Кино • 08 Қыркүйек, 2017

Дулат Исабеков. Белестерге бет түзеген қазақ киносы

2026 рет
көрсетілді
43 мин
оқу үшін

Әр ұлттың тек өзіне ғана тән ерекшелігі болатыны сияқты, оның әдебиеті мен мәдениетінің де өзгеге ұқсамайтын ерекшелігі бары ежелден белгілі қағида. Әр елдің өзіне тән түйсігі мен түсінігі, өзіне тән парасат деңгейі, дүниеге көзқарасы мен қабылдау қабілеті, оған философиялық, көркемдік деңгейде баға беру өлшемі де әр басқа. Бір елдің ұлттық мақтанышы боп бағаланатын өнер туындысы екінші елдің көрермендері үшін қатардағы шығарма немесе көркемдігі төмен дүние ретінде қабылданып жатады. «Орыс әдебиетінің шыңы» деп В.Г. Белинский бағалаған Н.В.Гогольдің, тіпті, «Пушкин для нас – все» деп орыс қауымы пір тұтатын А.С. Пушкиннің шығармалары батыс елдері үшін дәл біздегідей інжу-маржан боп бағаланбайды. Кино өнерінде де солай. 

Дулат Исабеков. Белестерге бет түзеген қазақ киносы

Кеңес Одағының кеңістігінде коме­диялық жанрда тізгін үзді (шедевр) кинолента ретінде күні бүгінге дейін бәріміздің түймемізді үзгенше күлетін «Кавказ тұтқыны немесе Шуриктің басынан кешкендері», «Мимино», «Тағдырдың тәлкегі немесе жеңіл буыңызбен», «Гауһар білек» («Бриллиантовая рука») фильмдері шетел көрермендерін күлдірмек түгілі сендірмейді де. Көрермен залынан олардың көпшілігі иықтарын қозғап шығып кетіп жатады. 

Ресейдің тарихи фильмдерінің де көрген күндері осыған шамалас. А.Тарковскийдің «Андрей Рублев» атты фильмінен басқа «Александр Невский», «Иван Грозный», тіпті, И.Сталин 34 рет көрген «Чапаев» фильмдерінің де орыс ұлтынан басқа ел үшін ешқандай құны жоқ. Тарихи жағынан да, көркемдік жағынан да Ресей тарихында «Мұз қырғыны» аталып кеткен А.Невскийдің швед әскерлеріне мұз боп қатып жатқан Чуд көлі арқылы тұтқиылдан тиісіп, оларды аяусыз қырғынға ұшыратқаны, өзінің өкіл әкесі Мамайға қарсы қылыш көтерген Д.Донскойдың тарихта белгілі «Күлік шайқасы» («Куликовская битва»), Иоан Төртіншінің (Иван Грозный) Алтын Орданың соңғы тірегі Қазан қаласын басып алып, халықты қанға бөктіргені Ресей үшін қаһармандық пен патриотизмнің символы боп бағаланғанымен басқа жұрт үшін қанқұйлы империялық саясаттың кезекті бір көрінісі боп қабылданады. Александр Невскийдің осы аттас фильмінің финалында жоғарғы пафоспен айтатын әйгілі: «Кім бізге қылышпен келсе – қылыштан ажал құшады!» деген сөзі орыс үшін киелі сөз боп қабылданғанмен, өзгелер үшін әсіре патриоттық ұран ғана. Тарихи тақырыпқа арналған фильмдердің ұлттық-патриоттық-қаһармандық идеясынан өзге эмоционалдық қуаты болмаса, оны көріп отырған кез келген басқа ұлттың өкілі бас қаһарманның қай этностың тұлғасы екенін ұмытып, оның тағдырымен біте қайнасып, өз елінің, өз тағдырымен ортақ тамырын сезінгендей боп, бас кейіпкермен бірге қайғырып, бірге тебіреніп, катарсистік процесті басынан кешірмесе, ол шығарма сол елдің қанша жерден мақтанышына айналған туынды екеніне қарамастан, адамзатқа ортақ құндылықтарға ие бола алмайды. Әрбір шығармада, әсіресе, тарихи тақырыпқа жазылған шығармада тақырып деген ұғым бар да, қарсы тақырып деген ұғым тағы бар. Герой деген ұғым бар да, антигерой деген ұғым тағы бар. Антигерой күшті болмаса, басты герой жел диірменмен алысқан Дон Кихот сияқты жалаң патриоттық пафосқа малшынған қауқарсыз образға айналып шыға келеді. 

