Алматыда Түркітілдес мемлекеттер Ынтымақтастық кеңесінің I Саммиті болып өтті.
Оған Әзербайжан Республикасының Президенті Илхам Алиев, Қырғыз Республикасының Президенті Роза Отунбаева және Түрік Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Бекир Боздағ қатысты.
Тарихтың өне бойында тамыры терең бәйтеректің бұтақтарындай түркі мемлекеттерінің тұтастығы өзектілігін ешбір жоғалтқан емес. Елдігіміз қалпына келіп, етек-жеңімізді жиған тұста татулықпен суарылған ауызбіршіліктің керектігі қай кездегіден де көкейкесті болып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Түркітілдес мемлекеттер Ынтымақтастық кеңесінің І Саммиті бабалар мұраға қалдырған қасиетті парыздың пернелерін басқаны ақиқат.
Қалай десек те, Түркі Кеңесінің тұңғыш саммиті болып табылатын алқалы жиын экономикалық ынтымақтастық тақырыбына арналды. Алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ата-баба дәстүрінен аттамай, таяуда болған қайғылы оқиғаға байланысты Түркия халқына көңіл айтты.
– Бүгін біз жаңа жалпытүркілік Түркі Кеңесінің жоғары деңгейдегі алғашқы кездесуінде басқосып отырмыз. Былтыр Ыстамбұл қаласында Алматы Саммитінің негізгі тақырыбы жөнінде келіскенімізді баршаңыз білесіздер. Осыған орай біздің бұл жолғы басқосуымыз түркітілдес елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастық мәселесіне арналады. Саммиттің күн тәртібі кеңеске мүше мемлекеттердің барлығына алдын ала жолданған болатын, – деді алқалы жиынның ашылу рәсімінде Нұрсұлтан Назарбаев.
Осы арада Саммитке Әзербайжан Республикасының Президенті Илхам Алиев, Қырғыз Республикасының Президенті Роза Отунбаева және Түрік Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Бекир Боздағ қатысқанын нақтылай кетейік.
– Түркі Кеңесі деп аталатын ортақ отауымыздың алғашқы жоғары деңгейдегі басқосуына жиналып отырмыз. Нахчыванда 2009 жылы іргесі қаланған Кеңестің толыққанды халықаралық құрылым ретінде қалыптасып кетуіне барлығымыз да мүдделіміз. Бұл үрдіске өзге түркітілдес елдер де, атап айтқанда, өзбек пен түркімен бауырларымыз да біраздан кейін қосылады деген үмітіміз бар, – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
– Келесі кезекте түркі дүниесі кең байтақ Еуразия аумағындағы 40-тан астам ұлт пен ұлыстың басын біріктіреді, деген Елбасы былтыр Түркиядағы Саммитте бекітілген Түркі Кеңесінің Бас хатшылығы Ыстамбұлда жұмыс істей бастағанын еске салды. Кеңестің тиімді қызмет атқаруының құқықтық негізін қалайтын құрылтай құжаттары бекітілді. Сонымен қатар, Түркі Кеңесінің хатшылығының қызметін реттейтін бірқатар маңызды құжаттар қабылданды. Менің ұсынысыммен құрылған Түркі елдері Парламентаралық ынтымақтастық және Ақсақалдар кеңесі өзара ықпалдастықтың дамуына қомақты үлес қосуда. Жаңадан құрылған Түркі академиясы тамырлас тарихымызды зерделеп, ортақ мәдениетімізді дамытуға күш салуда. Қазақстан осынау ғылым ордасының нәтижелі жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсетіп отыр. Астанада бұл академия жұмыс істей бастады, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Түркітанудың өркендеуіне мүдделі барша қауымды осы академияның жұмысына белсене араласуға шақырған Қазақстан басшысы Саммитке қатысушылар оны келесі жолы елордада көре алатынына сендірді.
