18 Қазан, 2011

Қазақстан – астық державасы

436 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Әлемдегі ең мол астық экспорттаушы бес елдің қатарынан көрініп отырған еліміз тәуелсіздіктің жиырмасыншы жылында рекордтық өнімге қол жеткізді. Бұл – қарышты дамыған ел экономикасының кезекті жеңісі Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Табиғат-ана ел халқына үлкен сый жасады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларына келіп түскен мәліметтер бойынша елімізде 14 қазан күні егістік алқаптардың 95,7 пайызы жиналып, одан бункерлік салмақ бойынша 26,7 миллион тонна астық алынған. Бұл тәуелсіздік жылдарынан бергі рекордтық көрсеткіш. Ауыл шаруашылығы министрлігі өзінің соңғы хабарламалары бойынша таза салмақпен алғанда 22 миллион тонна астық жиналады деп сақтықпен болжам жасағанына қарамастан, биылғы жылды ерекше астықты жыл деп айтуға болады. Мұнда, әрине, диқандарымыздың маңдай терімен қатар, еліміздің егіншілік саласында қолға алынған реформалық шаралардың маңызы зор. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағынан мемлекеттің нақ осы астық өндірісін заман талабына сай ұйымдастыру ісін қолға алуы өз нәтижесін берді. Қазақстан қазіргі күні әлем бойынша ең мол астық экспорттаушы 5 елдің қатарынан бой көрсетіп отырса, ұн экспорты жөнінен бірнеше жыл бойына бірінші орында келеді. Астық пен ұн экспортының географиясы да ұлғая түсуде. Оны дүние жүзінің 40-қа жуық елі тұтынады. Сөйтіп, еліміздің сапалы астығы қазірдің өзінде әлем таныған өнім ретінде ел брендіне айналып отыр. Дерек пен дәйек Республикамыз бойынша ауылшаруашылық жерлері­нің жалпы ауданы 222,6 миллион гектарды құраса, мұның 24 миллион гектарын егістік алқаптар алып жа­тыр. Қалғаны шабындық (5 миллион гектар), жайы­лым­дық (189 миллион гектар) жерлер. Қазіргі күні осы жерлердің шамамен алғанда 90 миллион гектарға жуығы пай­да­ланылуда. *** Мемлекет елімізде ауыл шаруашылығы саласын­да  реформалық шаралар басталған тұста бірінші кезекте астық өндірісін дамытуға ерекше мән берді. «Астық туралы» Заң қабылданып, оны мемлекеттік қолдау шаралары жүйелі жолға түсті. Астық өндірісін дамыту, еліміздің осы саладағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, астық­тың мемлекеттік қорын жасақтап, шаруалардың қолындағы артық астықты сатып алу және оны экспортқа шығару ісін жүйелі ұйымдастыру үшін 1995 жылы Үкіметтің осы саладағы басты операторы болып табылатын «Азық-түлік келісім-шарт кор­пора­ция­сы» акционерлік қоғамы құрылған болатын. Корпорация сонымен қатар, көк­тем­гі егіс кезінде шаруаларға болашақ өнім есебінен жеңілдікті несиелер беру жүйесін де іске қосып, көктемгі егіс, күзгі жиын-терін науқан­дарын жүргізу ісін қаржыландыру мәселесінде де өзіндік үлес қосып келеді. Үстіміздегі жылы ғана осы мақсатқа 78 миллиард теңге бюджет қаражаты бөлінді. *** Елімізде астық экспортын дамыту мақсатында бір­қатар серпінді жобалар жүзеге асты және жүзеге асу үстінде. Солардың қатарында Иран