Қазақстан • 03 Қазан, 2017

Ұлттық бірегейлікке бастар жол

591 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев айтқандай, рухани жаңғырудың негізі ұлттық кодымызды жаңғыртудан бастау алуы тиіс. Ал біздің ұлттық кодымыздың негізі – ұлттық жазу. 

 

Ұлттық бірегейлікке бастар жол

Қазақ тіл білімінің негізін қалаған ағар­тушы ғалым әрі көрнекті мемлекет­ қайраткері Ахмет Байтұрсынов: «Әр ұлтқа төрт нәрсе керек. Олар: тіл, діл (менталитет), дін және жазу. Осылары болса ғана әр халық – өзінше халық. Егер бұлардан айырылса, ол ел, халық болудан қалады», – деген. Бұдан біз ұлттың ұлт болуы үшін жазудың да үлкен рөл атқаратындығын аңғарамыз.

Қазіргі біз өмір сүріп отырған ХХІ­ ғасырдың ақпарат дәуірі екен­дігін ескерсек, компьютер мен интер­нет пайдалану үлесі артқан сайын қол­даныстағы әліпбидегі қазақ әріп­терінің компьютерлік код жүйе­сіне енгізілмеуі салдарынан қазақ тілі өзінің мемлекеттік тіл ретіндегі ком­­муникативтік әлеуетін көрсете ал­май, тілдік бәсекелестіктен ұты­лып отыр. Міне, осындай тілдік, ақпараттық-коммуникациялық себептерге байланысты қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру – заман талабы.

Жақында Парламентте латын қар­пі­не негізделген қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы таныстырылғаны белгілі. Бұл жерде біз асығыстыққа жол бермей, жеті рет өлшеп, бір рет кесуіміз керек. Сондықтан осы бағытта құрылған жұмыс тобы тілші-ғалымдардың, зия­лы қауымның және жалпы жұрт­шылықтың пікірін ескере отырып, ­сындарлы шешім қабылдайды деп­ үміттенемін. Себебі әліпби рефор­масының жемісті жүргізілуі, ең ал­ды­мен, қабылданатын әліпби нұс­қасының дұрыстығына тікелей байланысты. Басы артық әріптерден арыл­ған, тіліміздің дыбыстық жүйесін то­лық қамтитын, сонымен қатар интер­нет жүйесіне де сәйкес келетін әліп­биді қабылдаумен қатар, емле ере­жемізді де түзеуіміз керек. Бөгде тіл­дің элементтерінен арылғанда ғана ұлттық сана жаңғыратын болады.

Латын әліпбиіне көшу реформасы шеңберінде әліпбиіміздегі басы артық бөтен әріптердің саны азайып, тілді үйрену оңайлай түспек. Заманауи ақпараттық технологияның құралына айналған латын қарпін үйрену, әсіресе ше­тел тілдерін, соның ішінде Еуропа тіл­дерін жетік меңгерген жастарға қиын емес. Егер де әліпбидің жеңіл әрі ұғынықты нұсқасы бекітілсе, оны үйреніп алу аға буынға да ауыр соқпайды.

Өкінішке қарай, мәселенің байы­бын жете түсінбейтін кейбір азаматтар «Латын тіліне көшу қазақ тілінің дамуына тежеу болады», деген негізсіз ой айтады. Нақтылап айтайын, біз латын тіліне емес, тек латын графикасы негізінде әзірленген қазақ әліпбиіне көшеміз. Сондықтан тіл мен графика ұғымдарын шатастырмауымыз керек.

Әлемдегі көптеген ұлттардың мә­де­ни тарихы көрсеткендей, ұлттық бірегейлікті қайта қалпына келтіруде жазу тілден де маңызды рөл атқарады. Қытайлар үшін иероглифтары қытай халқын біріктіретін мәдени код болып саналады. Себебі бір ғана Қытайдың өзінде қытай тілінің түрліше сөй­леу нұсқалары бар, ол ауызекі ком­муникацияға кедергі келтіруде, ал ­ортақ жазуы арқылы олар бір-бірін тү­сінісе алады. Орыстар, грузиндер, ар­мяндар, еврейлер, арабтар үшін қол­даныстағы әліпбилері олардың тіл­дерінің жай графикасын ғана емес, діни, мәдени, тіпті ұлттық бірегейлігін де танытады. Кезінде түрік халқының көш­басшысы Ататүріктің латын жа­зуы негізіндегі әліпбиге көшуі им­периялық (османдық) бірегейліктен ұлт­тық (түріктік) бірегейлікке ауысуын білдірді. Сол сияқты қазақ жа­зуын латын графикасына көшіру қа­зақ халқы үшін кеңестік (отарлық) бірегейліктен зайырлы (ұлттық) біре­гейлікке ауысуды білдіреді.

 Супердержавалар аз ұлттарды жұ­тып жатқан жаһандану дәуірінде біз­дер үшін де ұлт болып бірігудің ма­ңызы зор. Бұл ретте Қазақстанның қа­зақ елі екендігін айғақтайтын басты атрибут, ол – қазақ тілі. Ал қазақ пен қа­зақ­тың қазақша сөйлесуі, қазақша ойлауы үшін әліпбиді заманға сай жаңғырту қажет.

Латын графикасына негізделген әліп­биді бекіту арқылы қазақ ұлттық бірегейлігі қалыптасып, ұлттық санасы жаңғырып, әлем қазақтарымен ортақ ақпарат кеңістігі қалыптасып, ғаламторда қазақ жазуы толық оқы­лып, сол арқылы, шын мәнінде, бүтін әрі бәсекеге қабілетті ұлт боларымыз анық.

Айдос СӘДУАҚАСОВ,

саяси ғылымдар кандидаты