа елдерінде де онымен тең түсетін шы­ғарманы табу қиын”.) Еуропа зиялылары тағы кімдерді таныр еді... Ал Ботаника бағынан таяқ тастам жердегі мешіт – бұл ескі Париж орталығындағы Шығыстың ғажайып экзотикалық мүйісі іспетті. Туристер ағылып келіп жатыр. 1922-1926 жыл­дар аралығында салынған мешіттің сәулеттік ше­шімі ерекше көз тартады. Парижде тұратын 3 мыңдай қазақ диаспорасының өкілдері осы Алла үйіне келіп, мінәжат етіп тұратын көрінеді. Диаспора белсенділерінің ұйытқы болуымен біраз іс-шаралар жүзеге асырылған. Сәбира Көксалдың “Қазақ тіліне кіріспе” кітабының тұсаукесері өткізіліп, онда ана тілінің көкейкесті мәселелері сөз болды. Аталған кітап Франция мемлекетінде қазақ тіліне арналған тұңғыш оқулық. Сәбира Түркияда туып, экономика пәні бойынша білім алған. Соңғы он жыл бойына Парижде тұрады. Ол сондай-ақ парсы, моңғол, түркі тілдерін жетік меңгерген. Қазақстаннан арнайы келген суретші Л.Маралбаеваның шы­ғар­маларынан көрме жасалды. Ал 2009 жыл­ғы 5 наурызда Президент Н.Ә. Назар­баевтың қатысуымен Астанада өткен Қазақстан әйелдері форумына барып сөз сөйлеген Фатима Түркоз өзінің қайталанбас әсерімен бөлісті. “Ескіні ес­ке алмай, жаңа жадыңа түспейді” деген ата-баба мақалын сөзінің мәйегі еткен ол форум­д­ағы сөзін мүдірмей соқты. Кезінде тарихымыз бұр­маланып, ата-қонысымыз шұбарланып, тегің кім десе күмілжіп қалатын едік. Құдайға шүкір, Қа­зақстан егемендігін алғалы бері ел болып, етек жиып, міне, оң-солымызға көз жүгіртіп, өт­кенімізді ескеріп, болашаққа даңғыл жол са­лып жатырмыз. Біз де енді Еуропада жүрсек те текті атаның ұрпағымыз, киелі жерде өрбіген иелі елдің жалғасымыз деп мақтанышпен айта аламыз. Біз сәті түсіп, Қазақстан елшілігінің қыз­мет­кері Мұрсал-Нәби Тұяқбаевтың көмегімен Фа­тима ханымның үйінде болған едік. Қолынан дәм таттық. Қазақ дастарқаны молынан жа­йы­лып, Еуропа төрінде мәре-сәре болдық. Отағасы Әб­дуақап Түркоз қазақша майын тамызып сөй­лейтін іске мығым, кәсіби білікті, ұлт­жан­ды­лығы басым ақжарқын азамат екен. Баласы Тол­ғаны Алматы жоғары оқу орнына жіберіп, оның келешегінен ата-анасы зор үміттеніп отыр. Олар әңгіме үстінде ұлттық ыңғайда үлкен мә­се­лелер көтере білді. Сол айтқандарын жүйелеп көр­сек, дүниежүзіне сән жағынан көшбасшы болып отырған Парижде қазақы болмысымызды та­нытатын еуропалық тың технологиямен нәр­ленген бәсекеге қабілетті киім-кешектер, үй жабдықтары мен жиһаздарын, басқа да бұ­йым­дар жасайтын кешенді кәсіпорын ашуға ұм­ты­лыс­тары бар екен. Қазақтың қолөнері арнайы сау­да орындарында Еуропа жұрт­шы­лығына ұсы­нылып отырса дейді. Сонымен бірге қазақ отбасының ошағын қорып отырған анала­ры­­мыздың қолынан шыққан өнімдері – құрт-ірімшік, балқаймақтарын да, қазы-шұжықтарын, тары-женттерін экспорттау бойынша әлеуеттік мүмкіндіктерін зерттеп, тиісті шешім қабыл­дан­са деген тілектері және бар. Қысқасы, Парижде қ­азақы қолтаңба молынан кезіксе деген асыл ар­мандарына тербетілуде. Несі бар, сәті түсіп қалар. ...