– Халқының саны 200 миллионға жуықтайтын түркілер адамзат тарихының мәдениетіне айрықша үлес қосқаны белгілі. Даңқты бабаларымыздың әлемдік сәулет өнерінде, поэзия мен ғылымда өшпес із қалдырғаны баршамызға мәлім. Сондықтан түбі бір туыс елдерді бір-біріне жақындастыра түсу үшін атқарылар іс-шаралар әлі де ұшан-теңіз, – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Ақиқатында Қазақстан Президентінің ұсынысымен құрылған Түркі елдері Парламенттік Ассамблеясы, Ақсақалдар кеңесі ұйымның қалыптасуына салмақты үлес қосып келеді. Жақында бекітілген Түркі академиясы тамырлас тарихымызды зерделеп, ортақ мәдениетімізді дамытуға күш салуда. Қазақстан Астанада орналасқан бұл ғылыми орталықтың жемісті жұмысын қамтамасыз ету үшін жан-жақты қолдау көрсететін болады. Нұрсұлтан Назарбаев барлық мүдделі тарапты Академияның жұмысына белсене атсалысуға шақырды. Түркі әлеміндегі кесек туындылардың антологиясын құрастырып, ортақ альманах шығарып, Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, Ахмет Ясауи және басқа да бабаларымыздың түркі әлеміне ортақ мұрасын бірлесе насихаттауда кең ауқымды шараларды ұйымдастыру қажеттігін атап өтті.
Қазақстан басшысы 2012 жылы Түркістанда «Қазіргі түркі әлемі: нақты ахуал және даму болашағы» атты халықаралық симпозиум, сондай-ақ «Астана – түркі әлемі мәдениетінің астанасы» атты кең көлемді бағдарлама аясында 2012 жылы өзге де мәдени іс-шаралар өткізуді ұсынды. Және де, бүгінде қазақ жерінде түркі халықтарының өкілдері Қазақстандағы 140 этнос өкілдерімен бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқанын атап өте келіп:
– Барша түркінің қасиетті шаңырағы – Қазақстан өз тәуелсіздігінің алғашқы күнінен бастап, осы бағытта нақты шараларды жүзеге асырып келеді. Біз этносаралық үйлесім мен келісім, өзара төзімділік идеяларын берік ұстанамыз, – деді. Мәселен, Қазақстанның бастамасы бойынша Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі тұрақты түрде өтеді. IV съезд келесі жылы өтетін болады.
Қазақстан басшысы ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы түркі халықтарының мәдениеті мен өнерін насихаттауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. БҰҰ Бас Ассамблеясы барша түркі халықтарына ортақ Наурыз мерекесін халықаралық мереке ретінде танып, мәдени құндылықтар тізіміне қосты. Ал Қазақстан Әзербайжан Президентінің Бакуде Түркітілдес елдердің мәдениет қорын құру туралы бастамасына қолдау білдірді. Бұл біздің елдеріміз арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға серпін береді, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
![221011-7](http://old.egemen.kz/2011img/221011-7.jpg)
Елбасы сондай-ақ бүгінгі кездесудің басты тақырыбы болып табылатын түркітілдес елдердің экономикалық ынтымақтастығын анықтау кездейсоқ еместігін атап өтті. Түркі халықтарының рухани жақындығы өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты нығайту үшін негіз болуы тиіс. Бұл үшін түркі әлемі жеткілікті көлемде табиғи байлыққа, жер және су ресурстарына, көлік және энергетикалық әлеуетке ие. Ең бастысы – бірлік пен ынтымақтастық үшін біздің ерік-жігеріміз бен шешімталдығымыз болуы керек. Тек сонда ғана біз әлемдегі жетекші бәсекеге қабілетті елдер қатарына ене аламыз, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан басшысы Кеңестің алғашқы Саммиті жаһандық экономикалық дағдарыстың жалғасып жатқан жағдайында өткеніне тоқталды. Осыған байланысты түркітілдес елдердің жаһандық дағдарысқа қарсы бірлескен іс-қимыл тетіктерін құру қажет екендігін алға тартты. Түркі Кеңесінің алғашқы Саммитіне төрағалық еткен Қазақстан Көшбасшысы инновация мәселесінде аса көп нәрсе тындырылмағандығын да жаба бүркемелемеді.