Ислам Республикасының Әмірабад қаласындағы порт ау­ма­ғында салынған еліміздің астық терминалын айтуға бо­ла­ды. Бұл терминал жылына 500-700 мың тоннаға дейінгі астықты қабылдап және өткізіп отырады. Со­нымен қатар, дәл осындай астық тер­миналы Қытай­мен шекарадағы Достық-Алашаңқай стансасы аумағында да салыну үстінде. Ол жылына 500 мың тоннадан 1 миллион тоннаға дейін астық экспорттауға жәрдемдеседі. Қазіргі күні елімізде астықты тереңдетіп өңдеу мәселесін жолға қою үшін Солтүстік Қазақстан облысында осы мақсаттағы зауыт пен биоотын өндірісі зауытының құрылыстары қолға алынды. *** Ауыл шаруашылығы министрлі­гінің үстіміздегі жылдың 11 қаң­тарындағы мәліметі бойынша, елімізде 115,2 мың трактор, 47,1 мың комбайн, 15,1 мың ору мәшинесі, 91,6 мың тұқымсепкіш пен басқа да ауылшаруашылық техни­калары бар. Шаруаларды тиісті техникалармен жеңілдікті негізде мемлекет көмегі арқылы қамтамасыз ету мақсатында 1999 жылы еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі аясында «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы құрылған болатын. Оның қызметін пайдаланушылар саны 2000 жылғы 61 қарыз алушыдан 2010 жылы 3 128 қарыз алушыға дейін, яғни осы жылдар аралығында 48,1 есе өсті. Бұл құрылым қазіргі күні еліміз­дің орта және ірі шаруа­шылықтары­ның 43,8 пайызын, ірі ауылшаруа­шы­лық кәсіпорындарының 21,8 пайы­зын өз қызметімен қамтып отыр. Олармен жасасқан келісім-шарттардың жалпы саны 2000 жылғы 68 бірліктен 2010 жылы 6051 бірлікке дейін, яғни 88,9 есе өсті. Мұның өзі мемлекеттік мұн­дай қолдау түрі егіншілік, астық өндірі­сінде өте пайдалы болғандығын көрсетеді. *** Халықаралық сарапшылардың бол­жауынша, алдымыздағы 10 жылда сала бойынша көшбасшы болып табы­ла­тын АҚШ-та астық өндірісінің көлемі мен оның экспорты сәл ғана өсетін болса, Ресей, Украина және Қазақ­станда бұл көрсеткіш 50 пайызға дейін ұлғайып, жылына 50 миллион тоннаны құрайтын болады. Сөйтіп, АҚШ өзінің көшбасшылығын осы үш елге беруге мәжбүр болады. Сарапшылар Қазақстандағы астық өндірісінің дамуынан ерекше үміт күтіп отыр. Олардың болжа­мын­ша, мұнда астық экспортының көлемін 2005-2010 жылдардағы көр­сеткішпен салыстырғанда, алдағы 10 жылда екі есе арттырудың мүм­кіндіктері бар.   Сөз бен істің бірлігі Биылғы ауа райы диқан қауымын еркелете қойған жоқ. Көктем, жаз айлары ылғалды келіп, дәнді дақыл­дардың пісуін едәуір кешеуілдетті. Күзгі орақ аса бір күрделі жағдайда жүрді. Соған қарамастан, Қызылжар өңірінің диқандары бұрын-соңды болмаған астық өсіріп, қамбаға 8 миллион тоннадан астам дән құйды. Гектар берекелілігі 20 центнерден ай­налды. Тәуелсіздігіміздің мерейлі мерекесі қарсаңында жиналған рекорд­ты астық аграрлық салаға жасалып отырған мемлекет қамқорлығының нә­тижесі екені ешқандай күмән ту­ғыз­байды. Зор қаржылық демеудің арқасында толағай табыстардың, жо­­ғары жетістіктердің іргетасы қа­ла­­нып, нысаналы жұмыстар арқауына айналып отыр. Еңселі биіктіктерді бағындырудағы агрофирма құрылым­дарының тәжірибесі