27 Қыркүйек, 2017

Алаңдамағанда қайтпексің...

334 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінде АҚШ өз әскерлерін Еуропа мен Таяу Шығыс аумағына көбірек орналастырудың түрлі жолдарын қарастыруда. Ал НАТО құрлықта да, теңізде де әскери жаттығулар өткізуді жиілете бастады. Солтүстікатлантикалық альянстың биылғы жылдың бірінші жартысында Шығыс және Оңтүстік Еуропада, сондай-ақ Еуразияның Қара теңіздегі шекараларында әскери жаттығулар өткізгені соған дәлел болмақ.

Алаңдамағанда қайтпексің...

АҚШ және оның одақтастарының осы іс-әрекеттерінде жекелеген мемлекеттерге деген «саяси ойын» жатқанын саясаттан хабары бар жан жақсы біледі. Мысалы, НАТО әскери күштерінің жоғарыда аталған өңірлерде жаттығулар өткізуінің астарында Ресейдің «шамына тиіп, оны ызаландыру» жатқан сияқты. Тіпті мұны арандату десе де болатындай. Өйткені мемлекеттік шекараңа жақын жерде өзге елдердің әскери техникалары әрі-бері жүйткіп, оқ атып, ойнақ салып жүрсе, алаңдамағанда, қайтпексің!

Арандату дегеннен шығады, мыңдаған бейбіт тұрғынды құрбан еткен Ирак пен Сириядағы соғысқа бірқатар елдермен бірге, АҚШ та қатысты. Ондағы басты мақсаты − аталған елдердегі қантөгісті тоқтатып, тұрақтылық орнатуға үлес қосу. Бірақ осы «қатысудың» негізінде Таяу Шығыстағы ірі мемлекет – Иран Ислам Республикасын «ызаландыру мен қорқыту» тұрғанын да байқауға болатындай. Себебі, Иран өзімен көршілес Ирактағы күрд сепаратизмінің күшейіп, өңірге таралуына түбірімен қарсы. Сирия билігі болса, бұрыннан өз елдерінің аумағында күрд сепаратистерімен күресіп келеді.

Бұдан бөлек, Иран елінде АҚШ пен Израиль өздерінің күрд одақтастарын Иранға қарсы «соғыс жүргізу» үшін пайдалануы мүмкін деп қауіптенетіндер қатары басым. Ал күрд жетекшілері биылғы жылы Ирактың солтүстік бөлігінде тәуелсіздік туралы референдум өткізуге әрекеттеніп жатқаны жөнінде біраздан бері айтылып жүр. Референдумға өңірдің күрд емес тұрғындары қарсылық танытып, байкот жариялады. Бұған, сондай-ақ Түркия мен Иран қарсы екенін бірнеше рет мәлімдеді.

Қытай «Белдеу және жол» аталатын коммерциялық сауда жобасын қабылдағаны, оны әлемдік қоғамдастыққа таныстырғаны белгілі. Жекелеген сарапшылар АҚШ тарапы осы жобаны іске асыруға мүм­кін­ді­гінше «кедергі жасап» бағатынын ай­тады, соған байланысты мысалдар да келтіреді. «Жаңа Жібек жолы» деген атаумен белгілі «Белдеу және жол» жобасының картасында сау­да жолының өтетін бағыттары мен нүк­телері көрсетілген. Соның бір ба­ғыты Сирияның солтүстік-шығыс бө­лігінде жатыр. Бұл аймақ сириялық күр­дтердің тәуелсіздік мәселесін жиі көтеріп жүрген өңірге жатады. Егер Батыс Солтүстік-Шығыс Сириядағы ұлтшыл күрдтерге қолдау көрсететін болса, жаңа Жібек жолының бойында АҚШ-қа бүйрегі бұратын екі күштің құрылуына әкеп соқтыруы мүмкін. Ал олар Түркиядағы Күрд жұмысшы партиясымен байланыс орнатқан жағдайда Түркияның жаңа Жібек жолымен интеграциялануы қиындай түспек.

Ал «Белдеу және жол» жобасына байланысты Қазақстанның ұстанымы айқын. Осы жоба аясында Қытайда өткен халықаралық ынтымақтастық форумында сөйлеген сөзінде Елбасымыз ежелгі Жібек жолын жаңа, заманауи форматта қайта жандандыру идеясы әлемде белең алып келе жатқан саяси, экономикалық және гуманитарлық дағдарыстарға берілген уақтылы жауап екенін атап өткен еді. «Бірлесе даму арқылы тұрақтылыққа қол жеткізу ұстанымы бүгінде ондаған елдің экономикалық мүддесіне сай келетін халықаралық ынтымақтастықтың тартымды формасы болып саналады. Осыған орай, Жібек жолының нақты сұлбасы көріне бастаған қазіргі кезде бұл макроөңірлік кооперацияның бірлескен стратегиялық үйлесімі қажет. Сондай-ақ Жібек жолы бастамасын іске асыру тұтас бір өңірлерді, соның ішінде Орталық Азияны жаһандық контексте жаңа тұрпатта танытуға мүмкіндік береді», деген еді Қазақстан Президенті сол форумда сөйлеген сөзінде.

Мемлекет басшысы, сондай-ақ «Белдеу және жол» идеясын ойдағыдай жүзеге асыру үшін мүдделі елдер арасында өзара сенімнің орнығуы, олардың тең құқықты және жан-жақты ынтымақтастыққа дайын болуы маңызды екеніне де назар аудартқан еді.   

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, 
«Егемен Қазақстан»