ЭКСПО-2017 • 01 Қыркүйек, 2017

Қала суреттерінде айрықша әсер бар

338 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіндегі Израиль павильонында суретші Регина Шафир «Urban Sketching» тақырыбында шеберлік сабағын өткізді.  

Қала суреттерінде айрықша әсер бар

Шабыттанған және Астанаға ғашық болған қылқалам шебері Қазақстандағы бірінші қауымдастықты ұйымдастырды. Оның негізгі мақсаты – суреттер арқылы фотоаппарат объективінен көру мүмкін емес солтүстік астананың бірегейлігі мен ерекше энергиясын тарату. 

«Urban Sketching» немесе қалалық көрініс – кез келген жердің жылдам суреттемесін салу өнері. Ол жай ғана суреттеме емес, суретшінің нысананы күрделі композиция­ларда қағазға жылдам бейнелеу сәтінде көруі, сондай-ақ, шығармашылық барысында келетін өз идеялары мен сезімдерін ескеруі. Бұл бағыттың бүкіл әлемде көптеген табынушылары бар. Алғашқы «Urban Sketchers» қауымдастығының негізін 2007 жылы белгілі суретші Габриэль Кампанарио қалады. Әлемде мұндай қауымдастықтар саны 60-қа жуық. Израильде – екеу, ал Қазақстанда осы күнге дейін бірде-бір қауымдастық болмаған.

Көрме аумағындағы шараға 40 кәсіби суретші мен өнерсүйер қауым қатысып, қалалық көріністер жасады. «Шындығында қала суреттерінің әмбебап әсер ету күші бар, ол бақылауға үйретеді. Біз тек заттарды ғана емес, ойларды да бейнелейтін боламыз. Бұл – сурет өнеріндегі ең бастысы», дейді израильдік суретші.