Әлем • 24 Тамыз, 2017

Естен кетпес Эллада елі

972 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Дүниенің дидарын танып-білуге құштар көшпелі халықтың ұрпағы екендігіміз бар, белгілі француз жазушысы Анатоль Францтан әлдеқалай есімізде қалған: «Саяхат кез келген нәрседен де көбірек үйретеді. Кейде бөтен бір жерлерде өткізген бір күнің үйдегі он жылыңнан да көп нәрсені береді» деген пікірі де ойда, қысқасы, Батыс өркениетінің бастауы саналатын ежелгі Эллада – бүгінгі Грек Республикасына биыл біздің де жолымыз түсті.

Естен кетпес Эллада елі

Астана мен Афины қалаларының арасында әзірге әуе қатынасы жолға қойыл­маған. Алайда Грекияның турис­тік компаниясының ұшағы жолаушыларды елордамыз Астанадан бес сағатқа жетер-жетпес уақытта Маке­дония өлкесінің орталығы, осы елдің Афи­ныдан кейінгі екінші үлкен қаласы – Салоникидің әуежайына топ еткізе қояды. Одан әрі туристердің аяқ-қол­дарын жерге тигізбей, Эгей теңі­зінің жа­ғалауындағы ірілі-ұсақты сансыз қонақүйлер мен демалыс орындарына ала жөнеледі. Келушілер қонақ үйлеріне барар жолда-ақ автобустағы телеэкран ар­қылы осы елдегі туризмге қатысты бір­қатар қызықты ақпараттарға қанығып үлгереді. 

Халкидикидегі Кассандра түбегіндегі біз келіп түскен Agua Mare деп аталатын шағын ғана жекеменшік отельдің иесі Мария ханым келушілерді құдаларындай жадырай қарсы алып, кетерінде қызы екеуі әрқайсысын құшағына қыса қош­тасып, шығарып салды. «Тағы да келі­ңіздер!» дегенді қайталап айтуды да ұмыт­пайды. Біз өзіміз келмесек те, оның пейілді қызметін көрші-қолаңға, айнала-төңірегімізге жаятынымызды жақсы біледі. Мария ханымның келушілерге ерекше қонақжайлылық танытып тұрғаны сондықтан. Қызметіңе келуші риза болсын десең, иманды келіндей иіле қызмет етуге тиістісің. Сонда шаруаң да ілгерілейді, қалтаң да қалыңдай түседі. 

11 миллионнан астам Грекия хал­қының 93%-ы жергілікті ұлт өкілдері саналады екен. Сол гректердің де бес мил­лионға жуығы қазақтар сияқты шет елдерде тұратын көрінеді. 

Табиғаты көз тартарлық көркем, тау-тасы көп, аралдарға да бай, жерінің басым бөлігінің жағалаулары күндіз-түні теңіз толқындары шайып жататын, Балқан түбегінің оңтүстігіндегі Грекия расында да тамашалауға да, там­сануға да, алаңсыз тынығуға да әб­ден лайықты ел. Қиялдан туған құ­дайлар туралы таңғажайып аңыз-әпса­налардың, тұңғыш демократияның, ежелгі кемеңгер философтардың, қазір­ге дейін арқауы үзілмей келе жат­қан олимпиялық ойындардың отаны – Гре­кияны көру, эллиндердің көне мәде­ниетімен, өнерімен, қалаларымен танысу, сондағы бағзы замандардан бері келе жатқан тап-тұйнақтай, тап-тар көшелерін аралау ешкімді де енжар қалдыра қоймас. 

Аумағы өзіміздің Павлодар облы­сы­нан сәл ғана үлкен бұл елдің әр пұш­пағы тұнып тұрған тарих, әр қаласы толып тұрған табиғи жәдігерлер мен ес­керткіштер. Әрине, алақандай Гре­кияны апталар бойы асықпай араламай, бір келген сапарда, небәрі оншақты күнде толықтай танып, білдім деу тым астамшылық болар еді. Ал бұл елдің тұңғиық тарихы мен мәдениетіне, саяси және экономикалық ахуалдарына тереңдей түссең, әңгіменің арқауы тіпті ұзап кетері анық. Бірақ Эл­ладамен атүсті танысудың әсерінің өзі де көпке дейін кісінің көкейінен кетпей қоюы ғажап емес дер едік.

