Қазақстан • 12 Қазан, 2017

Жетісу жеріндегі «Рухани керуен»

535 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған, көтерілген мәселелерді орындау мақсатында Алматы облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Рухани керуен» жолға шыққан. Бірнеше аудан, ауылдарды аралап, бағдарламаның негізгі артып отырған жүгі мен көтеріп отырған бастамасын елге насихаттап, жеткізуді міндетіне алып, жолға шыққан керуен бірнеше күнге созылған сапардан оралды. 

Жетісу жеріндегі «Рухани керуен»

Орталыққа жақын сана­латын Ақсудан шалғай­дағы Алакөлге дейінгі аралықты жүріп өтіп, халықпен кездесу­лер өткізіп, әр аймақтың қасиет тұтар, мақтан етер жерлеріне ат байлап, бірнеше шараны қатар атқарып отырған «Рухани керуен» жобасын жүзеге асы­ру­шылар алдымен Ақсу ауда­ны, Жансүгіров кентіндегі жыр дүлдүлі Ілияс ақынның ес­керт­кішіне гүл шоқтарын қойды.

Бұдан соң Молықбай атын­дағы аудандық мәдениет үйін­де өткен салтанатты жиында Ал­маты облыстық дін істері бас­қар­масынының басшы­сы, керуен­нің жолбасшысы Рах­мет Есдәулетов Елбасы ұсын­­ған бағдарламалық мақа­ла­ны насихаттау мақсатында өз­дерінің атқарып жатқан жұ­мыстарымен таныстырды.

Бүгінгі күннің бас ауруына ай­налған мәселе – дін атын жа­мылып, арандатушылықпен айналысып жүрген ағымдар жайлы жүргізген зерттеу жұ­мыс­­тарынан дерек келтірді. Бағ­дар­ламада айтылған ұлт­тық құндылықтардың қай­нар бұлағы тарихымыз бен мәдениетімізді, салт-дәстүрі­мізді, туған жеріне туын тігіп, өсіп-өнуіне жағдай жасамаққа тырысып, игі істердің ұйыт­қысы болып жүрген азамат­тарды насихаттау басты мақ­саттардың бірі екеніне тоқ­талды. «Нұр Отан» партия­сы облыстық филиалы төраға­сының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев та өт­кен мен бүгіннің арасал­мағын анықтап алмай, іс атаулының өрге жылжы­май­тынын, тарихты, дәстүрді білмей, ата-бабаның жолын құрметтемей рухани кемел­дікке жету мүмкін емесін айтты. «Рухани керуеннің» мүшесі ақын Кәмнұр Тәлімұлы мен облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынба­сары Жұматай Әміреев өз атта­рынан тілек білдіріп, бұл керуеннің, жалпы, «Рухани жаңғырудың» басы өз ауы­лыңды, туған жеріңді, ауылың­нан шыққан жақсы-жайсаң­дар білу мен құрметтеуден баста­латынын тілге тиек етті. Об­лыс­тық Сүйінбай атындағы филармонияның әншілері Абылай Қармысов, Құралай Шаяхметова мен Алматыдан арнайы келген жыршы-тер­меші Әбіш Әділбеков өнер көрсеткен сахнаға жергілікті өнер­­паздары да шығып, байып­ты басқосуды мерекелік көңіл күйге ұластырды.

Бұдан соң керуен мүшелері бірнеше топқа бөлініп, кесте бойынша жоспарланған жұмыс­тарына кірісіп кетті. Бір қуан­тарлығы, аудан орталығында деструктивті діни ағымдарға ілесіп, тіркеуге алынған бірде-бір адам болмады. Әлеумет­тік, денсаулық саласы маман­дары тұрғылықты жұртпен кез­де­сіп, сан сауалдарына жауап бер­се, бір тобы аудан ақсақал­дары­мен жүздесіп, емен-жарқын әңгіме өрбітті.

