30 Тамыз, 2017

Үкімет бес жылға болжам жасады

1043 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері еліміздің экономикалық белсенділігі жақсарған. Мәселен, өткен 7 айдағы ІЖӨ өсімі 4 пайызды құрады. Ал жыл қорытындысы бойын­ша экономика өсімі 3,4 пайыз болады деп болжанып отыр. Бұл туралы кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың Төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтылды.

 

Үкімет бес жылға болжам жасады

Үкімет отырысында 2018-2022 жыл­дарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамдары мен негізгі ба­сым­дықтары қа­рал­ды. Сонымен қатар, 2018-2020 жылдарға арналған респуб­ли­калық бюджет жобасы қабыл­данды. Әлеуметтік-экономикалық даму бол­жамдары жөнінде Ұлттық экономика министрі Ти­мур Сүлейменов баян­да­ды. Министр бұл тұжырымдама «Қазақ­стан-2050» Страте­гия­сын­да, 30 озық елдің қатарына кіру тұжырымдамасында, бес инс­титуттық реформада, сон­дай-ақ, Қазақстанның үшінші жаң­ғыруында көрсетілген мақсаттар мен міндеттерді іске асыру үшін әзірленгенін мәлімдеді. 

Министрдің мәліметінше, тұ­жы­рым­дамада әлемдік тауар нарықтарындағы ахуалдың тұрақ­тылығына баса назар ауда­рылған. Ағымдағы жылғы жеті айда мұнайдың бағасы бір барреліне 51,7 АҚШ долларын құ­рады, ал 2016 жылы 44 АҚШ доллары болған. 2017 жылға арналған консенсус-болжамға сәйкес, мұнай бағасы 53,5 АҚШ доллары, 2018 жылға 55,3 АҚШ доллары деңгейінде болжануда. Осы ретте ішкі және сыртқы параметрлердің өзгерістеріне байланыс­ты Қазақстан экономикасы дамуының ықтимал үш «сценарийі» қаралған. Мәселен, оптимистік «сценарий» 2018-2022 жылдары мұнай бағасының бір барреліне 55 АҚШ долларына дейін өсуін болжайды. Ал пессимистік «сценарий» бойынша баға бір барреліне 35 АҚШ долларына дейін төмендейді. 

Осылайша, 2018-2022 жыл­дар­ға арналған әлеуметтік-эконо­ми­калық даму болжамы мен 2018-2020 жылдарға ар­налған бюджет­тік параметрлерді қалып­тас­­ты­рудың негізіне мұнайдың бір бар­реліне консервативті бағасы 45 АҚШ долларымен базалық «сценарий» алынған. 
Сонымен, тұжырымдамада көр­се­тілген болжамға сүйенсек, 2018 жылы ІЖӨ нақты өсімі 3,1 пайыз деңгейінде болжанған, ал 2022 жылы 4,2 пайызға дейін өсім күтілуде. ІЖӨ өсімінің орташа жылдық қарқыны алдағы кезеңде 3,7 пайызды құрайды. Атаулы ІЖӨ алдағы жылы 55,9 трлн теңгеден 2022 жылы 75,9 трлн теңгеге дейін өседі. Халықтың жан басына шаққандағы ІЖӨ 2018 жылы 9 мың долларды, 2022 жылы 11,700 долларды құрайды деп көзделген. 

Болжамға сәйкес, мемлекеттік ин­­дус­триялық-инновациялық да­му бағ­дарламасы жобаларын енгізу, «Нұрлы жол» және «Нұр­лы жер», АӨК-ті дамыту бағ­дарламаларын іске асыруды жал­ғастыру, сондай-ақ, Үшінші жаң­ғыртуды іске асыру бойынша жобалық басқаруды енгізудің арқасында өңдеу өнеркәсібінде 4,2 пайыз деңгейінде, ауыл шаруашылығында – 5,7 пайыз, құ­рылыс саласында – 4,0 пайыз, кө­лік саласында – 5,1 пайыз және саудада 3,5 пайыз көлемінде өсім­нің жоғары қарқыны орын алатыны айтылды.

Сондай-ақ, Ұлттық банк 2018 жылы 5-7 пайыз аралығында, 2019 жылы 4-6 пайыз аралығында жә­не 2020-2022 жылдары 3-4 пайыз төмендету арқылы жыл­дық инфляцияның мақсатты дәлі­зін сақтаған. Жұмыссыздық дең­гейі 2018 жылы 4,9 пайыздан 2022 жылы 4,7 пайызға дейін қыс­қармақ. 
Өсім параметрлеріне қол жет­кізу үшін экономикалық сая­сат­тың мак­роэкономикалық тұ­рақ­ты­лықпен қам­тамасыз ету, же­дел­д­е­тілген техно­ло­гия­лық жаң­ғыр­ту, бизнес ортаны түбегейлі жақ­­сарту мен кеңейту, адам капи­­та­лының сапасын жақсарту, инс­­титуттық қайта құру сияқты не­гізгі бағыттарына басымдық беріледі. 

