Соғыстан кейінгі жылдар халықтың аузы аққа тиіп, көңілі жайланып, тірлігі оңға басқан кезең болса, бұл да күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмеген атпал азаматтардың маңдай терімен өтелді. Жақсылық көрсе де, саясаттың сатқындығын сезсе де өз еліме болсын деп еңбектенген ерен тірліктердің иесі болса, онда ол – Жамбыл облысында жауапты қызметтер атқарған Берден Байқошқарұлы. Бұл өңірде ол кісіні білмейтін адам сирек. Әйтпесе мұнда «Берден көпiрi», жылдар өте келе «Берден арығы», «Берден тоғаны», «Берден көлi» деген жер-су атаулары пайда болар ма еді?
Ендеше естелікте әдемі сөздер болуы міндетті емес, тек шындық болуы керек дейді сөздің парқын білетіндер.
Балалығы ұрланған ұрпақ
«Тегінде бар – теңелер» деп бұрынғылар бекер айтты дейсіз бе?! Адамның бойындағы бар қасиет қанмен келеді. Байқошқардың бата алып өскен аса зерек баласы 1935 жылы бидайға орақ түсетін, шілденің 4-і яки 5-і күндері дүние есігін ашады. Оған дейін әкесі ашаршылыққа қос құлыны Сәрсенәлі мен Бейсенәлісін қолдан беріп, іштей азалы болып жүргенде, өмірге өзегін жарған ат байлар ұлы, жалғыз тұяғы Берден келеді.
Соғыстан жаралы болып оралған әкесі оңалып, тыл жұмысына бел шешіп кіріскенге дейінгі бала Берденнің көрген құқайы көп. Бар болғаны 5-6 жасында аң-құсқа жем болмай, 18 шақырым жерде тұратын Бітен атасының үйіне арып-ашып жаяулатып жетіп, аштықтан ісіп-кеуіп жатқан анасы Әтимахан мен екі қарындасын өзі арқалап әкелген бір пұт бидаймен аман алып қалғаны азаматтыққа бастар жолдағы тұңғыш тәуекелі демей не дерсің. Бұл болар баланың белгісі еді.
Көп ұзамай әкесi колхоз басқармасының төрағасы болды. Колхоз бала-шағаға дейін жабылып бидай ектi, мал өсірді, ел белін жазбай еңбек етті.
Осындай айрықша елеулi еңбек көрсеткiштерi үшiн бiрден ауылдың 6 адамы Социалистiк Еңбек Ерi атағын алған. Олардың iшiнде әкесi Байқошқар Мүсiрәлиев те бар болатын. Сөйтiп Берден бiр-ақ күнде «Геройдың баласы» болды да шықты...
1947 жылы Алматыдан әйгiлi жазушы Ә.Әбiшев iздеп келiп, 32 Социалистiк Еңбек Ерiнiң iшiнен әкесi Байқошқарды басты кейiпкер етiп «Үлкен жолда» повесiн жазып кетпедi ме!? Мiне, сол кiтапта да «Менiң бес жасар Берден деген балам бар, соған мұра етiп қалдырар байлығымның ең үлкенi – адалдығым», дептi қайран әке!
«Ата-ананың үмітін ақтаңыздар, жар-жар...»
Әлбетте Берден Байқошқарұлы өмір белестерінің баянды беттерінде әке үмітін ақтаған адам. Оны ел де айта берер.
Ең қызығы, бір дәуірдің хиты болған жаңа «Жар-жар» әні Берден мен Сәбираның үйлену тойына арналып жазылғанын екінің бірі біле бермес.
«Ақкөлде саған лайық бiр-ақ қыз бар. Ол – Сәбира Исаева» деп жерлес жігіттер айтып жүрген аруды «ЖенПИ-дегі» би кешінде кездейсоқ жолықтырған Берден Алматыдағы ауылшаруашылық институтын бiтiрген бойда сол қызға үйленiп, шаңырақ көтередi. Алдында институттың соңғы курсында оқитын студент достары ақын Абдрахман Асылбековке қоймай қолқа салып, «Жар-жар» әнiнiң жаңа мәтiнiн жаздыртқан.
«Халықтың әуен-жыры «Жар-жардың» жаңаша нұсқасын жаз. Бiз тойда соны айтайық», дейдi. Әбекең көп өтпей ежелгi жырдың жаңа заманға бейiмделген нұсқасын өмiрге әкеледi. Оны мәшiңкеге терiп, көбейтiп, достарына таратады. Күллi Қазақстанға белгiлi «Жар-жардың» осы жаңа нұсқасы Берден мен Сәбираның үйлену тойында алғаш 1959 жылы орындалып едi...
