Күрес • 05 Қыркүйек, 2017

Ақжолтай Ақжүрек

850 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Парижде өткен әлем чемпионатында 70 килоға дейінгі салмақта Ақжүрек Таңатаров Қазақстан қоржынына қола медаль салды. Ширек финалда италиялық Франк Чамизо Маркестен жеңілді. Маркес деген бір жампоз. Жолындағының бәрін қиратып, финалдың ауылына атойлап кіріп кетті. Соның арқасында Ақжүрек жұбаныш белдесуіне мүмкіндік алды. Алдымен өзбекстандық Ихтиёр Наврузовты жеңді. Әлем чемпионатына осал балуан келмейді. Ихтиёріңіз Рио-де-Жанейро олимпиадасында қола медаль алған. Риодан кейінгі әлем чемпионатында финалға шыққан. Азия чемпионаттарында талай рет топ жарған оғлан осымен екінші рет Ақжүректің қанжығасында кетті.

 

Ақжолтай Ақжүрек

Таңатаровпен әлем чем­пи­онатының қола медалі үшін кілемге шыққан түрік Якуб Гора әлем және Еуропа чемпионаттарында жүлде теріп жүрген жігіт.

Алғашқы кезең тепе-тең өт­­ке­німен, екінші бөлікте Ақ­жү­рек­ті кілем шетіне жыққан Якуп біздің балуанның аяғын са­ғыздай созып тартты-ай келіп.

Мұндайда жаттықтыру­шы­лар­дың жаны кеудесінен шығып кете жаздайды. Қазақстан еркін кү­рес­тен үміт етіп отырған жүл­­де қызыл түлкідей көз ал­дың­да бұлаңдап кетіп барады. Та­ңатаров талай рет таңғал­ды­рғанымен бұл жолғы жеңісіне се­ну өте қиын еді. Атой салып тү­рік­тің қамалын бұзғанымен, әб­жіл жігіт төрттағандап алдыр­майды. Оған да қола медаль ауа­дай керек. Төреші түрікке ескерту жасады. Тоғыз секунд қал­ған­да Ақжүрек «ұрыста тұрыс жоқ» деп, бар қайратын бойына жиып, шабынған арыстанша атылды. Соңғы секундтар. Тү­рік­ті бұқаша сүзген қалпы ды­рыл­датып кілемнің сыртына шы­ғарады. Жеңіске бір ұпай аз еді. Зу етіп артына шығып кетті.

Якуптың жаттықтырушысы басын ұстап, ойбайлады да қал­ды. Әлгінде ғана қолда тұрған қола медаль жанкешті қазақтың мой­нында кетіп бара жатыр.

Париж спорт залындағы аз қазақ сарайды мойнына іліп кетер­дей ұран салады.

Соңғы секундта жүлдені жұ­лып алды-ау сабазың. Ақ­жү­рек Таңатаровтың Лондон олимпиадасындағы ерлігі та­ғы да еске түсті. Көбіне құ­ра­­­мадағы тау халықтары ба­лу­андарының көлеңкесінде жү­­ретін Таңатаровқа да кезек ке­ліпті, әйтеуір. Жолдаманы же­ңіп алғаны болмаса, әлемдік жа­рыстарда олжа салған кезі жоқ. Төрт рет Қазақстан чемпионатында топ жарған. Қазақстан ку­богының жеңімпазы. Бар бол­ғаны осы. Бірақ, бас бапкер Ал­тай Танабаевтың құсы 66 ки­ло салмақта осы Ақжүрекке түс­кен. Қазақ баласы күрессін деген.

Олимпиада алдындағы оқу-жат­тығу жиынына тауға із­деп бар­дық. Бас бапкер Алтай Та­набаев сұңғыла жігіт қой.

– Жүрегім сезеді. Лондонда қа­зақтың бір баласы жүлде алады. Уәде беремін, – деген.

