Қазақстан • 31 Тамыз, 2017

Оралда Гранд-бал өтеді

354 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орал қаласында қайырымдылық мақсаттағы Гранд-бал осымен үшінші мәрте өткелі жатыр. 

Оралда Гранд-бал өтеді

БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізген жоба авторы Алпамыс Шаримовтың айтуынша, қайырымдылық балына қатысуға 50 жұп – яғни жүз жас іріктеліп алынады.

Іріктеуге жасы 18-29 аралығындағы кез келген жас мамандығына, кәсібіне қарамай қатыса алады. Кастингтен өткен жастар бір ай бойы дайындалады. Жас бишілер Астананың бас балетмейстері Досжан Табылдыдан да шеберлік сабағын алмақ.

- Біз қайырымдылық балын өткізумен шектелмейміз. Жоба аясында түрлі қайырымдылық шаралары өтеді. Мысалы, 30 қыркүйек күні дебютанттардың қатысуымен «Жүректен жүрекке» әлеуметтік шарасы ұйымдастырылады. Осы шара кезінде шалғайдағы ауылда тұратын әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға танымал эстрада жұлдыздары, тұлғалар арнайы сый-сияпат таратады. Биге қатысушы 100 адам кімге көмек берілетінін анықтайды. Сөйтіп, олардың мекенжайына «Қазпошта» АҚ арқылы тосын сый жібереміз. Екінші шара 30 қыркүйек-1 қазан күндері «Әр күнге махаббатпен» деген мотивациялық тренинг түрінде өткізіледі. Бұл шеберлік сыныбында танымал тұлғалар өмірлік тәжірибесімен, жетістікке жету тәжірибесімен бөлісетін болады. Қазір тренингке қатысатын тұлғалар тізімі бекітілді. Қазнетте танымал жұп Марлен мен Анель, мәнерлеп сырғанушы Денис Тен, журналист Ләйла Сұлтанқызы шараның құрметті қонағы болмақ, - дейді А.Шаримов.

Бұл айтулы шараға танымал эстрада жұлдыздары Димаш Құдайбергенов, Жанар Дұғалова, Кәмшат Жолдыбаева, Ренат Ғайсин, арнайы кеш қонағы «Еуровидение- 2011» жеңімпазы Эльдар Гасымов және басқа да өнер жұлдыздары келеді деп күтілуде. Шараға қатысуға ұсыныстар еліміздің өзге өңірлерінен және Ресей мен Қытай елдерінен түсіп жатыр екен.

Батыс Қазақстан облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы А.Сакошев бұл шараның облыс жастарын рухани қолдау, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету мақсатында дәстүрлі өткізіліп отырғанын айтады. Гранд-бал биылғы 2 қазанда өтеді.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»