Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлық беру жөніндегі республикалық комиссияның қорытынды отырысы болды.
Ғылым мен техника саласындағы Отанымыздың Мемлекеттік сыйлығы ғылым, техника қайраткерлерінің қоғам мен ел алдындағы еңбегін жоғары бағалау болып табылады. Қазақстан Республикасының азаматтарына берілетін бұл жоғары марапатты Президент елдік ғылымды дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін екі жылда бір рет Тәуелсіздік күні қарсаңында өзі тапсырады.
Мемлекеттік хатшы отырысты ашар сөзінде комиссияға өте жауапкершілікті тапсырма жүктелгенін, сыйлық Елбасының Жарлығымен бекітілетін болғандықтан ұсынылған жұмыстардың ішінен барлық талаптарға сәйкес келетін, ғылымға қосар үлесі бар, болашақта нәтижелі болатын нағыз лайықтысын іріктеу қажет болғанын атап өтті. Бұл критерийлердің анық және нақты екені белгілі. Мемлекеттік сыйлыққа үміткер әрбір жұмыс, ең алдымен, отандық ғылымда серпінді болуы, өз саласында әлемдік ғылыми жұмыстармен бәсекелесе алуы, ғылыми-техникалық дамуға елеулі үлес қосуы тиіс.
Отырыстың қорытындысы бойынша комиссия Ғылым мен техника саласындағы 2011 жылғы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беру үшін Президентке ұсынылатын жұмыстардың тізімін бекітті.
Сүлеймен МӘМЕТ.