Ал түріктің «Сүлеймен патша» (орысшасы «Сулайман Великолепный») сериалын бәріміз не үшін құныға көрдік? Орыс баспасөз беттерінде бұл фильм жайлы кинотанушылар не себепті қызғанышы мен қызығушылығы аралас мақалалар жариялап жатты? Не үшін? Түріктердің арғы атасы Османның азғантай ғана түркі тайпасын азулы, жауынгер ұлтқа айналдырып, оның бірте-бірте күшейіп, ақыр соңында іргесі мызғымастай көрінген Византия империясын құлатып, олардың астанасы Константинопольды Ыстанбұлға айналдырып, бүкіл Балқан елдері мен Қырым жағалауын ұлы түрік империясына айналдырғаны үшін бе? Жоқ, әрине! Жириновский сияқты шовинистік көзқарастағы саясаткерлер болмаса, кино мамандары фильмнің жоғары техникалық сапасын, актерлер ансамблінің тұтастай шеберлігін, тақырып ішіндегі тақырыптардың көрініс сайын ширығып, көрерменді экраннан мойын бұрғызбай қадағалап қарап отыруға мәжбүр ететін шиыршық атқан оқиғалар тізбегі, әр кейіпкердің үлкен ансамбльдегі өзіндік жарқын бейнесі, сарай ішіндегі сан-сапалақ интрига, кейіпкер мен қарсы кейіпкер арасында өтіп жататын тайталас, бақ пен тақ үшін астыртын жүріп жататын психологиялық арбасу, сұлу бикештер, әсерлі музыка... Досын сүйіндіріп, қасын күйіндіріп отыратын сезімдер алма-кезек ауысып, қанша жерден қызғанышпен қарасаң да фильмнің көркемдік қуатының күштілігі кімді де болса сүйсіндірмей қоймайды. Герой мен антигерой қағидасы бұл фильмде классикалық деңгейге көтерілген. Сүлеймен патшаның туыстары, кейде, Сүлейменнің өзі де бір ғана адаммен күресіп жүр. Бірақ, бәрі оны жеңе алмайды, керісінше, шетінен жеңіліп, кейбірі өлім құшып жатады. Ол антигеройдың аты – Хюррем ханым, Сүлейменнің әйелі, тегі – сербиялық. Ол – айлакер, қу, зәлім, ақылды әрі жауыз да. Егер фильмнен Хюрремді алып тастап көріңізші, не болар екен? Сақырлаған сағырдам сарай оқиғаларының тізбегі ғана қалып, екі-үш сериядан соң көрерменді еліктіріп отыратын оқиға сарқылып, қызықсыз хроника ғана боп қалар еді. 

Қытай кинематографистері түсірген отыз сериялы «Шыңғыс хан», «Құбылай хан», араб елдері бірігіп шығарған «Сұлтан Бейбарыс», түріктің «Сүлеймен патшасы» және «Ер Тұғырыл» фильмдерінің құндылығы неде? Тек тарихи оқиғаларды экран тілінде сөй­лет­кені ме? Әлбетте, жоқ! Тарихи басты оқи­­ғаларды сақтай отырып, кейіпкерлер арасындағы конфликтіні көркемдік шындық тұр­ғысында шегіне жеткізіп бере білуінде, көрерменге күдік тудыратын немесе наным­сыз боп көрінетін басы артық бірде-бір көрі­ністің атымен жоқтығында, тақырып идеясы мен көркемдік критерийлердің тұтас­тығында, басты тақырып пен қарсы тақы­рыптың, герой мен антигеройдың көрерменге берер энергетикалық күш-қуат­тарының молдығында. Біздің осы кинотуын­дылардан үйренуге тиіс басты ерекшелік – басты тақырып пен басты кейіпкердің өмір жолын жазуға кіріспес бұрын сол кейіп­керге қарсы тұратын антигеройды таңдай білуіміз керек. Негізгі идеяға қарсы күре­сетін күш неғұрлым қуатты болған сайын шы­ғарма оқиғасы солғұрлым шымыр, көркем­дік құндылығы солғұрлым салмақты бола түспек. Дүниеде бірдей ойлайтын екі адам бол­майтыны сияқты, бір түсінікте, бір талғам­да өмір сүретін екі ұлттың да болуы мүмкін емес. Осы тұрғыдан қарағанда, жоғарыда аталған фильмдердің сана сатысындағы әртүрлі ұлттар мен ұлыстардың, әртүрлі конфессия мен конвенциялардың басым көпшілігін тек танымдық жағынан ғана емес, татымдық жағынан да қызықтыра білгенін еске сақтауымыз керек. Ол үшін ұлттық деген ұғым мен жалпыұлттық деген принциптерді ажырата білетін, біріктіре білетін, кез келген өнер түрінен талап етілетін көр­кемдік шындық пен өмір шындығын бір мақсатқа, бір идеяға қабыстыра білетін қабі­лет керек. Ол қабілеттің аты – шеберлік, ал шебер­ліктің арғы атасы – талант.

Қазақ кино өнеріне әлі күнге дейін қабырғасы қатпаған балаң өнер түріне қарағандай таптаурын көзқарастан арыла алмай келеміз. Қазақ киносы жас емес. Ол өсудің, дамудың, қалыптасудың талай-талай асуларынан асты. «Ленфильммен» бірігіп түсірген алғашқы көркем фильм «Амангелдіден» бері қарайғы уақытта қазақ кино өнері кәсіпқой мамандармен толыға түсті. Талай-талай режиссерлер мен сценаристер Мәскеуде, Ленинградта жоғары білім алып, Ресей кинематографистерінің шеберлік шыңдау мектептерінен білім мен тәжірибе жинақтап, қазақ киноөнері өз алдына отау тігіп, күні бүгінге дейін жүздеген көркем ленталарды дүниеге әкелді. Олардың біраз бөлігі бұрынғы одақтық, қала берді, әлемдік экрандарға жол тарта бастады. Халықаралық кинофестивальдерге қатыса қалған «Қазақфильм» туындылары өзгелерден оза шауып, қомақты жүлделерді иелене бастады. Демек, қазақ киноөнеріне мешеу балаға қарағандай көзқарастан арылып, жетілген, уақыт жағынан алғанда тарлан ашатын жасқа жеткен, киноөнеріне қойылатын ең жоғарғы талаптардың қандай түрін артсаң да белі қайыспай көтеретін кезге жеткенін есте ұстауымыз керек. Әсіресе, Қазақ елі Тәуелсіздік туын көтерген кезден бастап, қазақ киноөнері де идеологиялық құрсаудан босап, өз жолын өзі таңдайтын, өз қолындағы кинокамераның объективін біреудің нұсқаған жағына емес, өзінің қалаған жағына бұра алатын еркіндікке ие болды. Бұған дейін де талай-талай тақырыптың басын қайырып, көркем кинолента түсіруде көптеген дүние тындырып тастағандай тоқмейіл көңілде жүріп келген қазақ кинематографтарының алдынан еркіндіктің жаңа көкжиегі ашылып, сол еркіндік сценаристер мен режиссерлердің алдына жаңа тақырыптар мен жаңа талаптарды лек-легімен үйіп тастады. Қазақ көрермендері сусап отырған сондай лек-лек тақырыптың бірі – тарихи тақырып болатын. Қазақ прозасы мен драматургия саласында бұл тақырыпта біршама толымды дүниелер пайда болған еді. М.Әуезовтің «Хан Кене», Т.Ахтановтың «Ант», Қ.Бекхожиннің «Ұлан асу» атты драмалары кеңестік кезеңде-ақ өмірге келсе, І.Есенберлиннің «Қаһар», «Алмас қылыш», Ә.Кекілбаевтың «Елең-алаң», М.Мағауиннің «Аласапыран», С.Сматаевтың «Елім-ай» романдары тарихи көркем шығармаға сусап отырған оқырмандардың айызын қандырған туындылар еді. Ал кино саласында Тәуелсіздікке дейін түсі­рілген «Шоқан Уәлиханов» («Его время при­дет»), «Отырардың күйреуі», «Сұлтан Бей­барыс» фильмдері болмаса, қазақ халқының түп-та­мы­рына үңілген кинотуындылар жоқтың қасы еді. 

