Президент • 11 Қыркүйек, 2017

Қос елдің әлеуеті зор

287 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен кездесті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

Қос елдің әлеуеті зор

Нұрсұлтан Назарбаев Режеп Тайип Ердоғанға Қазақстанға ресми сапармен келгені үшін шынайы ризашылығын білдірді.

– Қанша кездессек те көптік етпейді. Қазіргі заманның өзі қиындап тұр. Жиі кездесіп, көп ақылдасу керек. 25-26 жыл ішінде Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас достық әрі бауырластық бағытта дамып келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.      

Мемлекет басшысы Түркия Президентінің Қазақстанға жасаған бұ­дан бұрынғы сапары кезінде эконо­мика саласына қатысты бірқатар уағ­да­ластыққа қол жеткізілгенін атап өтті.

– Қабылданған келісімдер аясында көп жұмыс атқарылуда, көптеген жобалар іске асырылды. Өңірлік сипаттағы проблемалар бізде де, Түркияда да бар. Бү­гінгі кездесуіміз сол мәселелерді тал­қылауға мүмкіндік береді, – деді Қазақстан Президенті.  

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Президентіне биылғы 10 қыр­күйекте Астанада өтетін Ислам ынты­мақ­тастығы ұйымының ғылым және тех­нологиялар жөніндегі саммитіне қа­тысуға ниет білдіргені үшін алғыс айтты.    

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы биылғы 14 қыркүйекте елордамызда Сириядағы қарулы қақтығысты реттеу жөніндегі Астана келіссөздерінің алтыншы раунды өтетініне назар аударды.

Түркия Республикасының Президенті Қазақстанға сапармен келуге ша­қырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығын білдірді.

– Астанаға келгеніме қуаныштымын. Мен алғаш рет Қазақстанды Алматы қаласына барған сапарымда танып-білдім. Енді жаңа қалаға, жаңа елордаға келіп отырмын, Қазақстанды өз үйімдей көремін, – деді Р.Ердоған.

Түркия Президенті өз елінің Қазақ­стан­мен саяси, экономикалық, мәдени, әс­кери қатынастарды дамытуға күш салып жатқанын атап өтті.
– Бүгінде елдеріміз арасындағы тау­ар айналымы 2 миллиард доллар шама­сында. Әрине, бұл жеткіліксіз. Біз келіскендей, мақсатымыз – тауар айналымын 5 миллиард долларға жет­кізу. Түркия мен Қазақстанның әлеу­еті оған жет­кілікті,  – деді Түркия Рес­пуб­ли­ка­сының басшысы.

Сондай-ақ Р.Ердоған Нұрсұлтан Назарбаевқа өңірлік проблемаларды шешу­ге бағытталған бітімгершілік қызметі үшін ерекше алғысын білдірді.
Түркия Президенті биылғы 14 қыр­күй­екте Астанада өтетін Сириядағы жағд­айға қатысты кездесудің маңыз­ды­лығына тоқталып, оның Женева ке­ліс­сөздеріне оң ықпал ететініне сенім біл­дірді.

Екеуара кездесуден кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Респуб­ли­касының Президенті Режеп Тайип Ердоғанның ресми сапарының қоры­тын­дысы бойынша БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Түркияның саяси және экономикалық тұрғыдан бір-біріне жақын екенін айтып, екі ел арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып отырғанын атап өтті.

– Түркия – Қазақстанның ең жақын саяси және экономикалық серіктесінің бірі. Екіжақты тығыз ынтымақтастық әрдайым белсенді дамып келеді. Жоғары дең­гейдегі кездесулер жиі өткізі­лу­де. Биыл дипломатиялық қарым-қатына­сы­мыз­дың орнағанына 25 жыл толып отыр, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев түрік капита­лы­ның қатысуымен 1600-ден астам кәсіпорын жұмыс істеп жатқанын, сон­дай-ақ бірлескен инвестициялық жобаларды одан әрі дамыту қажет екенін айтты.

Мемлекет басшысы Қазақстанның көлік-транзит әлеуетін арттыруда Түркия­ның тәжірибесін қолдануға ниет­ті екенімізді жеткізді.

– Түркия инфрақұрылымы дамыған транзиттік ел екені баршаға белгілі. Осыны ескеріп, түрік тарапын Қазақ­стан­­ның көлік-транзит әлеуетін бірге дамытуға шақырдым, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті екі ел ара­сын­дағы мәдени-гуманитарлық қа­рым-қа­тынастарды дамыту мәселелеріне тоқ­талып, жоғары оқу орындары арасын­да өзара студенттер алмасудың ма­ңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Р.Ердоғанмен әңгімелесу барысында халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылағанын айтты.
– Негізгі жаһандық мәселелер жө­ніндегі ұстанымымыз ұқсас. Екі ел арасында түсініспеушіліктер жоқ. Астана Сирия мәселесі бойынша келіс­сөз жүргізу үшін өз алаңын ұсынды. Осы­лайша, біз бұл проблеманы тек бей­біт жолмен шешуге өз үлесімізді қосып отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.
Сөз соңында Қазақстан Президенті Түркия тарапына ЭКСПО-2017 халық­ара­лық көрмесін дайындауға және өткізуге белсенді түрде атсалысқаны үшін алғыс білдірді.

Р.Ердоған екі ел арасындағы байланыстарды дамыту жөніндегі диалогтың жалғасуына ниетті екенін айтып, Қазақстан Президентін келесі жылы Түркия Республикасына сапармен келуге шақырды.

Түркия Президенті Қазақстанда жұ­мыс істейтін түрік инвесторлары мен бизнесмендеріне қолдау көрсетіп, олар­ға қолайлы жағдай туғызғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.

– Біздің ынтымақтастығымыз алдағы уақытта да нығая түсетініне сенімдімін. Мен Қазақстанды ірі халықаралық іс-шараларды табысты ұйымдастыруымен тағы да құттықтағым келеді. Сіздердің республикаларыңыз – Орталық Азия өңіріндегі көшбасшы мемлекеттердің бірі. Біз сіздердің жетістіктеріңізге шынайы қуанамыз, – деді Р.Ердоған.

Соңында Түркия Президенті «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асы­­руға жан-жақты қолдау көрсетуге ни­етті екенін айтып, Қазақстан жағы­на қонақжайлылық көрсеткені үшін риза­шы­лық білдірді. 

* * *
Түркия Республикасы Президентінің Қазақстанға ресми сапарының қоры­тын­дысы бойынша төмендегідей құжаттарға қол қойылды: 

– Үкіметаралық экономикалық ко­мис­сияның 10-шы отырысының хаттамасы;

– 2017-2020 жылдарға арналған «Жаңа синергия» бірлескен эконо­ми­калық бағдарламасының іс-шаралар жоспарының хаттамасы;

– Қазақстан Республикасы Инвес­ти­циялар және даму министрлігі мен «Алсим Аларко» консорциумы және Еуропа қайта құру және даму банкі арасында «БАКАД» автокөлік жолын салу және оны пайдалану мәселесі бойынша өзара түсіністік туралы меморандум.

Суреттер Президенттің баспасөз 
қызметінен алынды