Мәселен, бір ғана – Афиныдағы пат­шалар мекені болған Акропольге шы­ғып (қазақша мағынасы – жоғарғы қала), ондағы көне Парфенон храмының бүгінгі қаңқасын көрудің өзі неге тұ­рады?! Жол бастаушының: «Ал енді бір сәтке көздеріңізді жұмып тұрып, бағ­зы бір замандарда тап осы жерге Ар­химед, Аристотель, Сократ, Геро­дот, Пифагор, Гомер, Гиппократ, Алек­сандр Македонский сияқты гректің ұлы тұлғаларының табандары тигенін, осында жүріп-тұрғанын көз алдарыңызға елестетіңіздерші?!» деген сөздерінің өзі туристерді қандай әсерге бөлейтінін айт­­­­саңызшы! Ал осы сықылды таңдан­ды­ратын, ойға бөлейтін көне тарихи ескерткіштер эллиндер елінде қаншама десеңізші! 

Грекияда тарихи ескерткіштер жөн­делгені болмаса, толықтай қалпына кел­тірілмейді дегенді естідік. Сондай-ақ олардың бұдан әрі жойылып кетуіне де жол берілмейді. Олар жергілікті ха­лыққа, миллиондаған келуші турис­терге осы қалпында құнды да әсерлі. Сондықтан ел астанасының орталығында сырты қоршалып қойылған ойдым-ойдым шұңқырларды кезіктіресің. Оған үңілген жандар гректердің көп­ғасырлық тарихының сыр-сипатынан хабардар бола түседі. Грек Парламенті ғимаратының алды­нан өтетін метро стансасының кү­ту­шілер залындағы сөрелерге осындай қазба жұмыстары кезінде табылған көне жәдігерлер қойыл­ған. Әрі-бері өтіп жатқан жолаушы­лар олармен арнайы музейге бармай-ақ таныса алады. Әсерлі-ақ! 

Әрине, дүниенің түкпір-түкпірінен туристерді Грекияға сабылтып тұрған Грекияның терең тарихы мен таңдай қақтырарлық ежелгі ескерткіштері ғана емес, оның жерінің көп бөлігін қоршап жатқан теңіздердің мәрмардай мөлдір суы екені де даусыз. Бізді ертіп жүріп елін таныстырған экскурсия жүргізуші Полина ханымның: «Көкте Күн, жерде теңіздер аман тұрса, гректердің жағдайы тым жаман бола қоймас» деп сөйлеуінің төркінінде осындай сыр жатса керек.

Жалпы, сондайлары тап болды ма, әлде мәселе іріктелуінде ме, бізді экскурсия жүргізушілердің білімдарлығы тәнті еткенін айта кеткен жөн. Олар белгілі бір тақырыптың аясымен шектеліп қалмай, туристерге грек халқының тарихы мен мәдениетіне қоса, ұлттың салт-дәстүріне де байланысты қызықты мәліметтер беріп үлгереді. Мәселен, гректер отбасылық құн­дылықтарды қатты қастерлейтін халық екен. Оларда қартайған әке-ше­шесін қарттар үйіне өткізіп жіберу дегенді білмейтін көрінеді. Үйлену тойы­на шақыру хатта қонақтың жас жұбай­ларға не әкелуі керек екендігі нақты көр­сетіледі. Сондықтан той тар­қаған соң қонақтар біздің қазақтар сияқ­ты, жиналып қалған басы артық заттарды қайда жіберерін білмей бастары қатпайды. Ақша сыйлағысы келетіндер банк есебінің шоты көрсетіледі екен. Кім білсін, біздің тойшыл қазақ үшін заман ағымына қарай бұл да бір көкейге түйіп қоятын жайт шығар. 
Грекия ауа райының қысы жылы, жазы ыстық келетіні белгілі. Мәселен, біздің жолымыз түскен Халкидики түбегін қоршап жатқан Эгей теңізінің жағасында шомылу маусымы мамырда басталып, қазанға дейін созылатын көрінеді. Жыл сайын Грекияға 20 миллионнан астам туристер келіп, теңіздің тұзды суына шомылып, күн көзіне қыздырынып, денсаулықтарын шыңдап қайтады. Бұл келушілердің елдің өз халқының санынан екі еседен астам көп деген сөз. 

