Жобаны басқару саласындағы танымал мамандардан тұратын халықаралық қазылар алқасы «2017 жылдың ең үздік жобасы» номинациясында бірінші орынды (алтын медаль) Назарбаев университетіне Медицина мектебі ғимаратының құрылысын салғаны үшін берді. 2017 жылы Қазақстан үшін бірегей және әлеуметтік маңызды жоба – Медицина мектебі ғимаратының құрылысы аяқталып, пайдалануға енгізілді. Ол жобалық басқарудың көмегімен табысты іске асырылды. Медицина мектебінің ғимараты сәулет дизайнымен ғана бірегей жоба емес, сонымен қатар интеграцияланған академиялық денсаулық сақтау жүйесі шоғырланған жер болып табылады.
«Бірінші орынды біз құрылыс жобасын іске асырғанымыз – әріптестерімізбен бірге төрт жыл бойы Медицина мектебін құрғанымыз үшін алдық. Бұл жобаны біз барлық санаттағы үздік әлемдік тәжірибе мен стандарттар бойынша іске асырдық», деп атап өтті Назарбаев университеті президентінің әкімшілік-қаржылық басқару мәселелері жөніндегі консультанты, Қазақстандық жобаларды басқару қауымдастығының вице-президенті Мақсат Мамашев.
Сондай-ақ, Назарбаев университеті «Ең үздік әлеуметтік жоба-2017» номинациясында «Назарбаев университеті – көшбасшылық және Қазақстандағы білім беру реформасын дамыту» жобасы үшін екінші орын (күміс медаль) иегері болды.
«Егемен-ақпарат»