Тәуелсіздік алып, Тәуелсіздік рухы сана­мызға жайғасып, оң-солымызды таныған шақта қазақ киногерлерінің алдынан үлкен бір сұрақ атой салып шыға келді. Ол сұрақ: «Біз кімбіз осы? Қайдан шықтық? Қандай оқиғаларды бас­тан кешірдік? Мемлекеттіліктің ірге тасы қашан қаланған? Қазақ хандығы қашан құрылды? Оның басында кімдер тұрды? Кімдермен жауластық, кімдермен жаға жыртыстық? Жарты Еуропа еркін сыйып кететін мына Қазақия даласына біз қалайша ие болып қалдық? Бүгінгі таңдағы зайырлы мемлекет дәрежесіне қалай қол жеткіздік?». Осы және басқа да толып жатқан сауалдар қазақ кино­герлерінің алдына үлкен міндет жүктеді. Аға буыны, орта буыны, «Жаңа толқын» деп аталатын жас буыны бар режиссерлеріміз жұрт шөліркеп отырған тарихи тақырыпқа жан-жақтан кірісе бастады. Сондай ізденістердің нәтижесінде қазақ киноқоры бірнеше туындылармен толықты. 

Әуелі экранға жарнамасы жер-дүниені жаңғыртқан «Көшпенділер» шықты. Күллі Қазақ елінің басын біріктіріп, ежелгі дұшпанға ойсырата соққы беріп, Қазақ мемлекеттілігінің іргесін нығайтқан айлалы да ақылман Абылай ханды экраннан көреміз деп асыға күткен көрерменнің үміті су сепкендей басылып, ұялғаннан жер шұқып қалды. Досхан Жолжақсыновтан басқа бір де бір қазақ актері қатыспаған (онда да қалмақ Шарыштың рөлінде) киноны қазақ киносы деп атауға болатын ба еді? Оның әуелгі режиссері америкалық (Голливудтан), ол бәріне қолын бір-ақ сілтеп келген ізімен кері қайтып кеткен соң орыс режиссері С.Бодров жалғастырса, Абылайдан бастап басты рөлдер шетінен шетелдік актерлерге берілсе, сценарийін жазу Әзербайжан драматургіне тапсырылса, қосалқы режиссер болып тарихтан мүлдем бейхабар Т.Теменов бекітілсе, ол киноның жұртты жерге қаратудан басқа «лажы» жоқ екені әу бастан-ақ белгілі болатын. 

Егер дәл осындай мол қаржымен дәл осындай, айталық, «Иван Грозный» фильмі түсірілген болса, ең әуелі бүкіл орыс қауымы өре түрегеліп, кино сыншылары оны тас-талқан етіп сынап, мемлекеттік Думаның кейбір депутаттары мен православтық шіркеу қызметкерлері киножасаушылардың ісін заң орындарына тапсырып, бас-аяғы екі-ақ серияға кеткен көл-көсір қаржыны мемлекетке қайтаруды талап еткен болар еді. Отыз сериялы «Шыңғыс хан» фильміне қытайлықтар 16 миллион доллар жұмсаса, біздің киногерлердің балаларға арналған екі сериялы «Көшпенділер» деп аталатын блокбастердің құны 36 миллион доллар екен. Ұяттан басқа берері жоқ кинолентаға ұялмай осынша қаржы жұмсаппыз! Тарихи шындық атаулыдан жұрдай, көркемдік құндылығы жоққа тән фильмді, өкінішке орай, сол фильмді жасауға қатысы бар адамдардан басқа бір де бір жан жақтай алмады. 

Ресей императоры Николай ІІ-нің биші Матильдамен іңкәрлік сезімін көрсеткені үшін бүкіл орыс қоғамы, басы патриарх Кириллден бастап болашақ Ресей императорының ар-намысына тигені үшін мемлекеттік Думаның депутаты Н.Поклонская, шіркеу өкілдері, тіпті, Ингушетияның басшысына шейін бұл кинолентаның экранға шығуына тыйым салуды прокуратурадан талап етіп, режиссер А.Учительді жүндей түтіп жатыр. Ал біздің депутаттарымыз бен басқа да қайраткерлеріміз кино саласындағы ұлт намысына тиетін туын­дымен шаруалары да болмады. Тарихи тақырыптағы осындай ойсыраған олқылықтан соң режиссерлеріміз көпке дейін бұл маңайға жолаудан аяқтарын тартып қалды. 