Біз болған Халкидики мүйісінде Кас­сандра, Ситония және Афон түбек­тері деп аталатын «үш саусақ» Эгей теңізіне сұғына еніп жатыр. Бірақ осы­лардың ішіндегі абаттандырылуы жағынан ең жетілдіріліп, көш бас­тап тұрғаны Кассандра түбегі. Неа Калликратия елді мекенінің теңіз жақ жиегін бойлай ұзыннан-ұзақ жағажайлар созылып жатыр. Әрине, оларға қаз-қатар етіп тізілдіре жиналмалы жеңіл кереуеттер мен күнқағар-шатырлар орнатылған. Жағалаудың құмын арнайы бөлінген қызметшілер күн сайын таңертең мұқият тазалап, тегістеп отырады. Жеңіл трактор жетісіне бір рет тіркемесімен жүріп өтіп, жағажайдың құмын қопсытып та қояды. Бұл құмның тазарып, әрі арасына ауа кіріп, қыза түсуі үшін жасалатын болса керек. Теңізде серуендеймін, жағалаудан алыстау барып шомылып, қармақпен балық ұстаймын деушілерге шағын кеменің де қызметі дайын. 
Алыстан аз күнге демалу үшін арнайы келген туристер, әрине, қалтасын тым қымтай бермейді. Грекия ІЖӨ-нің 15 пайызынан астамын құрайтын туризм­нен түсетін табыс осылай құра­лады. Әрине, сонымен бірге мұның бәрі Грекия үшін қосымша жұмыс орындары. Аудар­ма­шылар мен даяшылардың арасынан бірен-саран украиндық, ресейлік, өзіміздің ақтаулық жастарды да ұшыраттық. Жазғы демалыс кезінде осында келіп, азды-көпті табыс тауып қайтатын көрінеді. 

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бес айға созылатын шомылу маусымы аяқталғаннан кейін мұнда келесі көктемге дейін негізінен мүлгіген ты­ныш­тық орнайды. Өйткені, мынау үй иелерінің көпшілігі негізінен жақын маңдағы үлкен елді мекендер мен қала­ларда, тіпті, Салоники немесе Афины мегаполистерінде тұрады. Жазда осында келіп, үйлерін демалушылар мен турис­терге жалға беріп, пайда табады.
– Қонақ үйлерде тұру қалтаның соры ғой, жеке үйлерді жалдау әлдеқайда арзан, – дейді өздері. Онысы рас та шығар, бәлкім. 

Туристік бизнесте ұсақ-түйек деген болмайды. Грекияда Зевс, Посейдон, Афродита құдайлардың шағын мүсін­дерінен бастап, сан алуан магниттерге дейін осы елдің тарихынан хабар беретін мыңдаған кәдесый түрлері бар. Сатып алушыға соны салып беретін ірілі-ұсақты полиэтилен қалташаларға да Эллада елінің жергілікті демалыс аймақтарының картасы немесе табиғат көріністері басыл­ған. Көрер көзге ұсақ-түйек, сонымен бірге, әрине, тегін жарнама! 

Гректердің ас мәзірі бай әрі дәмді. Сондай-ақ мұнда гректің баршаға жақсы таныс салатынан, түріктің шоурмасынан, немістің гамбургерінен бастап, сан алуан ұлттардың ас-ауқат түрлерін табуға болады. Балық тағамдары да мол. Бірақ, барлық Еуропа елдеріндегі сияқ­ты, мұнда да сұйық ыстық ас түрлері аз екені аңға­рылады. Бар болса да, ол сорпа-сусындары ботқаға ұқсас қоюлау болып келеді. 