де ауыз тол­тырып айтарлықтай. Жекелеген серіктестіктер бойынша гектар берекелілігі 30-35 центнерге жетіп, жұлдыздары жарқы­рай жанды. Ер еңбегінің еленіп, зор құрметке бөленуі осы жыл­дың ғана еншісі десек, қателесеміз. Кең-байтақ теріскей өлкесін дүбірлі еңбекке бөлеп, астықтан тау тұр­ғыз­ған қажыр-қайрат, жанкешті жұмыс бетбұрысты белестерге бастап, бәсе­кеге төтеп бере алаты­ны­мызды анық байқатты. Елбасы ерекше назар аударып отырған агроөнеркәсіп кешені өркендеудің жаңа сатысына көтеріліп, құлашын кеңге жайды. Кешенді бағдарламалар мен озық жоба­ларды жүзеге асырудың нәтижесінде 3,9 миллион гектар алқаптың егінін дестелеп, бастыруға 10 мыңға жуық жоғары өнімді техникалар атсалысты. Саланы интенсивтендіру мақ­сатын­да техникалық жарақтандыру жал­ғасын тауып келеді. Былтырдың өзінде ғана ауылшаруашылық құ­рылымдары 8,5 миллиард теңгенің осы заманғы техникаларын сатып алды. Еліміз бойынша астық өн­дірісінің 25-28 пайыздық үлесін құрайтын өлкеде соңғы жылдары дәнді дақылдар алқабы 19 пайызға ұлғайды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев егін орағы қарсаңында облысымызға жұмыс сапарымен келгенде рекордты астық жиналатынына үлкен сенім білдірген болатын. Міне, аграрлық сала қызметкерлері Елба­сына берген серттерінде тұрып, мерекелі жылды молшылық жорығына ұластырды. Астықты экспортқа шы­ға­ратын 5 елдің қатарында болу міндетін қойған Президенттің тапсыр­ма­сына орай нақты іспен, қажырлы еңбекпен жауап берді. Қызылжар өңірінің қадамы қарышты бола береріне бүгінгі толайым табыстар куә. Димаш ТАЛАСБАЕВ, Солтүстік Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары. Солтүстік Қазақстан облысы.  

Рыздықтың ыстық демі

Диқан қауым әр жылды жақсы ниет, тәтті үміттермен бастайды. Ал, биылғы мерекелі жылдың берекесін биіктету баршамыздың ұлық мұра­ты­мыз са­налғаны анық. Бар мүмкін­шілік, ой-талаптарымыз, технология­лық жетістіктеріміз дархан даланың­ тынысын кеңітуге жұмсалды. Егіс­тіктің (165 мың гектар) 95 пайызы ыл­ғал үнемдеу технологиясымен өң­делгені, жыл ерекшелігіне қатысты сауатты көзқарастың қайтарымынан дәйек береді. Соңғы жылдары сатып алынған жоғары өнімділіктегі 40 дән себу кешенінің, 80 комбайнның алқап төсін­де еркін қалқыған көрінісі еш­қашан ұмытылмайтын әсерге бөлейді. Диқан қауым әр таңды күліп қарсы алып, алтын масақтың әніне ұйығанын сезіну де ғанибет. Дархан даланың мейір-ша­пағаты да молынан төгілді. Ауда­нымыз былтырғы көрсеткіштен 6 центнерге асып түсіп, гектар түсімділігін 15 центнерден айналдырып отыр. Соңғы ай­налымдардың берер байлығын есептемегенде, қазірдің өзінде 200 мың тоннадан астам астық бастырылды. Ортақ рекордымызға білікті басшылар И.Жан­ғоразов, А.Гусев, С.Калини­чен­коның жетекшілігіндегі шаруа­шы­лықтар айрықша үлес қосты. Қамбасы сайлы, көңілі жайлы ар­ша­лылықтар келесі жылдың қам-қаре­кетіне құлшына кірісіп кетті. Механи­затор­ларымыз жоспардағы 47,8 мың парлы алқаптың 17,2 мың гектарын бесінші ізбен өңдеп үлгер­ді. Жаппай сүдігер жыртылуда. Бұл молшылық дариясындағы ырыздық арнасының толассыз кеңи түсетінін айғақтайды. Ермек МАРЖЫҚБАЕВ,  Аршалы ауданының әкімі. Ақмола облысы.   