Чемпионат ерлер және қыздар арасында классика, рапид және блиц санаттары бойынша жеке-жеке өткізілді. Сонымен қатар, турнирде тұңғыш рет командалар жұптық бәсекеде күш сынасты.
Классикалық санат бойынша өткен ойында жерлесіміз Хәкімжан Елеусінов алдына жан салмады. Ол жеті турда мүмкін болған жеті ұпайдың бәрін алып, осымен үшінші рет әлем чемпионы атанды. Осы жеңісінен кейін чемпионға «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері» атағы берілді.
Хәкімжан Елеусінов 2012 жылдан бастап Қызылорда облысының тоғызқұмалақтан аға жаттықтырушысы қызметін атқарып келеді. Бұдан бұрын ол 2012 жылы Чехияда, 2015 жылы Алматыда өткен әлем біріншіліктерінде топ жарған болатын. Бұл сында тағы бір қазақстандық Сайлан Матылов күміс медаль иегері атанса, қырғызстандық тоғызқұмалақшы Белек Мамбеталиев қола жүлдені қанағат етті.
Қыздар арасындағы тартыста әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Әсел Далиеваның жұлдызы жоғары болды. Турнир барысында тамаша нәтижеге қол жеткізген ол осымен бесінші рет әлем чемпионы деген атақты иемденді. Қырғызстандық Жаңыл Сағынбекова екінші орынға тұрақтаса, жерлесіміз Ақерке Кенжебекова қола медаль иегері атанды.
Ерлер арасындағы блиц ойынында Қырғызстаннан келген тоғызқұмалақшылар ешкімге дес берген жоқ. Бұл елдің Кубан Иброгимов және Анарбек Джамакеев сынды ойыншылары, тиісінше бірінші және екінші орындарды жеңіп алды. Ал қыздар арасындағы сында қазақстандық тоғызқұмалақшылар Қымбат Нөсерова мен Диана Кенина үздік шығып, алтын және күміс жүлделерді өзара бөлісті.
Рапид жарысында Нұрбек Қабиев Қазақстан қоржынына алтын жүлде салса, Хәкімжан Елеусінов қола медальды місе тұтты. Қыздар арасында өнер көрсеткен Лина Кәрімова да ел намысын лайықты қорғап, чемпион атанды. Әсел Далиева болса, бұл сынды күміс медальмен аяқтады.
Командалық жұптасып өнер көрсетуде құрамында Серік Ақтаев пен Әсел Далиева ойнаған Қазақстанның бірінші командасына тең келер қарсылас табылмады. Еліміздің екінші командасы үшін ойнаған Жанат Қаймолдин мен Роза Райымбекова жұбы күміс жүлдеге қол созса, Моңғолия елінің тоғызқұмалақшылары Жасұлан Рысбек пен Құралай Құлбек қола жүлдені қанжығаға байлады.
Тағы бір айта кететін жайт, әлем чемпионаты барысында Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының кезекті отырысы өтіп, онда қазақтың ұлттық зияткерлік ойынының болашақтағы даму стратегиясы талқыланды. Сонымен қатар, бірқатар кадрлық шешімдер қабылданды. Соның нәтижесінде, Алихан Байменов Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясының президенті болып қайта сайланды. Жан Решитский (Швейцария), Рауф Озген (Түркия), Асылхан Сакей (Моңғолия), Дастан Қапаев (Қазақстан) бұдан былай вице-президенттік қызметті атқаратын болса, Мақсат Шотаев ұйымның Бас хатшысы болып бекіді.
Тоғызқұмалақтың келесі дүниежүзілік додасы 2019 жылы Түркияда өтеді. Ал Еуропа чемпионаты 2018 жылы Францияда ұйымдастырылса, сол жылы Моңғолияда Азия біріншілігі жалау көтермекші.
Жалпы, бұл жолғы әлем чемпионаты дүние жүзі бойынша тоғызқұмалақ ойынына деген қызығушылықтың арта түскенін байқатты. Турнирге қатысушылардың саны жылдағыдан көп болғаны өз алдына, бұл дүбірлі бәсекеге биыл тұңғыш рет Аустрия, Камерун, Польша және Украина елдерінен де тоғызқұмалақшылар келіп, өнер көрсетті. Яғни, қазақтың зияткерлік ойыны жыл өткен сайын аясын кеңітіп, өзінің дәрежесі бойынша әлемдік деңгейге көтеріліп келеді.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»