Ол жолы құрамада әлем чем­­пионаттарында жасындай жар­­қыл­даған қазақ балуандары қос Дәулет бар. Халықаралық жарыстарда топ жарғандары көп.

Басталды. Елеусіздеу жүре­тін Ақжүрек украиналық Андрей Квятковскийді еліне қайтарды. Ширек финалға армян үміті Давид Сафарянды тастап кетті. Жартылай финалға ат ойнатып шықты. Қарсыласы үнді Сушил Кумар. Оны ұтса – ақтық сын. Обалы кәні, Сушил Кумардың екі аяғын бір етікке тығып жібер­ді біздің Ақжүрек. Үнді балуаны жа­ны ышқынғаннан харам әре­кет­­терге барды. Көріп отырмыз. Кумарды құмары қанғанша илеп жатқан Ақжүрек бір кө­зін ұстаған қалпы аунап кетті. Бір жақ құлағынан қан саулап тұр. Сөйтсе, үнді жігіті жеңіліп ба­ра жатқан соң құлағын тістеп ал­ғаны аздай көзіне саусағын ты­ғып алған. Ортадағы төреші мелшиген қара тастай былқ етпейді. Көпе-көрінеу Ақжүректі Кумардың астына салып берді.

Біздің бапкерлер де қарсы­лық­ты кештеу білдірген.

Қола медаль үшін тартыс­та біздің Ақжүрек түріктің атақ­ты балуаны Рамазан Сахинді жең­ді. Айтуға ғана оңай. Рамаза­ны­­ңыз 2008 жылы Бейжің олим­пи­а­дасының алтынын мойнына тақ­қан жігіт.

Әлі есімізде. Бауырымызды күтіп алдық. Құлағы та­ңу­лы, бір көзі қызарып кеткен Ақжүрек жаңа ғана олимпия ойындарының жеңімпазын жерге қаратқанын білмейтіндей еркін. Есесіне, бас бапкер Алтай Танабаев ботадай боздап келеді.

– Бәке, айтым ғой қазақтың бір баласы жүлде алады деп. Уә­де­де тұрдық.

Ақжүректі тік көтеріп алған Дәу­лет Шабанбай да еңіреп жүр. Біз көңілшектеуміз. Біздің көз­ден де қуаныштың көз жасы бұ­рқ ете қалған.

Лондондағы атақты жеңі­сі­нен кейін Ақжүректің қолы жүр­меді. Елішілік чемпионатта мық­ты жігіттер шықты. Риоға бара алмады. Жолы түспеді.

Бапкерлер де үлкен спорттан кетем десе, тосқауыл болған жоқ. Бірақ, отыздан асқан жігіт аға­сы кілеммен қоштаспады. Азия чемпионатының алдында Қазақстан біріншілігі өтті. Финалда қызылордалық балуан бірінші кезеңде Таңатаровты 4:0 есебімен жеңіп тұрды. Жа­рыс Шымкентте өткен. Көріп тұ­рып іштей аядық. Болдырған екен деп. Жоқ, екінші кезеңде қарсыласын керіп тастады. Одан соң Азия чемпионатына барды. Нью-Делиде өткен чемпионатта Қазақстан құрамасының жампозының жолына ешкім тұра алған жоқ.

Енді, міне, отыздан асқан ша­ғында әлем чемпионатының қола медалін мойнына ілді.

Айтқандай, Лондон олимпи­а­да­сында әр елдің балуандары «Спортқа лайық емес әрекет жасадың» деп Сушил Кумарды жүндей түткен екен. Су тиген тауықтай сүмірейіп келіп Ақ­жүректен кешірім сұраған екен. Жаттықтырушымен. Ке­ші­ріпті біздің батыр. Атасы қа­зақ «Алдыңа келсе, атаңның құ­нын кеш» деп ұрпағына на­қыл қалдырған. Міне, біздің Ақ­жүрек бауыр осындай жігіт.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы