Отан Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеуге арналған іс-шаралар аясында Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйытқы болуымен жақында Щучье қаласындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы базасында «Үздік авторлық бағдарлама» атты республикалық конкурс өтті.
Оған республиканың барлық аймағынан жиналған ең үздік педагогтар мен психологтар қатысты. Алқалы жиында дарынды балаларға білім беру мәселелері талқыланып, үздік әдістемелер мен оқыту бағдарламалары ұсынылды.
Еліміздегі дарынды балаларға арналған 115 білім беру ұйымдарының оқу-тәрбие процесін 6 мыңға жуық педагогтар іске асыруда. 2011 жылғы конкурстың қорытынды кезеңіне ұсынылған әртүрлі бағыттағы 162 жұмыстың 85 жобасы өтті. Шығыс Қазақстан, Қостанай, Алматы, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстарының, Астана қаласы, республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған білім беру ұйымдарының ұстаздары ерекше белсенділік танытты.
Конкурс жеңімпаздары мен жүлдегерлері министрліктің I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталды. Одан кейін педагогтар Бурабай тарихи және табиғи ескерткіштер аймағына саяхат жасады.
Сүлеймен МӘМЕТ.