Күнгей халқы ежелден шаруашылыққа бейім. Оған өңірдің табиғаты да, ауа райы да мүмкіндік береді. ОҚО-да биыл егіншіліктің арқасында рекордтық өнім жиылып, егіс алқабы 20,7 мың гектарға артқан. Республика бойынша жүзімнің 68,5%, жеміс-жидектің 38%, бақша дақылдарының 61%, мақсарының 36 %, көкөністің 25% ал, мақтаның 100%-ын өндіреді. Мақта демекші, былтыр ақ алтынның 58 мың тоннасы ЕАЭО, Қытай және Еуропа елдеріне экспортталған.
Сонымен қатар, Оңтүстік жұртшылығының терін төгіп, қызығын көріп жүрген тағы бір байлығы ол – қауын-қарбыз. Мақтаралдың диқандары жылына 650-700 тонна қауын-қарбыз жинап, оның 450 тоннаға жуығын Ресей мен Беларусияға шығарады. Бұл кәсіптің құны былтыр 7,6 млрд теңгені құраған. Және оның 70 пайызы шетелге сатқан саудадан түскен. Мырзашөлдің сары әңгелегі де шетелдіктердің мол сұранысына ие болып, осы сала бойынша Орта Азияда көш бастап келеді. Мәселен, Мақтаралдың тумасы Ердәулет Орынбаев қауын-қарбызды алыс-жақын мемлекеттерге тасымалдап, еңбегінің қызығын көріп жүр.
– Қауын-қарбызбен айналысып жүргеніме 5 жылдан асты. Көбіне Ресейге тасымалдаймыз. 20 тонналық көлікпен жылына 10-15 рет алып барамыз. Шекарада ешқандай мәселе жоқ. Ресейге қауын-қарбызды бізден басқа Өзбекстаннан да азырақ алып барады. Ал негізгі бәсекелесіміз дағыстандықтар. Бірақ олардың қарбыз-қауынының қасында біздікі өте дәмді. Сонымен қатар, Оңтүстіктен Ресейге қауын-қарбыздан бөлек жүзім, құрма, қырыққабат және маусымға қарай түрлі жеміс-жидектер тасымалдаймыз, – дейді мақатаралдық кәсіпкер Ердәулет Орынбаев.
Жалпы, ЕАЭО-ның негізінен кәсіпкерлерге тиімді екенін айтып өткен жөн. Себебі, одақ аясында бәсекелестіктің тең шарты құрылып, техникалық реттеудің тиімді жүйесі енгізіледі. Кедендік баж салығы болмайды. Сондай-ақ, шекарадағы қозғалыс жеңілдеп, тауар тасымалдау артады. Ең бастысы 180 миллионнан астам нарыққа жол ашылады. Қазақстанның әлеуеті жоғары өнеркәсіп, мұнай және мұнай өнімдері, дәрі-дәрмек, ауылшаруашылығы және тағы басқа салаларды дамытуға мүмкіндік береді. Мәселен, елімізде дәрілік өсімдіктердің 1500-ге жуық түрі бар. Оның 1037 түрі Оңтүстік өңірінде кездеседі. Шымкент қаласының аумағында атап айтсақ, Отырар, Түркістан, Шардара секілді аудандарда әлемнің ешбір елінде кездеспейтін дәрілік шөптер бар. 16-сы Қызыл кітапқа енген. Олардың басым бөлігі медицинада, өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында қолданылады. Ордабасы ауданында «Сейтбек әулеті» ЖШС қызыл мия дәрілік өсімдігінің тамырын жоғары технологияда өңдеп, ЕАЭО және Орта Азия елдеріне шығарады.
Қазіргі таңда Еуразиялық экономикалық одаққа бірқатар мемлекеттер мен халықаралық бірлестіктер қызығушылық танытуда. Алдағы уақытта Корея, Сингапур, Вьетнам, Иран, Тайланд, Моңғолия, жалпы 50-ге жуық мемлекет ынтымақтастық орнатуды қалайды. Ал Белорусияның тауар өндірушілері одақ аясында қазақстандық серіктестерімен бірлесе Орта Азия мен Қытай нарығына шығуға ниеттеніп отыр.
Сайып келгенде, Оңтүстік өңірдің Еуразиялық экономикалық одақтағы рөлі үлкен және халықаралық саудадағы мүмкіндігі мол. Мәселен, жоғарыда айтылғандардан басқа, «Ордабасы» құс фабрикасы өнімдерінің 30 пайызын Ресейге экспорттауда. Мекеме басшылығы алдағы уақытта бұл көрсеткішті одан әрі көбейтуді мақсат еткен. Кентаудағы трансформатор зауыты да өз тауарларын ТМД елдерінің нарығына шығарып отыр. Бұдан бөлек, теріскейде жылыжай шарушалығы жақсы дамып келеді. Атап айтсақ, гүл, қияр, қызанақ және тағы басқа да жеміс-жидек өсіру қарқыны жоғары. Кейбір шаруалар жылына бірнеше рет өнім алады.
Осы орайда, мұндай игі бастамалардың бірқатары «Ырыс», «Береке», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» секілді мемлекеттік несиелік бағдарламалары арқылы жүзеге асып жатқанын айтып өткен жөн. Аталған бағдарламалар аясында былтыр 35 млрд теңге игеріліп, жыл басынан бері 822 шаруаға қаржылай көмек берілген.
Еуразиялық экономикалық одақ 2014 жылдың 29 мамырында Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекет басшыларының қол қойылған келісім негізінде құрылып, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Еуропалық Одақ интеграциясының тұжырымдамасын 1994 жылы Елбасы Н.Назарбаев алғашқы болып таныстырған болатын.
Сапарғали ҚАНАТ