Үкімет отырысында, сондай-ақ, Қаржы министрі Бақыт Сұл­танов «2018-2020 жылдарға арнал­ған республикалық бюджет туралы» заңның негізгі пара­метрлерін таныстырды. Минис­тр­дің мәлімдеуінше, жоба­ның негізгі сипаттамалары Жаңа бюджет саясаты тұжы­рымдамасына және 2022 жылға дейінгі әлеуметтік-экономи­калық даму болжамына сәйкес ай­қындалған. Мәселен, болжам­дардың кереғарлығына қара­мастан, бюджетке түсетін түсім­дер құры­лымы сапалық тұрғыдан өзгерген. 
Б.Сұлтановтың айтуынша, мұнайдан тыс түсімдер көлемі 2018 жылы 5 271,4 млрд теңгені құрайды, бұл биылғы жос­пардан 19,3 пайызға артық.

Өсімнің негізгі факторлары ретінде ел экономикасын жаңғырту, ішкі жә­не сыртқы макроэкономикалық жағ­дай­ды тұрақтандыру және салықтық әкім­шілендіруді жақсарту қарастырылып отыр. Б.Сұлтанов сонымен қатар бюджетке мұнай түсімдерінің көлемі биылғы жылмен салыстырғанда 1 901,3 млрд теңгеге төмендегенін жеткізді. Оған кепілдендірілген транс­фертті кезең-кезеңімен төмен­дету, Ұлттық қордан мақсатты транс­фертті тартудан бас тарту, сондай-ақ, мұнай бағасын бір баррелі үшін 50-ден 45 долларға дейін түзету нәтижесінде элек­тронды сауда алаңынан түсе­тін түсімдер көлемін азайту сияқ­ты факторлар әсер еткен. Со­нымен қатар министр шығын­дарға оңтайландыру жүргізіл­генін айтты, бұл тұста бюджет жобасы Үкімет алдына қойыл­ған барлық міндеттерді іске асы­руды қамтамасыз етеді. Мәлім­деуінше, республикалық бюджет шығындары 2018 жылы 9 217,9 млрд теңгені құрайды, бұл биылғы жоспардан 134,6 млрд теңгеге артық.

Шығындар құрылымында басым бөлігін немесе 44,5 пайызын әлеуметтік сектор шығындары құрайды, олар биылғы жылмен салыстырғанда 400 млрд тең­геден астамға өсті, деді министр. Мәселен, өсімнің негізгі құраушысы зейнетақы мен бала туғанда тағайындалатын жәрдемақы көлемін өсіру, оның ішінде ең төменгі күнкөріс дең­гейінің құрылымы мен зейнетақы тағайындау тәртібін қайта қа­рау нәтижесі болып табылады. 2018 жылы экономиканың нақты секторын дамытуға 1,4 трлн теңге қарастырылған. Биыл­ғы жылмен салыстырғанда шығындар көлемін төмендетуге екі негізгі фактор ықпал еткен. Яғни, бағдарламаны қаржы­лан­дыру көздерін Ұлттық қордың мақсатты трансфертінен мұнай­дан тыс кірістерге өзгерту, сон­дай-ақ, биылғы және алдағы жылғы бюджет қаражатын квази­мем­лекеттік секторлар субъекті­лерінің игеру болжамдары себеп болған. 
«Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыруды жалғастыруға 512,6 млрд теңге көлеміндегі шы­ғын­дар қарастырылған, оның ішінде 2018 жылға 243,3 млрд теңге деп болжанған. «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдар­ламасына 208,8 млрд теңге ба­ғыттау ұсынылады, оның ішін­де 125,2 млрд теңгесі 2018 жылға бағытталған. Агроөнер­кәсіптік кешенді дамыту бағдар­ламасы бойынша 2018 жылға қаржы қызметтерінің қолжетім­ділігін арттыру (субсидиялар), су шаруашылығы мен вете­ри­нарияны дамыту, фитосани­тарлық қауіпсіздікті қамтама­сыз ету шараларына 195 млрд теңге қарастырылған. Ал ин­дус­триялық-инно­ва­ция­лық даму мемлекеттік бағдарла­ма­сының екінші кезеңін іске асы­руға 232,9 млрд теңге сомасы көлеміндегі шығындар қарас­ты­рылған, оның 76,1 млрд теңгесі 2018 жылға есептелген. Сонымен қатар, көлік инфрақұрылымын дамытуға 2018 жылы 292,6 млрд теңге бағытталады. Мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен қауіп­сіз­дігін қамтамасыз етуге, қоғам­дық тәртіпті сақтауға және ішкі тұ­рақтылықты қолдауға жұмса­латын шығындар 2018 жылы 1 088,9 млрд теңгені құрайды. 
Үкімет мүшелері заң жобасын қол­дады. Құжат Парламент Мәжілісінің қа­рау­ына алдағы қыркүйек айында ұсы­нылады. 

Үкімет отырысының қорытын­ды­сында, сондай-ақ, Премьер-Министр 25 тамызда Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия қызметінің мәселелері бойынша өткен кеңесте жүктелген Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша нақты тапсырмалар бер­ді. Ал отырыс аяқталған соң Үкі­меттің баспасөз орталығында Мем­лекет басшысының «Қазақстан­ның үшінші жаңғыруы: жа­һандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауының «Макроэко­но­ми­калық тұрақтылық» үшінші басымдығын іске асыру барысы туралы брифинг өтті. Оған Ұлттық экономика министрі Ти­мур Сүлейменов пен Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов қатысып, тақырып төңірегінде тілшілер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Динара БІТІК, 
«Егемен Қазақстан»