Кәрі көшелері тарамыстанып тарқатылады. Біз тұрған қонақ үй алты көше қиылысының шеберінде үшкірлене иіліп тұр. Әлгі дөңгеленген енсіз доғада сапрылысқан көліктің неше атасы кезігеді дейсіз. Тар жолмен ызғытады. Тілдей тротуарының жиегінде “көгенделген” түрлі көліктерден көз тұнады. Үйінен шыға салып мініске түседі. Бір қарағанда ыңғайлы, бір қарағанда адамынан құжынаған көлігі, жүргені бар, желідегісі бар, құмырысқадай құжынайды. Бірақ бірінің жолын бірі кеспейді, әркім өз өр­мегімен әуре секілді. Көліктерінің басымы отан­дық үлгідегілер, оның үстіне шап-шағын­дары, ұршықша үйіріледі, нәті үнемді тәрізді. Көше тіршілігі басқа да сан қырымен таңдантады. Бір мүйісте бомждар қарақожалақ күйелештеніп, жылтыраған көзімен өңменіңнен атып, кейбірі жаныңа жанап келе, алақан жая зәреңді ұшырса, кейбірі өткіншінің етегіне жармасып, қо­лын­дағы сақина-білезігін сипалағысы келіп, жал­барына мүләйімсиді. Көше бойы бы­жы­на­ған рес­торандар, кафелер, жұқана дәмханалар. Атақ­­ты шарабын ба, әлде басқа да қынулы іш­імдігін бе, сылқытып жатады. Көздері қызарып, түрі келіспейтін, аш-арық қалыптылар да ұшырасып қалады. Париж, тіпті бүкіл Франция ішімдікті үзіліссіз пайдалануды тыю жөнінде бір шешімге келіп, ымырасыз күреске тас-түйін бекінгенін естіп, білдік... Көше жүргіншілері асығыс-ақ. Арзанқол, ыңғайлы, жеңіл киінген. Өндірістік цехтан енді шыға салғандай, жеңіл желбегейлі. Бұдан ынты-шынтымен жұмысқа ден қойғаны байқалады. Әне, көше бойлап жүгіріп бара жатқандары қаншама? Таңғы бой жазу емес, мезгіл таңдамай, денесін ширақ ұстаудың қамы да. Топ-тобымен спорттық жаттығудан шыққан балалар мен жасамыстарды немесе сүйегі қаусаған кәрі-құртаңды жиі көресің. Жүздері қандай ажарлы, ішкі буыр­қа­ны­стары бетке теуіп тұр. Қимылдың құдіреті де. Жал­пы, Париждің стадиондары, спорттық жат­тығу орындары тұрғындарға ыңғайлы ор­на­ласқан. Өркениет өресі осыдан-ақ сезілетіндей. Денсаулығы мықты адамы көп болса, мемлекеті тегеурінді деген ұстанымға берік бекінгендей. ... Иә, перделер ашылған сайын жай тір­ші­ліктен басталған кеңістік пен көкжиек ұштасып, үлкен саясаттың сағымы себезгіленіп сейіле түседі. Былтырғы жылдың аяғында Фран­ция­ның Қазақстанмен стратегиялық әріптестік ту­ралы шартқа қол қойған Еуропадағы алғашқы мем­лекет екені еске түсіп, үмітке толы көңіл ма­сайрайды... Екі мемлекеттің қатынастары енді басталып отыр, перспективасы өте қызық­тырады. ...Париждің киелі де қасиетті Эйфель мұ­нара­сына шықсаңыз, толық сырғымайтын перде тұтымы қалмайтындай. Қанша дегенмен 320 метр биіктік бас айналдырғанымен, санаң сергек, осы тұрысың ермек... Көкке шаншылған 120 жылдың ішінде мұнараны 150 миллионнан астам қонақ құмарта қызықтапты. Күшіне сенгендер 1710 басқышты санап басып, шыр­қау­ға шымырықпай көтеріледі екен. Ашық күн­дері мұнара басынан радиусы 70 шақырымдық қа­шық­тық айқын көрінеді. ...Иә, кеңістік кеңейіп, көкжиек ұзара түседі екен! Ендеше Париждің пердесіз сәтіне тап қы­ла берсін деп тілейік! Қайсар ӘЛІМ, Астана-Париж-Астана.