Шетелдік киномамандармен бірігіп жұ­мыс істесек пайдаға шаш-етектен кенелеміз деп жұртты сендіріп келген түсіруші топтың әлгіндей сазға отырып қалған кейпінен кейін араға біраз уақыт салып жас режиссер Ақан Сатаев тәуекел деп тарихи тақырыпқа қайта тізгін бұрды. Фильмнің аты – «Жаужүрек мың бала». Бұл фильмнің де жарнамасы «Көшпенділерден» кем болған жоқ. Алайда, түсіруші топ та, «Қазақфильм» киностудиясы да шетелдік ауруға шалдықпай ұлттық топ құра білді. Ақан Сатаев жастығына қарамай ел азаттығы үшін көзсіз ерлікке бел буған өрімдей жастардың өсу, есею, ержету, ел қорғанына айналуға дейінгі аралықтағы өмірлерін сан қырынан көрсете білді. Тарихи драма деп аталған бұл фильм XVIII ғасырдың бірінші жартысында жоңғар басқыншыларына қарсы күресте тау-тауды, сай-саланы, шашырап жатқан ауыл-ауылдағы өрімдей жас жеткіншектердің басын қосып, өздерінен күші әлдеқайда басым жауға қарсы көтере білген Сартай батырдың жанқиярлық ерлік істері «Көшпенділерден» соң су сепкендей болған көңілімізді қайта көтеріп, өткен өмірімізде бүгінгі ұрпақ мақтанарлықтай болған батырларымыз бен ақылгөй абыздарымыздың болғанын, ақ табан шұбырындыдан соң еңселері езіліп, ересектер жағының өзі әлі ес жия алмай есеңгіреп жатқан шақта Сартай туының астына жан-жақтан келіп қосылып, ат жалын тартып мінуге жараған жастардың ерлік шайқасы рухымызды көтеріп кеткен еді. 

Бұл фильм жайлы кезінде орыс тіліндегі газеттердің бірінде («Время») жас режиссердің қиын да күрделі тақырыпқа батыл барып, көрермен көңілін бір серпілтіп тастаған сәтті туынды болғанын атап өткендіктен, ол пікірімізді қайталап жатуды жөн санамадық. Фильм түсіріліп біте салысымен 2012 жылы Францияда өткен ақылы Канн кинофестиваліне қатысып, сәтті туындылардың бірі ретінде аталып өтті. Одан соң Тегеран халықаралық кинофестивалінде жүлделі орынға ие болды. Ал, дәл осы жылы ол ұлттық патриоттық тақырыпта түсірілген фильм ретінде ұлттық кинематографиялық «Құлагер» сыйлығымен марапатталды. Тарихи және ұлттық салт-дәстүр тұрғысынан қарағанда көптеген көрерменнің бұл фильмге айтар назы да жоқ емес. Тарихи тұрғыдан келгенде – Сартай өмірде болған адам. Ол қартайып, өз ажалынан қайтыс болған. Ал, салт-дәстүр жағынан келетін болсақ, қазақ ешқашан әйел адамға шаңырақ көтертпеген. 

«Қазақфильм» киностудиясы соңғы үш-төрт жылдың ішінде жаңа атаулармен толыға түсті. Ұлттық кинематографқа деген көзқарас өзгеріп, оны сан жағынан да, сапа жағынан да қолдау саясаты қызу қолға алына бастағаны көңілге қуаныш орнатады. Кино саласына қолдау көрсету Елбасы Н.Ә.Назарбаевтан бас­тау алғаны да қазақ киногерлерінің алдына жаңа міндеттер жүктеп өткендей болды. Әсіресе, Қазақ хандығының 550 жылдығын бүкіл ел болып тойлау қарсаңында Президентіміз дәл осы мәселеге ерекше көңіл бөліп, бұл тақырыптың кино саласында ерекше ізденіспен көрініс табуы тиіс екеніне тоқталып өтіп еді. Соның нәтижесінде кең тынысты, көп сериялы тарихи тұңғыш телесериал жобасы қолға алына бастады. Жоба авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. Алғашқы кезеңдегі жоба бойынша фильм 20 сериялы болып жос­парланған болатын. Сценарий авторлары болып белгілі жазушы Смағұл Елубай мен бұған дейін «Жаужүрек мың бала» фильмі арқылы танылған киносценарист Тимур Жақсылықов бекітілді. 

«Театр драматургтің жазу столынан басталады» демекші, фильм де сценаристің жартылай болса да жазу столынан басталады. Жартылай дейтін себебім – жазу столында ақтық нүктесі қойылды деп есептелген әдеби нұсқа режиссердің қолына түсіп, ол түсіру алаңына жеткенше сан түрлі өзгерістерге ұшырайды. Қоюшы режиссер мен сценарий авторларының арасындағы келісу мен кетісу аралығындағы дау-дамай осы кезеңде шарықтау шегіне жетеді. Өйткені, жазушының өз режиссурасы бар да, түсірушінің өз режиссурасы бар. Кейде бұл көзқарастар от пен су сияқты оксюморон деңгейіне дейінгі алшақтыққа апарып, оның зардабы кинотуындының сапасына кері әсерін тигізетінін талай көргенбіз. Бұл жолы жоба авторы ретінде әрі Мәдениет министрі ретінде сериалдың алғашқы кадрынан бастап, «фильмнің соңы» деген титрдағы жазуға дейін жауапты болатынын сезінген Арыстанбек Мұхамедиұлы шығармашылық топпен әлденеше рет кездесіп, оларға ақыл-кеңесін беріп, бұл сериалға өзгерістер енгізіп, 20 серияны 10 серияға дейін қысқартуды ұсынып, басты рөлдегі актерлердің өздеріне сеніп тапсырылған кейіпкерге қаншалықты дайын екеніне дейін көңіл бөліп, қадағалап отырды. Бұған дейін «Елбасы жолы», «Құрақ көрпе», «Сталинге сыйлық» атты фильмдері арқылы көрермендерге кәнігі режиссер ретінде жақсы танылған Рүстем Әбдірашев осы сериалдың алғашқы бөлімі ретінде Ілияс Есенберлин романының желісі бойынша түсірілген «Алмас қылыш» фильмін жұртшылық назарына ұсынып үлгерді. Онда Алтын Орда ыдыраған соң Керей мен Жәнібек Шайбан-шахпен бітіспес тайталасқа түсіп, өз төңірегіндегі ұлыстар мен тайпалардың басын біріктіріп, Моғолстан шекарасына, Шу өлкесіне келіп, біржолата қоныстанады. Фильм қазақ тілінде түсірілгенмен, жоңғарлар мен шағатайлардың өз тілдерінде сөйлейтін сәттері де бар. Қазақ көрермендері үшін бұл оғаш болып көрінбейді, керісінше, сол заманның рухына сай ерекшелік ретінде жатсынбай қабылданады. 

