Акция шеңберінде әр жылдары оқу орындарын тәмамдаған түлектер туған мектептеріне көмек көрсетті. Мамыр айында өңіріміздегі акцияны өзі ашқан «Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченко Білім күні өзі тәмамдаған жалпы орта білім беру №39 мектебіне толықтай жаңа құрылғылармен жабдықталған, күрделі жөндеуден өткізілген музыка сыныбын тарту етті. Акцияны Илья Теренченконың сыныптасы Дамир Сүйінтаев қолдап, өз мектебіне мультимедиялық құрылғы мен EPSON проекторын сыйлады.
– Мен Павлодарда туып-өсіп, сіздердің мектептеріңізді бітірдім. Қазіргі кезде оңтүстік астанамыз – Алматыда тұрамын, кәсіпкермін. Өз сыныптасымнан «Мектебіме тағзым» акциясы туралы ести сала, туған мектебіме келіп көмек беруді ұйғардым. Оқушылар мен мұғалімдерді Білім күнімен құттықтаймын!, - деді Дамир Сүйінтаев.
Мектеп директоры Елена Булгакова Илья Теренченко мен Дамир Сүйінтаевқа оқу орнының оқушылары мен мұғалімдерінің атынан алғыс білдірді.
– Біздің мектептің түлектерінің барлығы осы сіздер сияқты өмірде өз орнын тауып, Қазақстанның көркеюіне үлестерін қосса деймін. Сіздерге үлкен рахмет, - деді Елена Булгакова.
«Мектебіме тағзым» жобасын облыс аудандары мен қалаларындағы әр жылдары мектепті тәмамдаған түлектер қолдады. Мысалы, облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Берковский Качир ауданындағы Береговое ауылдық мектебіне ірі көлемде көмек көрсетті. Мәжіліс депутаты Мейрам Пішембаев өзі бітірген Май ауданындағы Көктөбе ауылы мектебіне компьютерлік сынып сыйлады.