Салтанатты марапаттау рәсімі 30-шы Мәскеу халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің аясында өткізілді.
Кітаптың авторлары – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жанында ұзақ жылдардан бері жемісті қызмет етіп келе жатқан үзеңгілестер командасы. Бұл жөнінде «Егемен Қазақстан» газетінде 2016 жылдың 29 қарашасындағы нөмірінде жазылған болатын. Қазақстанның Ресей Федерациясындағы сол кездегі елшісі, бүгінде Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Марат Тәжиннің бастамасымен жазылған Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Нұртай Әбіқаевтың, Әділбек Жақсыбековтің, Қайрат Мәмидің, Нұрлан Нығматулиннің, Иманғали Тасмағанбетовтің және Марат Тәжиннің деректі очерктерінің жинағы қазіргі заманғы Қазақстанның ширек ғасырлық дамуына түбірлі шолу жасап, авторлар өздері тікелей қатысқан барлық оқиғаларды, процестер мен фактілерді суреттейді.
Кітапта Қазақстанның сыртқы әлеммен өзара қарым-қатынас орнатудағы тартымды тұстары баяндалып, елдің саяси дамуының негізгі кезеңдері, жаңа елорда Астананың бой түзеуі, демократиялық саяси және құқықтық жүйенің қалыптасуы жарқын әрі жан-жақты бейнеленеді. «Біріншімен бірге» кітабы Мемлекет басшысының «болмысты өзгертудегі қабілетін, қоршаған әлемді жарқын болашақтың көзқарасына сай үйлестіріп, мақсатты айқындап және оған қол жеткізуде еліміздің барша азаматтарын сөз жүзінде емес, іс жүзінде топтастырудағы» бірегей көшбасшылық қасиеттерін ашады.
Кітапты шығарған «Художественная литература» баспасының директоры Георгий Пряхин Қазақстан Президентімен ұзақ жолды бірге жүріп келе жатқан адамдардың әңгімелеуі басылымның басты жетістігі екенін айтты. «Олар Қазақстанның қазіргі заманғы қуатты державаға айналу жолындағы ел басшысының бірегей бейнесі мен атқарылған жұмыстардың сипатын егжей-тегжейлі ашып көрсетеді. Кітапта ел басшысының бейнесі сомдалады, көшбасшы мен оның үзеңгілестері ғана емес, барша халықтың жүріп өткен жолы көз алдыңызға келеді», деді Г.Пряхин. Оның пікірінше, Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығының арқасында Қазақстан тәуелсіздіктен мейлінше мол пайда көре білді.
Ресей Федерациясы Президенті әкімшілігінің бұрынғы басшысы, қазіргі уақытта әлеуметтік-экономикалық және интеллектуалдық бағдарламалар қорының президенті Сергей Филатов Нұрсұлтан Назарбаевты ХХ-ХХІ ғасыр тоғысындағы басты саяси тұлғалардың бірі ретінде санайтынын айтты. «Қазақстан Президенті посткеңестік кеңістіктегі тұрақтылықты сақтауға өте көп еңбек сіңірді, ал ең бастысы, ол барлық күш-жігері мен қуатын өзінің елі мен халқына арнайтыны маған ерекше ұнайды», деді ол.
Ресей Федерациясы Федерация Кеңесінің Халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Константин Косачевтің айтуынша, кітап форматы Қазақстан Президентінің қызметіне ең жақын аралықтан көз тастап, оның тұлғалық ауқымын, атқарған істерінің ауыр жүгін, терең жауапкершілігін тануға болады. «Нұрсұлтан Назарбаев – еуразиялық тұжырымдаманың жалпы жұртшылық мойындаған туындыгері», деп еске салды сенатор. «Ол бұл тұжырымды ең алғашқы болып жасады және оны дәйекті түрде сатылап іске асыруда. Еуразиялық идеясы бүкіл әлемге таралды, бұл істе, сөзсіз, Қазақстан Президентінің сіңірген еңбегі орасан зор», деді К.Косачев.
Мәскеу халықаралық кітап көрмесі ұйымдастыру комитетінің төрағасы, Баспа және бұқаралық коммуникация федералдық агенттігі жетекшісінің орынбасары Владимир Григорьев Қазақстан Президенті бәрімізге тарап кеткен елде де тығыз байланыстарды сақтауға болатынын сезіндіргенін айтты. «Қазақстанның жаңа тарихының барлық бұрылыстарында: аялдаңдар, айналаға көз салыңдар, болашақты ойлаңдар, өткенді зерделеңдер, өздеріңнің тарихтарың мен мәдениеттеріңді бағалаңдар деген ой-сана үні естіліп тұрады», деді ол.
Еске сала кететін жағдай, Мәскеуде былтыр, бір жылға жетер-жетпес уақытта тұсауы кесілген бұл кітапқа Ресей жұртшылығы тарапынан ерекше ілтипат танытылды. Іс-шараға көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, дипломаттар, ғалымдар, сараптама және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, белгілі публицистер қатысты.
«Егемен-ақпарат»