...Ата-ананың үмiтiн
ақтаңыздар жар-жар,
Махаббатты мәңгiлiк
сақтаңыздар жар-жар,
– деп аяқталатын үйлену той-жырын бұдан 60 жылдай бұрын осылай жамбылдық жастар тұңғыш шырқаған болатын.
Жұртты жұмылдыра білетін
Бірбеткей Берден Алматыдағы ауылшарушылық институтын бітіріп, дипломы қолына тиген бойда туған жерге тартты. Сол кездегі Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына келіп, сол жерден табылған Талас ауданындағы «Қызыл октябрь» колхозының бастығы Байбатшаевтың көзіне түсіп, ол жас маманды МТМ меңгерушілігіне тағайындаймын деп жата-жабысады.
Ақиқатында бұл аздаған өзге ұлттың өкіліне шаруашылықтардың күні түсіп тұрған жылдар еді. Қалай болғанда да жергiлiктi ұлттың техникалық сауатын жетiлдiрмей болмайтындай ахуал қалыптасқан-тұғын. Содан да болар, шеберханадағы мотор жөндеу, май ауыстыру, темір-терсек жону, қалыптау цехтарына қазақ азаматтарын көптеп тартуға құлшына кiрiскен. «Не бiлесiң, соның бәрiн үйрет, нағыз маман етiп шығар, бұл iстiң өзiм де басы-қасында жүремiн. Ештеңенi де бүгiп қалушы болмаңдар» деп тапсырып, немiс ағайындардың техникаға жетiк-ау дегендерiне бiр-екiден жас қазақ ұлдары мен қыздарын телiп қойды. Бұрыннан да темiрден түйiн түйетiн iсмерлер әулетiнен шыққан Әбдiрәсiл ағасының маңында да Үшкемпiр Кiтәшев, Құрақбай Шерiмов секiлдi ауыл жiгiттерiнiң қарасы молая бастаған.
Өрлеу үстіндегі өрен
Ауылға көп өзгерiс келдi сол жылдары. Бiрақ Берден еш өзгермедi. Кейде шам түбiнде түнімен тапжылмай әлдебiр кiтаптарға шұқшияды. Былайғы ағайындар оқуы дардай болғанмен, тәжiрибесi төмендеу демес үшін өзiнше iзденедi. МТМ меңгерушiсi болып жүрiп, механиктiң де жұмысын қоса-қабат дөңгеленттi.
Одан кейін Хрущевтің нұсқауымен жүгеріні жаппай егу науқаны келді. Осы тапсырманың үдесінен шығамыз деп үй көрмеген Берденнiң «квадратты» тапқанына ел сенер-сенбес халде. Аудан дүрлiктi. Оңтүстiк аймақ бойынша Жамбыл облысы, оның iшiнде «Ойық» совхозы жүгерiнi шаршылай ұялап егу жүйесiн дәлме-дәл игергенi үшiн бiрiншi орынға шықты. Сол тұста Сарысу, Талас аудандары негiзiнде аумақтық өндiрiстiк басқарма құрылып жатқан. Содан оған қоңырау шалынып «Сенi аудан басшысы Ақбозов қабылдайды. Ертең таңғы 9-дан кешiкпей кел», деп тапсырды.
Берденнiң ойына осыдан үш ай бұрын көктемгi егiс науқанына техника дайындау барысында кемшiлiк жiберiп алып, Ақбозовтан ескерту алғаны түстi. «Не жазып қойдым», деп қорқасоқтай алдына барды. Бiрақ оның жүзi жадыраңқы көрiндi.
– Берден, сен Руденконың орнына барасың, бұйрық шығарам!
Оның Руденко деп тұрғаны украин жiгiтi. Берденге бұрыннан таныс. Өзi – ғылым кандидаты әрi аймақтағы инженерлер арасынан Социалистiк Еңбек Ерi атағын алған алғашқы адам.
– «Ойық» совхозының инженерлiгi де тақияма тар келмес едi. Бiраз тәжiрибе жинауым қажет қой, – деп қашыртып баққан.
– Қаншаға келдiң? – деп қарсы сұрақ қойды Ақбозов.
– Жиырма алтыға!
Ақбозовтың бұған да айтар уәжі табылды.