Керей мен Жәнібектің арпалысар жауы да осал емес, ол – қазақ халқын уысынан шығармауға тырысып, жауыздықтың қай түрінен болса да тайынбайтын, қайратты, жігерлі, айлакер Әбілқайыр Шайбан-шах бейнесін Досхан Жолжақсынов шебер орындап шыққанын баса айтуға тиіспіз. Мақаланың бас жағында айтылған герой мен антигерой қағидасы теориялық жағынан да, практикалық жағынан да көркемдік шешімін таба білген. Фильмде Жәнібек ханның образы Еркебұлан Дайыровтың орындауында мейлінше нанымды, әрі әсерлі шығыпты. Кімнің кім екенін ажыратып болмайтын, әркім әр жаққа тартқан қым-қуыт заманда олардың басын бір мақсатқа біріктіру үшін найзаның ұшы мен қылыштың жүзі аздық ететінін, енді ақыл мен айла, пайым мен парасат, сенім мен жігер, түп қазығы тәуекелге апарып тірейтін қажыр мен қайрат қажет екенін тереңнен толғап түсінген Жәнібектің ішкі арпалысын мейлінше ашып көрсете білген Еркебұланның актерлік шеберлігі бұл бейнені сомдауда ерекше ашылыпты. Оның әрбір қимылы, сөз сөйлеу мәнері, дауыс ырғағы, жігер мен сенімге толы өткір жанары көз алдыңа тарихи тұлғаның тірі бейнесін елестетіп өткендей әсерде боласың. 


Біздің барлық тарихи фильмдерімізде ортақ бір кемшілік болса, ол – ірі план арқылы кейіпкердің жан дүниесіне ендеп ене алмау болатын. Түсірілу кезіндегі камералардың жетіспеушілігінен бе, ірі планды алар кезде актер жүзіне түсірілетін жарық қуатының әлсіздігінен бе, әлде актерлеріміздің өзі сомдап жүрген кейіпкерінің ішкі жан дүниесін толығымен түсіне алмауынан, дәлірек айтқанда, режиссердің нені ойнау, қалай ойнау керек екендігін түсіндіре алмайтындықтарынан ба, ішкі сезім арпалыстарын актердің көз жанары мен бет-әлпеті арқылы таныта білуде кино өндірісі дамыған басқа елдердің техникасынан кемшін шығып жататын. Біздің киносыншыларымыз бұл мәселені проб­лема дәрежесіне дейін көтеріп, мақала арқылы да, белгілі бір кинотуындыны көпшілік болып талдау кезінде де талмай айтып-ақ, жазып-ақ келеді. Осы сын-ескертпелердің әсері болды ма, әлде, кино түсіру техникасы мен технологиясы әлдеқашан дамыған елдердің кейіпкер психологиясын ашуда камераны адамның ішкі жан дүниесіне үңілте білу тәжірибесінен кеш те болса үйрене бастады ма, әлде жас толқын режиссерлер мен операторларымыз замандық кино өнеріне қойылар замандық талаптарды өз саналарымен сезіне білді ме, режиссер мен оператор бұл фильмде ірі планды көбірек пайдаланып, кейіпкер психологиясын ашуда осы әдісті ұтымды пайдалана біліпті. Керей хан рөліндегі Қайрат Кемаловтың, Шайбан-шах бәйбішесінің рөліне Қытайдан шақырылған Жанар Сағаттың, Қарға бойлы Қазтуған рөліндегі Бекболат Тілеуханның есте жоқ ескі бейнелерді тірілтуге тырысып, заман келбетіне үндес образдар жасай білгендері қазақ киносында тарихи тұлғаларды сомдаудағы жаңа бетбұрыс деп бағалауымыз керек. Сериалдың алғашқы бөлімдері енді бас­талды. Сценарий бойынша көрерменді алда талай-талай шырғалаңға толы оқиғалар күтіп тұр.

Қазақ киноөндірісінде қанша айтылса да ескерілмей келе жатқан бір әдет бар. Ол – киім үлгісі. Сырттай қарағанда қазақта жаздық киім деген атымен жоқ сияқты. Қара қарғаның миы қайнайтын шілденің шырқырап тұрған кезінің өзінде біздің қазақтардың үстінен түлкі тымақ пен жағалы ішік түспей-ақ келеді. Қазақта жазғы киімдердің алуан түрі бар емес пе еді? Дизайнерлеріміз соны неге ескермейді? Жаугершілік кезінде болса амал жоқ, ондай кезде дулыға мен сауыт-сайман сияқты жорық аксессуарлары сарбаз өмірінің қажетті формасы. Ал бейбіт кезде, аптап ыстықтың кезінде ол байғұстарды тұлыпқа тұмшалай бермей, үстеріне жаздық жейде мен желбегей кигізсек орынды-ақ болмас па еді? Бұл да көрерменнің фильмнен алар эстетикалық катарсисіне әсер етпей қоймайтын элементтердің бірі екенін ұмытпауымыз керек.