БАҚ арқылы Грекияның бірнеше жылдан бері ауыр экономикалық дағдарысты бастан өткеріп жатқандығынан біз де азды-көпті хабардармыз. Бір кездері әлемнің дамыған елдерінің қатарында болған Грекия бүгінде ол санаттан шы­ғып қалған. Бұл елдің сыртқы қарызы өте көп. Кейбір деректерге қарағанда, ол 321 млрдтан астам еуроны құрап, ел­дің ІЖӨ-нің екі деңгейіне жуықтаған. Жастар арасында жұмыссыздық басым. Өздері бұл тіпті 30 пайыздан жоғары дегенді айтады. Жұмыс іздеп өзге елдерге кетушілер көп көрінеді. 
Дағдарыс жылдарында зейнет­кер­лердің зейнетақысы 700 еуродан 400 еу­роға дейін қысқартылыпты. Өзгесін былай қойғанда, бұл елде шағын ғана бір батон нан жарты еуродан жоғары, жарты литр айран 1 еуроның үстінде, ал 95 маркалы бір литр жанармай 1,5 еуроға жуық тұратынын ескерсек, бұл ра­сында да болмашы сома екеніне көз жет­­кіземіз. «Осы дағдарыс жылдарында кейбір зейнеткерлердің қоқыс жәшік­терін ақтарып, қалған-құтқан тамақ іздеп кеткенін көзіміз көрді. Мұндайда ерлі-зайыпты зейнеткерлер бірге тұр­са жеңіл­деу екен. Өйткені, екеуінің зей­нет­ақы­сын біріктірсе, әйтеуір бір күн­дерін көре­ді ғой, әсіресе жалғызілікті зейнет­кер­­дің жағдайы тым қиын болды» дегенді естідік.

Грек елінде ерлер де, әйелдер де зейнет­керлікке 67 жастан шығады. Жұртшылық арасында Парламент адам­дардың еңбек жасын бұдан да ұзар­туы мүмкін деген үрей бар. Жалпы, қолайлы табиғаттың әсері ме, әлде халықтың әл-ауқатының бұрын жақсы болып келгендігінен бе, әйтеуір, Гре­кияда адамдардың орташа өмір сүру жасы ұзақ – 81 жастың үстінде. 

Біз пікірлескен кейбір жандар дағда­рыстың себептерін Грекияның Еуро­одаққа мүше болуынан көреді. Ай­туын­ша, осы ұйымға мүше болғаннан кейін, мәселен, өндірісті мамандандыру мақсатымен бе, әлде басқа себеппен бе, Грекияда жүзімдік алқаптар шабылып тас­талыпты. Әрине, бұл талайларды кәсібі мен несібесінен айырған.

Сөйте тұра, гректер жалақысы төмен жұмысқа барғысы келмейтін көрінеді. Мәселен, қыркүйекте Грекияда ел эконо­микасының маңызды саласы болып табылатын зәйтүн ағашының жемісі піседі. Елдегі оның алқаптарының аумағы мол, жинап алу да оңай емес. Ал оны жи­на­суға көрші елден болгарлар келеді екен.

– Сонда немене, өздеріңізде жұмыс қолдары жетіспей ме? – деп сұрадық алғашында мән-жайдан хабарсыз біз.

– Жоқ, гректер күніне 30 еуроға жұмыс істемейді... – деген жауап естідік ол сауалымызға. 

Әрине, елдегі экономикалық ахуал туралы басқаша пікірдегі адамдар да жоқ емес. 

– Кейбіреулердің жыланып айтқан сөздеріне көп сене бермеңіздер. Халық­тың жағдайы жаман емес. Бәрінің де жақсы үй-жайы, қос-қостан жеңіл машинасы бар, – дейді Ахиллес есімді жүргізуші азамат. 

Өзі КСРО тараған кезде Грузиядан көшіп келіпті. Жалпы, ТМД елдерінен 400 мыңдай грек оралған. Сол кезде үкімет оларға жақсы көмектескен көрінеді. Ай­­туынша, сол берілген жәр­дем­ақыға орал­ғандардың көп қабатты үйден пәтер ғана емес, үйдің тұтас қабатын сатып алған­дары да болыпты.

– Сендердің президенттерің жақсы. Естіп жатырмыз, Қазақстан жақсы өр­кен­деп келеді. Осында қыдырып жүрген­дерің де содан ғой. Ал біздің жемқор билігіміз, міне, елді қарызға батырып бітірді... – деп қынжылыс танытты енді бірі.

Солай. Қай елде де қанша адам болса, соншама пікір болатыны белгілі.

Афинының орталық алаңында дабырлай сөйлесіп келе жатқанымызды естіп, бір грек: 

– Қазақстаннан келдіңіздер ме? – деп таза қазақша амандасып, жабыса кетті. – Жүріңдер, мен сіздерге жақсы құндыз тон сатылатын дүкенді көрсетейін?

– Тон сатып алғалы жүрген жоқпыз, уақытымыз да тапшы. Өзіңіз қазақшаны ұмытпапсыз ғой?

– Неге ұмытайын, мен Талдықорғанда көп жыл тұрғанмын.