Енді бір тобы жастармен дидарласып, дін мен дәстүр негізінде қойылған сұрақ­­тарға егжей-тегжейлі жауап берді. Сапардың қоры­тын­­дысы ретінде орталық ста­­­дионда шағын футболдан жарыс ұйымдастырылды.

Әрі қарайғы сапар Сарқан ауданында жалғасып, қазақ­тың тұңғыш инженер-ғалымы Мұха­метжан Тынышпаев ес­керт­кішіне гүл шоғы қойылып, құрмет көрсетілді. Мақсат ай­қын, міндет түсінікті болған соң, әр ауданға ат басын тіреген сайын негізгі бағыттан ауыт­қымай, ұғындыру, түсіндіру жұмыстарымен бірге, діни жат ағымдардан сақтандыру, діни сауат беретін кітапшалар тарату, қаймағы бұзылмаған діннің қадір-қасиеті жайлы ақпарат беру, әртүрлі жас­та­ғы тұрғындармен кезде­су, аудандағы негізгі қиыншы­лықтарды біліп, сол бойынша жұмыс істеу жоспарын құру, жалпы, облыстағы діни ахуал­дан хабардар ету назар­дан тыс қалған жоқ.

Сарқан ауданындағы бір ерекшелік керуенге мүше болып, жолға шыққан өнер­паз­­дардың базардың қақ ор­тасын сахна жасап, көрсет­кен өнері болды деуге болады. Мұнда да аудандық спорт кешенінде шағын футболдан бірнеше команда арасында жарыс өтті.

Алакөл ауданына келгенде де дәстүр бұзылған жоқ. Әуелі Ұлы Отан соғысы ардагер­лері мен тыл еңбеккерлеріне ар­нал­ған ескерткішке, одан кейін Дінмұхамед Қонаевтың ескерткішіне гүл шоғын қойып, рухқа тағзым жасап, аруаққа құрмет көрсетті. Бұдан соңғы атқарылған шаралар негізінен жоғарыдағы кесте бойын­ша жүрді.

Әу баста Талдықорған қала­с­ындағы «Жастар» саяба­ғында салтанатты ашылу болып, елдің ақ батасымен сапар­ға шығарда бұл жобаның таныс­тырылымы өткен.

«Руха­ни керуен» жобасы аясында құрылған жұмыс тобы «Рухани жаңғыру: ел ертеңінің бастауы» тақырыбында зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізіп, «Денсаулық – болашақ кепілі» тақырыбында діни сенімдер себептерінен екпе, қан құюдан бас тартқан, жат ағымға бет бұрған азаматтармен сөйлесіп, оң жолға салу, діннің негізгі мақсаты жайлы түсіндіру жұ­мыстарын жүргізеді. «Рухани жаңғыру: туған жер – алтын бесік» атты сурет және кітап көрмесі, «Ақпараттық түсін­діру жұмысы – діни сауат­тылықты арттырып, рухани байлығымызды дәріптейді» тақырыбында дінтанушы ғалымдармен дөңгелек үстел форматындағы кездесулер ұйымдастырып, «Рухани мұра» атты концерттік бағдарламасы арқылы ән мен жыр ғана емес, арнайы сахналық қойылымдар дайындап отырғандарын жет­кіз­ген. Және, бұл сапар үш айға созылатынын, облыстың бүкіл ауданын аралап шығатынын, керуеннің құрамында 50 шақ­та адам болатыны айтылған. Әр сапарында қатар жатқан үш ау­данды қамтитын «Руха­ни керуен» жақында ғана Райымбек, Панфилов, Ұй­ғыр аудандарын аралап қайт­ты. Жамбыл ауданынан бас­тал­ған керуеннің алдында әлі талай жол жатыр. Бұл жоба 17 қарашаға дейін жалғасатын болады.

 

 Алмас НҮСІП,

«Егемен Қазақстан»

 Алматы облысы