Көңілаударарлық тағы бір елеулі оқиға – Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақ елі» деп аталатын толық метражды анимациялық фильмнің дүниеге келуі деп айта аламыз. Балаларға арналған бұл фильмнің негізгі желісі Қазақ хандығының іргесін қалаған Керей мен Жәнібектің балалық шағынан бастап хандық құрған кезіне дейін балалардың қызығушылығын тудыратын тартымды, әсерлі сюжет арқылы өріліп отырады. Елді басқару үшін қылыштасу мен найзаласуды ғана меңгеріп қою аздық ететінін білген ағайынды екі баланың ұстаздары оларды Отырар кітапханасына білімін көтеру үшін жібереді. Шайбан-шахтың озбырлығын көріп өскен екі жас сұлтан есейе келе Қазақ хандығын құру керектігін түсінеді. Сол жолда бұл екеуі сан түрлі оқиғаларды бастарынан кешіріп, ақыры мақсаттарына жетеді. Аты анимациялық фильм дегені болмаса, «Сақ» киностудиясы түсірген бұл фильмнің көрерменге жағымды әсері мол, әрі балалар үшін тарих тануда сапалы сабақ болары сөзсіз. Балалар ғана емес, ересектер де қызығып көретін бұл мультипликациялық фильмнің трейлері «Канн» кинофестивалінде көрсетіліп, шетелдік мамандардың жоғары бағасына ие болды. Қарапайым да тартымды сюжетке құрылған бұл шығарманы ең алғаш Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тамашалап, оған оң бағасын беруі де «Сақ» киностудиясының шығармашылық іздену жолында екенінің куәсі болса керек.

Түсіруге кіріспес бұрын Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қоюшы-режиссер Батырхан Дәуренбекке фильмнің сол заманға лайық тілдік, стильдік ерекшеліктерін қадағалау үшін мені бас кеңесші ретінде шақыруды ұсынған екен. Мен ол тілекті қуана қарсы алдым, себебі «Сақ» киностудиясы осыған дейін менің «Мұңлық-Зарлық» атты сценарийім бойынша анимациялық лента түсіріп, көптің көңілінен шыққан еді. Оның үстіне, Қазақ хандығының негізін салушы Керей мен Жәнібек заманындағы тарихи оқиғалар мен олардың лексиконындағы тілдік ерекшеліктердің сақталу мәдениетін қадағалауды жөн көрдім. Өйткені, балаларға арналған спектакльдер мен мультфильмдерде ересек адамның өзі әрең түсінетін сөздер мен сөз орамдары көп кездесіп жатады. Осындай тілдік орашолақтықтар бұл фильмде де қайталанып жатпасын деген оймен сценарийді бастан-аяқ әлденеше рет оқып шығып, өз білгенімше қалам тигізген жайым бар еді. Қазақ тілінің байлығын менсіз де жақсы түсінетін Батырхан Дәуренбек бұл фильмді халықаралық талғамға татитындай дәрежеде түсіріп, балалар үшін танымдық жағынан да, көркемдік жағынан да құнды туынды жасап шықты. Сөйтіп, Қазақ хандығының 550 жылдық тойына орай түсірілмек болған «Қазақ елі» атты үлкен жобаның жүзеге асуына «Сақ» киностудиясы анимациялық жанрда сүбелі үлес қосып үлгерді.

Соңғы жылдардағы қазақ киноөнерінің үлкен табыстарының бірі – режиссер Сәбит Құрманбеков түсірген «Оралман» фильмі болғанын ырза көңілмен атап өтуіміз керек. Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген бұл фильм үстіміздегі жылы өткен ХІІІ Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінде бас жүлде – Гран-приді жеңіп алды. Негізі 1998 жылы қаланған «Еуразия» кинофестивалі Орталық Азиядағы ең ірі кинофорум болып саналады. Биылғы жылы өткен кинофорумға қатысушылардың саны рекордтық көрсеткішке ие болды. Толықметраждысы мен қысқа метраждысы бар, авторлық және жанрлық фильмдері бар, бәрін қосқанда, фестивальде 296 картина бақ сынасыпты. Барлық Азия елдерінің жаңа туындылары ішінде Иранда өткен бұл додаға қатысқан жалғыз ғана қазақ кино туындысы комиссия мүшелерінің тарапынан бірауыздан жоғары бағасына ие болып, оған фестивальдің Бас жүлдесін беруге шешім қабылдауы – сөз жоқ, отандық киноөнеріміздің үлкен жеңісі. 

