«Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейінің бөлім басшысы Алмас Мұхтаров әліпбиді ауыстырудың саясатқа да, басқаға да қатысы жоғын, ең басты қажеттілікті тілдің өзі талап етіп отырғанын жете түсіну керектігіне тоқталды. «Бұрын қазақ тілінің жазуын халық сыртқы күштердің, мәдениет пен өркениеттің ықпалы арқылы қабылдады. Қазір латын әліпбиін таңдау саналы түрде жүргізілгелі отыр. Себебі бұл – өркениеттің жолын таңдау. Әлемдік өркениетте бәсекеге түсетін басты қаруымыз – латынға негізделген қазақ жазуы болмақ», дейді сарапшы. Оның пайымынша, қазақ тілі өзінің тарихи, табиғи тазалығын сақтағанда ғана әлемді қызықтыра алады. «Тіліміздің сақтаушысы – үндестік заңы. Кеңес дәуірінде ретсіз енген кірме сөздердің тілімізге әкелген бейберекеттігіне тосқауыл қою үшін осы бір қатаң заңдылық қайта салтанат құруы тиіс», деді ол.
Аталған қорық-музейдің ғылыми қызметкері Асылжан Шайділдаев өткен мыңжылдықтардағы қазақ тарихы туралы жазылған көптеген шығыс жазбалары бүгінгі таңда Еуропа елдерінің тілдеріне аударылып, солардың мұрағатынада жатқанын айтады. «Егер латынға көшсек, сол тарихи құжаттарды, деректерді оқып, санамызға тез сіңіреміз», деді ол.
«Жаңа әліпби – күллі әлемдегі қазақтарды біріктіретін аса маңызды фактор. Елбасымыз айтқандай, бұл қадам бізді әлеммен тұтасуға, ұрпағымыздың ағылшын тілі мен ғаламтордың тілін игеруіне, ең бастысы қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады. Ал ана тілімізді жаңғыртудың жолы – латынға ауысу», деп мәлімдеді «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығының директоры Б. Исматов. Оның ойынша, бізге дейін әліпби реформасын жасаған елдердің озық үлгісіне сүйенуіміз қажет.
«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының орынбасары Е. Жасыбаев «Тілдің жанды организм екенін ескерсек, қазақ тілі де замана көшінен қалмай, жаңа технологиялар мен ғылымның тіліне айналып, әрдайым дамып, жетіліп отыруға тиісті», деген ойын жеткізді. Ол әлемдік тәжірибені ескере отырып, тілдің өзіндік ерекшеліктерін сақтай алатын, қазақ тілінің заңдылықтарына және бүгінгі технология талаптарына жауап бере алатын әліпби дүниеге келетініне сенім білдірді.
«Бүгінде түбі бір түркі дүниесі, негізінен латын әліпбиін қолданады. Бізге олармен мәдени, рухани, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты күшейту үшін латынға өту қажеттілігі туындайды. Бұл – өзге ұлттардың да қазақ тілін оқып-үйренуге, зерттеуге деген сұранысын туғызуы әбден мүмкін». Бұл – «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұжымының ортақ пікірі. Қорық қызметкерлерінің айтуынша, латынға көшсек, тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз.
Ал «Берел» тарихи-мәдени қорық-мұражайының ұжымы Елбасының латын әліпбиіне көшу туралы бастамасын ана тіліміздің даму аясын кеңейтетін бірден-бір стратегиялық құжат деп бағалады. «Әлемдегі ғылыми термин сөздердің көпшілігінің латын тілінде екенін ескерсек, латын әліпбиіне көшу сайып келгенде ана тіліміздің болашағын баянды етіп, қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге жол ашады», дейді қорық директоры Ж. Ахмадиев.
Дайындаған
Айгүл СЕЙІЛ,
«Егемен Қазақстан»