– Біз бір-бірімізге көмектесіп, экономика министрлеріне тапсырма беріп, екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуымыз керек. Сауда-саттықты ұлғайтуымыз қажет. Әрине, ол нарық жүйесінде болуы керек. Қазіргі заманда ешкім ешкімге бекерге ештеңе бермейді. Бірақ, көмектесуімізге болады. Қазір дүние жүзінде елдің бәрі дағдарыстың екінші жүйесі келе жатыр деп есептейді. Осыған байланысты түркітілдес мемлекеттердің ішінде қандай талдау бар? Не істеуіміз керек бірігіп? Қандай қорлар құруымыз керек? – деген сауалдар арқылы Елбасы көкейкесті мәселелерді тарқатты.
Нұрсұлтан Назарбаев осы орайда Илхам Алиевтің көлік жүйесі жөнінде өте нақты мәселелер айтқанын атап көрсетті. Біз оны іске қосуымыз керек. Қырғызстан Президенті Роза Отунбаева да өте нақты, көптеген ұсыныстар енгізді. Біз Қазақстанда құрылған Түркі академиясы, Ақсақалдар алқасы бар дейміз. Мәдени қарым-қатынастармыз бар дейміз. Бәрі дұрыс. Бірақ, экономикалық қарым-қатынасқа шын мәнінде көңіл бөлейік, деді Қазақстан басшысы.
Саммит соңында қорытынды құжатқа – Түркітілдес елдердің бірқатар халықаралық және өңірлік өзекті мәселелері бойынша келісілген ұстанымын, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығының негізгі бағыттарын айқындайтын Алматы декларациясына қол қойылды. Сонымен бірге, түркітілдес мемлекеттер Ынтымақтастық кеңесінің рәсімдік ережесі қабылданды. Алматы декларациясы атауына ие болған осынау құнды құжат жалпы және ортақ мәселелерді, халықаралық жобаларды, қауіпсіздік, экономикалық, әлеуметтік мәселелерді, халықаралық ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастықты жеке-жеке қамтитынын айта кеткеніміз жөн. Ал оның толық мәтінін Сыртқы істер министрлігінің сайтынан оқып, танысуға болады.
Сонымен, сәтті өтті деп саналған саммит соңы іле-шала төрт мемлекеттің көзі мен құлағындай болып отырған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін баспасөз мәслихатына ұласты.
– Қазақстан үшін Түркі Кеңесінің тұңғыш төрағасы болу – өте үлкен мәртебе. Біз өзіміздің ортақ күш-жігерімізді түркітілдес елдерді жақындастыру, ұйым қызметінің тиімділігі мен Кеңестің мәртебесін арттыру үшін жұмсаймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. – Біз әлемдік дағдарыс дауылына қарсы тұруға бағытталған ортақ әрекеттердің тиімді тетіктерін қалыптастыру жайын талқыладық. Сонымен қатар, сауда-экономикалық, инвестициялық көпжақты байланыстарды дамыту жолдарын қарастырдық. Елдеріміздің транзиттік мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану жолдарын айқындадық.
Түркітілдес мемлекеттер Ынтымақтастық кеңесі Төрағасының айтуынша, мақсат – туысқан түркі әлемінің әлеуетін арттырып, оның орнықты дамуына мүмкіндік жасау. Түркі елдері Іскерлік кеңесінің құрылуы ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді деп сенім артылуда.
– Бауырлас елдерді жақындастыру үшін мәдени-гуманитарлық өзара байланыстарды тереңдетуге уағдаластық. Саммит нәтижесі бойынша Алматы декларациясы және Түркі Кеңесінің рәсімдік ережелері қабылданды. Бұл құжаттарда елдеріміздің арасындағы қарым-қатынастардың сан түрлі саласы қарастырылып, нақты тапсырмалар берілді. Бұл маңызды құжаттар бірлестігіміздің мәртебесін арттырып, ынтымақтастық негіздерін айқындайды деп есептейміз, – деді Елбасы.
Қазақстан басшысы алқалы жиынға қатысқан түркі мемлекеттері басшыларының шешімімен Түркі Кеңесінің ІІ Саммитті келер жылы Қырғызстан астанасы – Бішкек қаласында өтетінін мәлімдеді. Айыр қалпақты ағайынның ауылындағы ІІ Саммитті «Білім, ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастық» тақырыбында өткізу ұйғарылған.
Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.