Фильмнің негізгі оқиғасы – қилы-қилы заманда туған жерін тастап, беті ауған жаққа ауа көшуге мәжбүр болған қандастарымыздың арада жарты ғасырдан астам уақыт өткен соң елге қайта оралған кезеңі жайлы баяндалады. Әу баста дүйім жұрт болып шетел ауған қандастарымыздың жартысынан көбі жолда қырылып, ауған жеріне отыз-қырық қана адам аяқ басты. Азап пен қорлықтың неше түрлі құқайын көрген сол аз ғана топ Қазақ елі Тәуелсіздік алды дегенді естігенде жүректері жарыла қуанып, көздеріне жас алып, елге қайтуға қамдана бастады. Бір қауым елдің шетелге үдере көшуіне басшылық еткен топ бастаушылардан күні бүгінге дейін аман жеткен ақсақал жүруге жарамаса да кәрі сұлбасын сүйретіп, «елге жетіп өлсем арманым жоқ» деп жолға шықты. Жол азабын молынан тартып жүріп, ақыры қазақ шекарасына да жетті-ау! Шекара белдеуінен өте салысымен: «Мына жер енді Қазақстан ба?»» деген сұрағына «иә» деп жауап алған Базарбай ақсақалдың аяқ-қолы дірілдеп, қалтыраған саусақтарымен қарлы топырақты сипалап, жата қалып сүйгені кімді болса да тебірентпей қоймайтын көрініс. Қарлы жерді сипалау мен оны жата қалып сүюдің қас-қағым сәттік арасында қаншама азапты тағдыр, ауызбен айтса таусылмас қаншама мұң мен шер жатыр десеңші! Жазу арқылы суреттелсе кем дегенде жарты беттен асатын көріністі кинотілі жарты минутта жеріне жеткізіп айта білді. Қалам мен кинокамераның айырмашылығы да осында. Кітап бетінде ұзақ түсіндіруді қажет ететін ерекше сәтті актер ойыны арқылы оператор бір сәтте-ақ түсіндіріп бере алады. 

Кино көп сөз түгілі, артық бір сөздің өзін ауырсынатын өнер түрі. «Драматург – мейлінше қатыгез оташы, ол шығармаға қажетсіз мүшелерді аяусыз кесіп тастай білуі керек» деген ұлы режиссер Немирович-Данченконың бұл талабы киноға да тікелей қатысты деп келісуімізге тура келеді. Сахнада болсын, экранда болсын Дулыға Ақмолда сомдаған бейненің актер ойы­ны екенін ұмытып, өзінше өмір сүріп жүрген тірі тұлға ретінде қабылдауға бейім тұрамыз. Ол ойнамайды, кейіпкері секілді өмір сүреді. Фильмге қатысқан басқа да актерлер Есім Сегізбаев, Ержан Түсіпов, Шынар Асқарова, Баян Қажнабиева сынды актерлердің фильм идеясын көрерменге жеткізе білудегі шебер ойындарын атап өтуге тиіспіз. Талай-талай жан азабы мен жол азабын артта қалдырып, өз еліне, өз жеріне жеткен Базарбай ақсақалдың отбасы мұнда да бақытқа кенеле алмады. Олар өз еліне бөтен болып қалыпты. Ешкім оларды құшағын жайып, қуана қарсы алған жоқ. Ұлы Сапарқұл болса үкіметтік саяжайдың күзетшісі деген қызметке әрең орналасты. Осылай өлмеші тірлік кешіп жүрген кезде Базарбай ақсақал ажалы жетіп қайтыс болады. Шын трагедия енді басталды. Оны ақырет сапарға шығарып салуға ешкім келмеді. Баласы әкесін жалғыз өзі жерледі. Оның моласын қазып жатқанда орыс офицері келіп, бұл қорымға жергілікті тұрғындарды жерлеуге рұқсат жоқ екенін, бұл қорым Байқоңыр аумағына кіретін Ресей бақылауындағы жер екенін айтып, өлікті басқа жаққа апарып жерлеуін талап етеді. Орыс офицерін тым қатыгез етіп көрсетуде әлденеден қаймықты ма, сценарий авторлары Нұрлан Санжар мен режиссер Сәбит Құрманбеков оны аяқ асты «жібітіп», Ауғанстаннан көшіп келген оралман ретінде оған бір жолға рұқсат бергізеді. Бір жағынан қарағанда, Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» («Буранный полустанок») повесіндегі Қазанғапты жерлеу кезіндегі оқиғаны қайталау болып көрінетін бұл эпизод, екінші жағынан алғанда, кеңестік кездегі орыс үстемдігінің әлі де өзгере қоймағанын білдіреді. «Оралман» фильмінің қазақ киносын әлемге танытудағы жетістігіне қуана отырып, өз еліне келіп көз жұмған Базарбай ақсақалды жерлеу кезінде баласынан басқа бір адамның болмағаны көңілге күдік орнатады. Кино авторлары өгейсіту мотивін тым әсірелеп жіберген секілді. Егер бұл көрініске «режиссердің шешімі ғой» деп кешіріммен қарайтын болсақ (солай қарауымызға тура келеді), «Оралман» фильмін соңғы кездегі «Қазақфильм» студиясының зор табысы деп бағалауымызға лайық.

Соңғы жылдардағы қазақ киноөнері бірнеше атаулармен толыққанын атап өтуге тиіспіз. Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген «Анаға апарар жол» фильмі Ақан Сатаевтың тақырыптық ізденістегі тағы бір белесі деп бағалауға тұрарлық толымды дүние. Продюсері – Әлия Назарбаева. Хронометражы 3 сағаттық кинодрама қазақ халқының басына түскен 30-шы жылдардағы нәубеттен бастап, соғыстан кейінгі жылдар аралығын қамтиды. Басты кейіпкер Ілиястың көрмеген азабы жоқ: балалар үйі, сұрапыл соғыс, тұтқынға түсу, лагерь... Осы қиыншылықтардың бәрінде ол мойымады, жасымады, үмітсіздікке салынып мүжілмеді. Анаға деген ұлы махаббат өзін сарыла күткен анасын қалай да аман көру арманы – оның мұқалмас төзімділігі мен қажыр-қайратының көзі. Ақыры, ол дегеніне жетті – анасын аман көрді. Фильмде хроникалды-деректі жанрдың элементтері төбе көрсетіп отыратынына қарамастан, «Анаға апарар жол» ұлт тағдыры мен адам тағдырын бір-бірімен қабат алып, қай кезде де рухы күшті, өз сеніміне берік адам ғана мақсатына жете алады деген идеяны жеке тұлғаның өмір жолы арқылы шындық шеңберінде нанымды баяндап бере білген көркем кинолента. Түсірілімі Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь (Брест) жерлерінде өткен бұл фильмдегі басты рөлдерде ойнаған Алтынай Нөгербек, Әділ Ахметов, Еркебұлан Дайыров, Аружан Жазылбекова сынды актерлердің кез-келген күрделі образдарды сомдауға ішкі әлеует­тері молынан жететіндей шеберлік деңгейіне көтеріліп қалғандықтарын танытып өтті.

