Сурет: vechastana.kz
Биылғы жазда Шымкент қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратынан бастау алған мәдени керуен сапарының бір қанатында ағайын, достармен қауышу, олардың тіршілігімен танысу болса, екінші қанатында көрші республиканың тарихында бүгінгі тәуелсіздікке сонау орта ғасырларда қаһармандықпен қызмет жасаған хандар мен билердің, батырлардың зираттарына зиярат жасау болды.
Бағдарламаға сай Ташкенттегі «Қарлығаш би» атанған Төле бидің, «Нұратадағы» Әйтеке бидің, әулие атанған басқа да ұлы тұлғалардың аруақтарына арналып бірнеше жерде ас ұйымдастырылып, Құран бағышталды. Ташкент, Самарқанд, Бұхара облыстарындағы атаулардың (жер, су аттары) бұрынғы қалпынан өзгермей тұруы өзбек, қазақ халықтарының ежелден туысқан, бауыр екендігін паш еткендей.
Өзбекстанның ең сұлу өлкелерін аралап, тамашалаған меймандар бауырластарының зор ықыласы мен құрметіне риза болды.
Сапар дәулетіне азаматтығы сай шымкенттік кәсіпкер Бәдіритдин Нышанқұловтың (осы сапардың бас демеушісі) бастауымен шебер ұйымдастырылып, рухани-мәдени демеушілік жасаған басқа да азаматтарға жұрт дән риза болды. Әсіресе, шымкенттік Хамрақұл Давранбеков, сайрамдық Тұрсынқожа Ханқожаев, түркістандық ақын Зейнолла Еркебалаев, Бабажан Якубов көңілді ән, би, өлең, көркемсөз оқу өнерлерімен көпшілікке шаттық, қуаныш сыйлады. Бұл азаматтарға қарсы алушылар мен сапарды ұйымдастырушылар тарапынан марапат жасалды.
Өзбекстан қалаларындағы достық шеруінде көпшілікпен бірге болып, таныстық, танымдық қызмет жасаған Ташкенттегі Қазақ мәдени орталығы басқарма бастығының орынбасары Хамза Хамрақұлов, Ташкент облыстық әкімдігінің жауапты қызметкері Бақытжан Полатов көптің көңілінен шықты.
Нұрмахан НАЗАРОВ,
Қазақстанның мәдениет қайраткері
Оңтүстік Қазақстан облысы