Осылайша Берден үш жарым жылдай аумақтық-өндiрiстiк басқарманың бас инженерi болды. Өмiр өзiнiң қоңыр ағысынан жаңылмай, арба дөңгелегiндей зыр қағып өте бердi...
1969-дың қысы едi...
«Кеңес» совхозында мұның алдындағы жылы ғана 44 мыңның үстiнде қой болса, 90 пайызын қаһарлы қысқа бердi де шықты. Көктем шығысымен ең алдымен тау-төбе болып үйiлген малдың өлекселерінен арылу шаралары қолға алынған. Тереңқұмдағы 104 қора өртелдi. Әуез Байдiлдаев сов-хоз директоры болатын. Оны орнынан босатты.
Бары-жоғы 33 жастағы ендігі директор Бекең мал шаруашылығын қалыптастыру, дамыту iсiн қайта тақыр жерден бастады. Мемлекеттен бөлiнген қаржыға алғашқы лепте Ақтөбеден 1000 бас қазақы едiлбай қойы әкелiндi. Сосын Өзбекстанның Бұхара облысынан 3700-дей сұр түстi қаракөл қойы сатып алынды. Шаруашылықтағы қаракөл қойы бұған дейiн бiр өңкей қара түстi болатын.
Табанды жас директордың бойындағы жiгерге жұрт сүйсінді. «Юбилейный» су қоймасын iске қосу бер жағы ғана болды. Мұндай тоған қызылжарлықтарға да керек. Олардың ауыздарының салымы бар екен. «Юбилейныйды» он орайтын ояң жер тұп-тура ауыл iргесiнде ескерусiз жатыпты. Кеңес пен Қызылжардың екi аралығы, шұңғылдау келген орта тұсы – кең ойпат iздегенге-сұраған болды да шықты.
Сонымен Бөлекқызылда тоспа тұрғызу жұмысы жаз басында-ақ қауырт басталған. Бөгет салу iсi бас-аяғы 43 күнде бiттi. Екi қырдың ортасында 4-5 машина қатар жүре аларлық, екi кiсi бо-йындай жалпақ белдеу-жал пайда болды. «Сабантойға» айналды соңы мұның.
– «Берден платинасы» деп атайық бұл бөгеттi деді Елемес қойшы. Ел оны iле қоштап у-ду болысқан. Жасанды су қоймасының рахатын ел оған су иiрiлгенде көрдi. Ауыл iшiндегi тартылып кеткен құдықтардың суы көлкiп бетiне шықты. Арнаның екi қапталына, Жаманқұм, Тектұрмасқа дейiнгi екi аралыққа егiн салып, қауын-қарбыз егiп қарық болатыны қариялардың «Берденнiң арқасында есегiмiзге дейiн бидай жедi» деп риза болатыны бiр жылдан кейiн ғой...
«Бекеңнiң қыбын табу қиын, сөзге ермейдi, өтiрiкке сенбейдi, алдағанға көнбейдi»
Әрине бұл сөзді сырын жақсы білер құрдастары айтады ғой. Бірақ Бекең бастықпын демедi. Түнде жатпай отар аралап, «қызыл сызық» бойымен жүрiп өткенiнiң жемiсiн таңертеңгiлiкте мамандардың басын қосып, жиналыс өткiзгенде-ақ көрдi ол!
Қай қыстауда шөп қат, моторлары iстеп тұр ма, малшылардың түздегiсi түгел ме, үйдегiсi – ұны, қант-шайы, май шамының шишасы, тағы басқалары сайлы ма, малшы әйелдерiнiң толғағы қатты келiп, ауруханаға жете алмай қиналғандары бар ма – осының барлығы директордың қойын кiтапшасына түгел түседі. Бiр түннiң оқиғасының өзi бiраз мамандарды орнынан тұрғызып, сыбағасын беруiне жеттi де тұрды... Бiреуi бұлтара алмаған.
Рас, бұлай жұмыс iстеу Берденнiң өзiне де қиын тидi. Соны ойлап совхозға рациялық байланыс жүйесiн енгiзген. Құмдағы қыстаулар мен орталықтың арақашықтығы тоқсан-жүз шақырымдай болар-ау. Ол, бiрақ түнделетiп мал аралауын бәрiбiр қоймады. Берденнiң өтiрiкке, өсекке, жағымпаздыққа жаны қас едi. Ал адалдығы сөзiнен де, iсiнен де танылатын ақ көкiрек азаматтарды айрықша қадiр тұтты, құр ауыз да тастамады.