Мерекелі жылғы береке Біздің шаруашылық бітік шыққан егінді жауын-шашынға ұрындырмай, алқапқа дән қалдырмай, қамбаға құйып алды. Гектарынан 25-27 центнерге дейін алтын астық жинадық. Бұл – Қостанай облысының оңтүстік аудандары үшін тіпті, бұрын-соңды бітпеген астық! Мұндай көл-көсір бай­лық алдымен Табиғат-ананың жо­март­тығы десек, сонымен қатар, Ар­қа­­лық өңірі диқандарының соңғы жыл­­дары қолға алған технология­сы­ның да зор жемісі екені рас. Біздің шаруашылықтың егін алқабы қазір 40 мың гектарға жетті. Осы алқапты біз ең төменгі немесе өзіміз атайтын минималды технологиямен өңдейміз. Бұл тәсіл облысы­мыз­дағы астық өндірісінің аңызына ай­нал­ған Валентин Иванович Двуреченский насихаттап жүрген нөлдік немесе ылғал сақтау технологиясына жа­қын. Жерді қаншалықты өңдесе, күтсе, оған ғылым жетістіктері мен озық технологияны пайдаланса, диқан маңдай тері еш болмайтынын көрсетті. Кеңес одағы кезінде де мол астық алын­ған жылдар болды, бірақ ол егіс алқабының көлемі есебінен жүзеге аса­тын. Жерді аямай жыртатын едік. Ал қазір егіс алқабын көбейтпей, аз көлем­нен мол астық алу мүмкін болды. Тәуелсіздік алған жиырма жылдың ішінде біздер, диқандар қауымы ауыл шаруашылығының керемет алға басуы­­ның куәсі болып отырмыз. Бұ­рын Америка, Канада сияқты мұхиттың арғы бетіндегі алпауыт елдердің егін шаруа­­шылығынан тіпті хабарымыз болмай­тын еді. Ал қазір сол елдердің «КЕЙС» сияқты қуатты комбайндары астық алқабымызда жүйткіп жүр. Мен бас­қаратын «Алиби-Сенім» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде шетелдік өнімділігі жоғары 35 комбайн астық жинады. Комбайншылар кабина ішінде ақ жейде, джинсы шалбармен отырады. Осыдан жиырма жыл бұрын мұндай озық технология, озық техника түсіміз­ге де кірмеген еді. Міне, еркін елдің еңбек алаңы да озық өзге елдермен тай жарыстырар шамаға жетті. Қостанай облысының оңтүстік ау­да­ндарында өндірілген астықтың та­ғы бір ерекшелігі – оның қамыр­лы­лы­ғы жоғары. Мұндай астық на­рық­та да өтімді әрі бағасы да ұстамды. Өйт­кені, біз өндірген ас­тық­тан тарты­ла­тын ұнның да сапа­сы жоғары болады. Арқалық өңірін­де биылғы астықтың гектар айна­лы­мы орта есеппен 17 центнерден асып жығылды. Қамбаға 400 мың тоннаның сыртында алтын астық құйылды. Бұл – өткен жылғы астық­тан үш есе көп. Облыстың сол­түс­тік аудандарындағыдай қара топы­рақты емес, шөлейтті өңірде мұндай көрсеткіш бұрын-соңды болмаған! Тәуелсіздіктің жиырма жылдығын атап өтетін мерекелі жылы алтын астық елге осылай береке әкелді. Өн­дірісімен қатар, ауыл шаруа­шы­лығы да дамып келе жатқан Қазақ­станды ди­қандар қауымы, біздер наны мол ел жасай­мыз. Ал молшылық бола­шақ­қа деген сенімді арттырады. Иван ПОПОВИЧ, «Алиби-Сенім» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры. Қостанай облысы.

Беттерді дайындаған Сұңғат ӘЛІПБАЙ.