Парламент • 11 Қыркүйек, 2017

Сенат Бюросының отырысы болды

397 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен өткен Парламент Сенатының Бюро отырысында осы сессиядағы заң шығару жұмыстары жөніндегі міндеттері алға қойылды және және Мәжілістен түскен заң жобалары бөлініп берілді.

Сенат Бюросының отырысы болды

Мемлекет басшысының парламенттік сессияның ашылуында алға қойған міндеттеріне сәйкес депутаттар үшжылдық республикалық бюджетті қарайды, Салық кодексі мен кеден заңдарын жетілдіру, Ұлттық Банкінің екінші деңгейге қатысты бақылау өкілеттіктерін күшейту, сақтандыру жүйесін дамыту, дәрі-дәрмек айналымын реттеу, мемлекет мүдделері мен ақпарат қауіпсіздігін қорғау және құқық қорғау органдарын реформалау мәселелерін қарайтын болады.

«Біздің барлық жоспарлы жұмыстарымыз Президент айқындаған заңдарды алдын ала мұқият пысықтауға бағытталуы керек», - деді Қ.Тоқаев.

Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті «Қазақстан Республикасы мен Сербия Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы»; «Қазақстан Республикасы мен Сербия Республикасы арасындағы ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы»; «Қазақстан Республикасы мен Сербия Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобалары бойынша бас комитет болып белгіленді.

Бюро мүшелері «Орта білім беру жүйесінің жай-күйі, проблемалары және заңнамалық реттеу перспективалары» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау өткізуге әзірлікті талқылады. Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті ұйымдастыратын шараны 22 қыркүйекте өткізу жоспарланды.

Бюрода сенаторларды халықаралық парламенттік ұйымдарға және шет мемлекеттер парламенттерімен ынтымақтастық топтарына жіберу, сондай-ақ Сенаттың 2017 жылға арналған негізгі шаралар жоспарына өзгерістер туралы мәселелер қаралды.