Қазақстан • 11 Қазан, 2017

Латын әліпбиіне көшу еліміз үшін жаңа мүмкіндік

1566 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Ла­тыншаға көшудің терең логикасы бар.

Латын әліпбиіне көшу еліміз үшін жаңа мүмкіндік

Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты» деп жазған еді. Расында, біз латын қарпіне көшу жайын сөз еткенде әліпби мен тілдің төңірегін ғана шиырламақ, бұл мәселеге байыптылықпен, кеңірек қарап, тереңірек үңілгеніміз жөн сияқты. Латын әліпбиіне көшу еліміз үшін жаңа мүмкіндік есігі деп есептеймін. Біз бұл есікті ашуымыз керек.

Бұл – жаңа кеңістікке жол ашатын есік. Әлемнің озық елдерімен тереземізді теңестіретін есік. Латын қарпіне көшу тілімізді, мәдениетімізді өрістетіп, жал­пы алғанда, мемлекетімізге жаңа мүм­кін­діктер береді. Қазір жаһандану деп жиі айтамыз. Сол жаһанданудың жал-жал толқындарына жұтылып кетпеу үшін, Елбасы айтқандай, бәсекеге қабілетті болу үшін біз батыл түрде осы есікке енуіміз қажет. Жаһанданудан ешқайда кете алмаймыз. Біз жаһанданудың қайнаған бел ортасында болуымыз керек. Заман талабы деген дүние бар. Оны да естен шығармағанымыз ләзім. ІТ-интеллект, жасанды интеллект дейміз. Мұны да назардан тыс қалдырмауға тиіспіз. Бұның да тілін білгеніміз дұрыс. Өйткені бұл – келешектің тілі, жастардың тілі. Біз қанша жерден «Жасанды интеллектті қабылдамаймыз, ол бізге керек емес» десек те, ол онымен тоқтап қалмайды, дами береді. Латын әліпбиіне көшпесек, біз одан қалыс қаламыз. Меніңше, қазір де қалып келе жатырмыз. Көп нәрсеге үлгермей жатырмыз. Тағы бір ескерер дүние, латын қарпі – интернет тілі. Интернеттің тілі ең әуелі латын әліпбиінен шыққан. Латын қарпіне негізделіп жасалған. Қазір жер жаһандағы жаңалық атаулының бәрі смартфон арқылы келеді. Өте тез таралады. Бұл есікті де өзіміз жаба алмаймыз. Бұған да біз дайын болуымыз керек. Сол тілде, яғни жаңалық тілінде біз тең сөйлесуіміз қажет. Тең сөйлесу үшін латын әліпбиі керек. Бұл – өркениетке апаратын жол. Меніңше, латынға көшсек біздің тіліміз де байиды, біліміміз де кеңейеді, мәдениетіміз де мәйектене түседі. Керек десеңіз, латын әліпбиі арқылы қазақ тілі жаңа деңгейге көтеріледі. Тілімізді үй­ре­нушілер қатары көбейеді. Біздің университетте Америкадан келіп сабақ беретін мұғалім латын әліпбиі арқылы қазақ тілін тез меңгеруге болатынын айтады. 

Латын қарпі жайын сөз қылғанда түбі бір түркі бауырларымыздың бұл әліпбиге әлдеқашан көшіп кеткенін де назарда ұстаған абзал. Елбасының салиқалы саясатының арқасында түркі әлемінен ойып тұрып алған орнымыздың бар екенін ешуақытта естен шығармауға тиіспіз. Қазір ел арасында латынға көшуге байланысты әртүрлі пікірлер айтылып жатыр. «Бензин жоқта әліпби не керек?» деген секілді сыңарезу сөздерді де құлағымыз шалып жатыр. Бензиннің жоқтығы – нарық заңы. Бұл – уақытша дүние. Бүгін жоқ, ертең бар. Бұл – бір-екі күндік мәселе. Ал латын әліпбиіне көшу – мәңгілік мәселе, ғасырлық жоба. Елбасының ғасырлық стратегиясы. Бұл мәселеге асқан байыптылықпен, үлкен жауапкершілікпен қараудың мән-маңызы осында болса керек. 

Мейір ЕСКЕНДІРОВ, 
Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры

СЕМЕЙ