Түпкi нәтиже бойынша, мысалы, шопанға әрбiр аман сақталған 20 ұрғашы төл үшiн бiр қозыдан берiлдi. Отарда екi жүз егiз болса, соның жиырмасына бiр қозыдан болғанда шамамен жетi қозыны бiр, бағымындағы жалпы саулықтың 800-iне он қозыны тағы алады. Бiр жылда он жетi қозы малшының еншiсiне тиедi. Алар еңбекақысы бөлек.
Тағдырлы танысу
Мұның өзi ойда жоқта болды. 1972 жылдың 12 қаңтары едi. Ол кiсiнiң алдында болып, дидарын көрiп, ауызба-ауыз тiлдесудiң сәтi (бұл Берден үшiн де арман) өз-өзiнен түседi деп күтпеген. Шаруашылықтың басқа жұмыстарын бiр жайлы етiп алып, тағы бiр үлкен мәселе – «Кеңес» совхозының тұрғындарына үйме-үй тораптық-құбырлық су жүйесi арқылы ауыз су жеткiзiп бермек болып, соны бас жоспарға енгiзбек ниетпен Алматыға жолы түскен. 11 қаңтар күнi Тұрмыстық қызмет министрiнiң бiрiншi орынбасары Атымтай Қисановтың алдына кiрдi. Ол кісі шаруасын шешіп қана қоймай, Байқошқаровтың өміріндегі тағдыршешті сәттің тууына да септігін тигізді. Естен кетпес сол кездесу соңында Бекең:
– Димаш Ахметұлы, сiз жұмыс бабымен жыл сайын барлық облыстарды аралап жүресiз. Әсiресе солтүстiктегi астықты аймақтарда көп боласыз. Мына Жамбыл облысында үш аудан бар. Шөл, шөлейтте орналасқан. Таза қазақ аудандары. Мойынқұм, Талас, Сарысу аталады. Олар егiн екпейдi. Сол елдiң адамдары сiздiң дидарыңызды көрсек деп сағына, сарғая күтумен жүр ғой!
Бұл тағдырлы таныстық елдің бірінші басшысын Жамбыл өңіріне талай алып келді. Бұл аралас-құраластық ширек ғасырға дейін, Димаш атамыздың демі үзілген күнге дейін созылды. Және бұл Меңлiахмет пен Байқошқар әулеттерiнiң өзара сыйлас, аралас-құралас болуының басы едi...
Берден Байқошқаровтың Сарысу аудандық партия комитетiнiң екiншi хатшысы болып тұрғанда таудан жылымшылап ағып келер су жолдарының алдын бөгеп, бiр емес, екi бiрдей су қоймасын салдыруы да қадау-қадау істерінің бірі болды. Осы жұмыстармен қабаттастыра әлгi су қоймаларынан басын алар үлкен канал тартқызған. Бұл канал суы соңыра Жайылма, Байқадам аралығындағы екi жүз гектардай егiстiк алқапты суландыруға жеттi де тұрды.
Берден барған жерге су барар
Облыстың бiрiншi хатшысы шаруа бабымен өзiн талай шақыртқан. Бiрақ осы жолғысы тым бөлекше едi. «Бiз сенi Қордай аудандық атқару комитетiнiң төрағалығына жiберемiз!» дедi ойда жоқта дік етiп. Баяғы... Сарысуға хатшылыққа сайланардағы жай, айна-қатесiз қайталанды.
Содан Байқошқаров 1974 жылдың қараша айында Қордай аудандық атқару комитетi төрағасы қызметiне сайланды.
Денін өзге ұлттың өкілдері құрайтын ауданда Байқошқаровты мүлде басқа міндеттер күтіп тұрған-ды. Ерен еңбегімен, қамқорлығымен көп ұлтты аудан халқының сенімін ақтап, қысқа мерзімде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалып, 10 жыл бойы осы ауданды абыроймен басқарды.
Біткен тірлік, нақты атқарған ісі Байқошқаровтың барлық кезде қорғаны болды. Тұрмысқа қажетті, сондай-ақ құрылыс бұйымдарының барлық түрiн шығаратын жергiлiктi өндiрiстiк, колхозаралық құрылыс мекемелерi, цемент зауыты, ауданаралық база қордайлықтардың даңқын алысқа танытты.
Әсiресе «Қарақоңыз» су қоймасын соғу жайы Берденнiң алдындағы басшылардың тұсында да қозғалған-ды. Бұл iске Берден тәуекел еттi.