Сатыбалды Нарымбетов қазақ кинорежиссурасында аға буын өкілі ретінде қалыптасқан кәнігі кинотарландардың бірі. Оның 2015 жылы экран бетін көрген «Аманат» тарихи драмасы да қазақ киносындағы елеулі туындылардың бірі болып бағаланды. Фильмде бірнеше оқиға қатар баяндалады. Біріншісі, ХІХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Кенесары ханның тағдыры, екіншісі, Кенесары хан туралы атышулы кітап жазған Ермахан Бекмахановтың қудалауға ұшыраған ауыр кезеңі, үшіншісі, Бекмахановтың өмірін зерттеп жүрген жас журналистің бастан кешкен оқиғалары. Шиеленіске толы бұл тарихи драма біршама тартымды болып шыққанмен, үш оқиға бірінен соң бірі алма-кезек баяндалып, көрерменнің қабылдауына ауыр тиер тұстары баршылық. Алайда, қазақ кинематографында ескерусіз қалып келе жатқан ұлы тарихшы Бекмахановтың өмірін, оның идеясын рухани аманат биігінен қарап түсірілген бұл фильм тарихымызды түгендеуде жасалған сәтті қадамдарымыздың бірі.

Халықаралық кинофестивальде «Қазақ­фильм­нің» тағы бір туындысы үлкен марапатқа ие болды. Ол кинотуындының аты – «Жаңғақ тал». Қоюшы-режиссері Ерлан Нұрмұхамбетов. Францияның Везуль қаласындағы Азия киноларының 22-халықаралық фестивалінде ол екі бірдей жүлдеге ие болды: қазылар алқасының және киносыншыларының арнау­лы жүлдесіне. Конкурсқа Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Иран, Филиппин және Түркия елдерінен ұзын саны 90-ға тарта кинотуындылар ұсынылған болатын. Солардың арасынан қазақ режиссерінің туындысы оза шауып, көрермендер мен сыншылардың ыстық ықыласына бөленді. Еске сала кетсек артық болмас, Ерлан Нұрмұхамбетовтің бұл фильмі бұдан бұрын Кореяның Пусан фестиваліне қатысып, әлемдік премьерасын өткізген болатын. «Жаңа ағым» номинациясы бойынша «Жаңғақ тал» онда да жүлделі орынға ие болды. Досхан Жолжақсынов түсірген өмірбаяндық «Құнанбай» фильмі де киноқорымызды ба­йыта түсті. Құнанбай бейнесін сомдағаны үшін Досхан Жолжақсынов екінші рет Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы соңғы екі-үш жылда өз көрер­мендеріміз бен шет жұрттың көрермендеріне ұялмай көрсететін бірнеше кинотуындыны экранға шығарды. Олардың біразы халықаралық кинофестивальдерде жеңімпаз атанып, қазақ киносына деген жаңа көзқарас қалыптастыра бастады. Осы жаңа көзқарасты үзіп тастамай, жаңа кинотуындылармен бекіте түсуіміз қажет. Шынайы өнерге сусап отырған халқымызды мәнді де мағыналы, көркемдік сапасы жоғары фильмдермен қуантайық. Экрандағы нәрсіз, сөлсіз дүниелерді тоқтатып, рухани құндылығымен көрерменді баурап та, жаулап та алар жауһар киноларымызды көбейткеніміз абзал. Біз жылына 5-6 фильм түсірсек, соның өзіне қанағат тұтатын сияқтымыз. Және сол 5-6 атау өзіне жұмсалған шығынды өтей алмады деп, киноөнімге кінә артатын әдетіміз бар. Кино өнімге күнделікті, тұтыну тауарына қарайтындай тоғышар көзқараспен қарауды қоятын кез әлдеқашан жеткен. Халқының саны бізден он есеге жуық көп Ресейде 2016 жылы 68 кинофильм түсіріліпті. Соның төртеуі ғана өзіне жұмсалған шығынды өтей алған, қалған 64-і шығынға ұшыраған. Соған қарап, Ресейдің қаржы министрлігі киноөндірісіне деген қаржы көлемін «пайда таппайсыңдар» деп қысқартуды емес, оны алдағы жылы бір жарым есеге көбейтуді ойластырып отыр. Халқымыздың саны 18 миллион екенін, оның ішінде қазақ киносына қызығушылық білдіретін қазақтілді көрермендеріміз бір-екі миллионнан аспайтынын ескерсек, кез келген шедевр фильмдеріміздің өзі ішкі прокатта пайда таба алмайды. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген әйгілі мақаласындағы «Әлем бізді қара алтынмен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен тануы керек» деген тұжырымдамасында, сөз жоқ, өнер мен мәдениет, соның ішінде киноөнері де мемлекет қамқорлығында болуы керек деген ойды білдірсе керек.

Үш жылдың ішінде халықаралық кинофес­тиваль­дерден бір Гран-при, төрт арнайы жүлде­лерге, бір Мемлекеттік сыйлыққа ие болған «Қазақфильм» студиясының шығармашылық мүмкіндіктеріне бұдан кейін де кеңірек жол ашып, оған мемлекет тарапынан ұдайы қамқорлық көрсетіліп отырса, қазақ киноөнерінің шығар биігі бүгінгіден де жоғары болары хақ.

Дулат ИСАБЕКОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы-драматург
АЛМАТЫ