Тон сататын дүкенге бармайтынымыз­ды білген соң, «Бұдан былай сен­дердің бесбармақтарыңды жемей­мін!» – деп, ол бізбен наздана, бірақ күле қош­тасты. Тарихи отанына оралған жерлес­теріміздің қайсыбірі, міне, осылай күн көріп жүрген жайы бар көрінеді.

Батыс Еуропаның көп елдеріндегі сияқты, Грекияның жолдары да айнадай тегіс. Салоники мен Афинының арасын жал­ғайтын атақты №75 жолмен жүріп өттік. Автобуспен жүргенде алдыңдағы шайың шайқалмайды. Иә, жылдамдық та қатаң қадағаланады. Жолдар тау жоталарын туннельдер арқылы тесіп, тегістеліп, қауіпсіздендірілген. Салоники мен Кастория қаласының арасын тіпті 17 туннель жалғайды екен. Жолсапар барысында ұзындығы 6 шақырымға жуық туннельден де өттік. Бұл шағын бір қаланың метросының жолы ғой, не деген еңбек десеңізші! 

«Театр киім ілгіштен басталады» деген сөз бар ғой. Біздің Грекияға саяхат барысында көз жеткізгеніміз – туризм күре жолдардың жол бойындағы авто­бекеттердегі дәретханалардың та­за­лығынан басталуы керек сияқты. Грекиядағы жол-жөнекей кездесетін авто­­бе­кеттердегі кафе­лердің дастархан мәзірінің байлығы мен сапасының қаладағылардан айыр­машылығы жоқ. Мұнда да дәмді әрі сапалы. Дәрет­ханалары мұнтаздай таза. Қол сүртетін қағаз сүлгі де үзілмейді, желдетіп кеп­тіргіш те мүлтіксіз жұмыс істеп тұрады. 

Біздің елімізде де қазір Батыс Еуропа – Батыс Қытай күре жолынан бас­тап, Астана мен өңір орталықтарын жалғас­тыратын сапалы жолдар зор қарқынмен салынуда. Жол жақсарған сайын жүргін­шілер қарасы артып, туризмнің көкжиегі кеңи беретіні сөзсіз. Сондайда алдымен ескеретін жайттардың бірі осы тазалық мәселесі болуы керек-ақ. Туризмді да­мыт­­қымыз келсе, әрине. Әйтпесе, бізде әсі­ресе аудан орталықтарында, ауыл­дық жерлерде осы орайда ұялатын тұс­та­рымыз көп екені ешкімге де жасырын емес. 

Грекияда сондай-ақ баламалы қуат көз­дерін пайдалануда да біраз ілгері­леушіліктің бар екенін байқадық. Әрине, Францияның, Германияның деңгейімен салыстырғанда әлі төмен. Дегенмен, көптеген жеке үйлердің төбесіне су жы­лыту үшін күн сәулесінен қуат алатын шағын панельдер мен желдің күшімен айналатын жабдықтар орнатылыпты. Олар экология үшін де пайдалы, отбасының бюджетіне де демеу. Сондай-ақ далалық өңірлерде де едәуір беткейлерді алып жатқан күн сәулесімен қуаттанатын па­нельді алқаптар мен желдің күшімен жұ­мыс істейтін қалақты мұнаралар менмұн­далайды. Шіркін, әр үй осындай шағын қондырғыларды орнатып алса, біздің еліміздің әсіресе оңтүстік өңір­лерінің халқы ала жаздай ошақтарына от жақ­пауына болар еді-ау деп ойлап қоясың. 

...Таяуда ғана Қазақстанға келіп, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесімен танысқан Грекияның Премьер-министрі Алексис Ципрас мырза өз елінің бес жылға созылған дағдарыстан шыққанын мәлімдеді. Әрине, біз достас грек халқы үшін солай болуына шын көңілден тілектеспіз. Адамзат өркениетіндегі алатын орны үлкен, бейбіт те берекелі грек халқы жақсы өмір, жайлы тіршілікке әбден лайық! Сондықтан осы аз күндерде грек халқының өмірінен көбірек хабардар әрі тілектес болып үлгерген біз премьер-министрдің ол сөзіне атамыз қазақтың салтымен «Аузыңа май!» демекпіз. 

Әбдімүтәл ӘЛІБЕКОВ