Бесжылдық iшiнде 10-15 жыл бойы жүргiзiлер жұмыс бiттi. Бес мың гектарлық Благовещенск алқабы игерiлдi, оның суландырылу жүйесi жақсартылды. Шу табанындағы суды техникалық құрылғы күшiмен 280 метрге дейiнгi биiкке көтерiп, таудағы дегерестер мен жазық алаңқайлардың кәдеге жаратылуына қол жеткiзiлдi. Өңiрде Сарыбұлақ, Көкқайнар қызылша совхоздары құрылды. Облыс бойынша ет өндiру көрсеткiшiнiң 18 пайызы қордайлықтар үлесiне тидi...
Он жыл депутат!
Берден Байқошқаров Қазақ КСР Жоғары Кеңесiнiң депутаттығына Қордай, Шу аудандарынан екі рет қатарынан сайланды.
Сол жылдары халық қалаулыларына қаншама адам өтiнiшпен қайырылды десеңiзшi! Көбiсi қариялар едi. Бiреуi зейнетақысына байланысты түйткiлдi мәселенi, бiрi отбасы жағдайының ауырлығын айтып келедi. Әсiресе темiр тордың арғы жағында отырғандардың отбасыларынан депутаттар қарауына десте-десте хат түстi-ау. Олардың денi отбасы жағдайларын, жұмысқа жарамды адам жоғын, шиеттей бала-шағасы барын айтып шағынған көп балалы аналар болатын. Олардың талап-тiлектерiн ескерiп, түрмеге жеңiл қылмыспен түскендерге кешiрiм де жасатты.
Бұл да қуаныш. Алайда олардың қайтадан қылмыс жасамасына кiм кепiл? Мiне, мұның да жауапкершiлiгiн депутаттар өз мойындарына алып отырды. Тиiсiнше түрмеден босап шыққандарды көпшiлiк болып қайта тәрбиелеу тетiгiн қалыптастырды.
Артында жақсы із қалды
Біздің бұл баяндап отырғанымыздың барлығы Берден Байқошқаровтың ғұмырбаянынан түгел сыр шерте алмас. Бүкіл өмірін өзі туып-өскен өлкесінің өркендеуіне арнаған арда азаматтың жолында жақсы із қалды.
Тағдырдың ең бір сындарлы тұсында өзі сенген, өсірген, шекпенінен шыққан кадрлардан сатқындық көргенде де адамгершіліктен аттамады. Төтесін айтатын тегеурінді азамат ешкімнің обалына қалмауды ойлады.
Ақылға салған шешімдері абыздық жасқа келгенде алдынан шықты. Абыроймен қартайды. Берден Байқошқаровтың басшылығымен бір кездегі салынған көпірлерден талай адамның сауабы бар табанының ізі қалуда. Өзі салдырған су бөгеті мен тоғандар әлі де талай жерді нуға бөлей берер. Өз пәрменімен отырғызылған бау-бақшалары да жарты ғасырда қайта жаңарып, жемісін жегізе берер. Өзі талай сүрлеу салған, таптаған егіс алқаптары да ол кісінің елжанды, еңбексүйгіш келбетін самалымен әлі талай сағынар.
«Қызыр-құт жиенмен де, желмен де, қызбен де жүреді» дейтін халық қашан жаңылысыпты?! Ендігі жерде қазақ деген ұлтта әкесінің шапағатшыл, көпшіл қасиеті дарыған азаматтарға бергісіз бір адам болса, ол Салтанат Байқошқарова. Ол да айналасына сауабы тиетін саланы таңдады. Жар таңдауда да әкесінің батасын алған қызы, Бекеңнің жігіт кезінен жан досы болған Сарысудағы атақты Қара-Мерген – Бекмұсаев Қаратайдың ұлы Батырмен тағдырын қосты. Өмірлік жары Батырмен бірге бедеулікті заманауи жоғары технологиялармен емдеу саласында Қазақстанда алғашқы болып игі іс бастап, «Экомед» адам ұрпағын өрбіту емханалары арқылы осы уақытқа дейін бір перзентке зар болған 7 мыңнан астам отбасына зор қуаныш сыйлады.
Мұны айтып отырғанымыз, Берден Байқошқаровтың ендігі тегін жалғап отырған осы Салтанаты, Жанаты және де басқа да ұл-қыздары, ұрпақтары елдің кетігіне жараған, әулеттің атына дақ түсірмеген жоғары білімді, білікті отандастарымыздың сапында жүр.
Жақсыдан жақсы туады деген осы!
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