ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясындағы шаралар тізіміне енген биылғы додаға әлемнің ең мықты деген 42 балуаны қатысып, бақ сынады.
Биылғы дода үш жыл бұрынғы бәсекеден өзгеше болды. Өйткені осы жылғы «Әлем барысы» турниріне әрісі Латын Америка, АҚШ, Куба, Африка құрлығынан, берісі Ресей, Қытай, Өзбекстан секілді елдердің күші бойында тасып тұрған кіл мықтылары келді. Ал еліміздің намысын ең мықты деген бес балуан қорғады. Олар – «Қазақстан Барысы-2013» турнирінің жеңімпазы және екі дүркін қола жүлдегері (2012, 2017) Айбек Нұғымаров, 2017 жылы «Қазақстан барысы» және «Әскер барысы» атанған Еламан Ерғалиев, «Қазақстан Барысы-2013» турнирінің және биылғы ел чемпионатының күміс жүлдегері Ержан Шынкеев, 2016 жылғы «Астана қыраны» Айбат Сейтен және еліміздің талантты жас балуаны Дәурен Нұралиев «Әлем барысы» атану үшін барын салып белдесті.
Енді негізгі бәсекелерге жеке-жеке тоқталып өтсек, алғашқы айналымда биылғы «Қазақстан барысы» бәсекесінің жеңімпазы Еламан Ерғалиев пен Ержан Шынкеев қарсыластарынан айла асырып кетті. Ал Айбек Нұғымаров, Дәурен Нұралиев, Айбат Сейтен жеребеге сәйкес тікелей екінші кезеңге жолдама алды. Екінші айналымда Дәурен Нұралиев өзбек балуаны Мухсин Хисомиддиновке есе жіберіп қойса, үшінші айналымда Айбат Сейтен грек Масманидис Тэнторэден ұпай санымен жеңіліп қалды.
Ширек финалдық кездесуде қазақ күресі мамандары биыл «Әлем барысы» атанады деп болжаған екі мықты балуанымыздың жолы түйісіп қалды. Айбек Нұғымаров пен Еламан Ерғалиев ширек финалда белдесіп, кездесудің алғашқы үш минутында Еламан жамбас ұпайымен жеңіп жатқан болатын. Алайда, күрестің соңғы минутында Айбек әдіс жасап, жартылай жеңіс ұпайымен жеңісті жұлып алды. Сөйтіп, 2013 жылғы «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаров «Әлем барысының» жартылай финалына шықты. Ал үшінші ширек финалдық белдесуде Ержан Шынкеев армениялық Акоб Аракеляннан бір жартылай жеңіс және бір жамбас ұпайымен басым түсті. Сөйтіп, Ержан жартылай финалда ресейлік Рустем Арслановты алып жыққан грузин балуаны Гурам Тушишвилимен финалдық белдесу жолдамасын сарапқа салды.
Алғашқы жартылай финалдық бәсекеде Айбек Нұғымаров моңғолиялық Серік Бердімұратпен белдесіп, екеуі де бірінші минутта бүк ұпайын иеленді. Араға екі минут уақыт салып Айбек тағы бір бүк ұпай алып, жамбас ұпайымен жеңіске жетті. Алайда, моңғолиялық балуан бұл нәтижеге келіспей, өзінің наразылығын білдірген еді. Бірақ, төрешілер жеңіске Айбек Нұғымаров лайық деп тапты. Сөйтіп, Айбек қатарынан екінші рет «Әлем барысы» турнирінің финалдық белдесуіне шықты. Ал екінші жартылай финалдық кездесуде Ержан Шынкеев грузиялық балуан Гуран Тушишвилимен күш сынасып, белдесудің соңғы секундында қарсыласынан таза әдіспен жеңіліп қалды.
Турнирдің қола жүлдесін сарапқа салған Ержан Шынкеев пен Серік Бердімұрат арасында өткен тартысты бәсекеде қазақстандық балуанның асығы алшысынан түсті. Әдісі мен тәсілі артық шыққан қарағандылық спортшы қарсыласынан айласын асырып, ұпай санымен жеңіске жетті.
Сонымен, қазақ күресінен әлемнің ең мықты, ең күшті балуанын анықтар финалдық белдесуге қарсыластарын шалып та, алып та жыққан Айбек Нұғымаров пен Гурам Тушишвили шыққан болатын. Екі алыптың айқасы бастала сала грузиялық спортшы бірден шабуылға шығып, бүк ұпайын иеленген. Алайда Айбек те ұрымтал сәттің бірінде қарсыласын шалып жығып, таразы басын теңестірді. Арпалысқан сәттердің бірінде қарсыласын қапсыра құшақтаған Нұғымаров грузин балуанының аяғын аспаннан келтірді. Сөйтіп, Айбек Нұғымаров қазақ күресінен 2017 жылғы «Әлем барысы» атанды.
Қазақ күресінің абыройын асырған «Әлем барысы» турнирінің жеңімпазы мен жүлдегерлерін марапаттау шарасына Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Халықаралық Қазақ күресі федерациясының президенті Қанат Бозымбаев, «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқорлық кеңесінің төрағасы Арман Шораев және «Қазақстан» РТРК» АҚ басшысы Ерлан Қарин қатысты. 2017 жылғы «Әлем барысы» Айбек Нұғымаровтың беліне «Алтын белбеуді» Қанат Бозымбаев байлады. Сонымен қатар, шығысқазақстандық балуанға 15 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді. Екінші орын алған грузиялық Гурам Тушишвилиге «Күміс белбеу» мен 5 миллион теңге, ал үшінші орын иеленген қарағандылық Ержан Шынкеевке «Қола белбеу» мен 3 миллион теңге көлемінде сыйақы берілді.
Жалпы, биылғы «Әлем барысы» турнирі 2014 жылғымен салыстырғанда жоғары деңгейде өтті. Оны жарыстың ұйымдастырылуымен қатар, «Барыс Арена» мұз сарайына жиналған жанкүйердің қарасынан-ақ байқауға болады. Сондай-ақ, «Әлем барысы» турнирі телевизия арқылы дүниенің төрт бұрышына көрсетілді. Мұндай ұлттық спорттық шара қазақтың атын әлемге таныта түсері сөзсіз.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Жеңіс Ысқабай