Таяуда Н.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өткен «Кітапханаға латын әліпбиіндегі кітап сыйла!» акциясы осы жұмыстардың жемісті жалғасы болды.
Акция аясында кітапхана қорына латын қарпіндегі алғашқы кітап сыйлыққа табыс етілді. Құнды жәдігер – 1939 жылы Алматы қаласының «Казахстанское издательство художественной литературы» баспасында жарық көрген «Батырлар» деген кітап.
Аталмыш шараға рухани байлықты келесі ұрпаққа мұра етіп қалдыру үшін Алматы қаласынан атамекеніне деген сағынышын арқалап келген кітап иелері, белгілі өнертанушы Баян Барманқұлова мен «Әлеуметтік мекемелердің түлектерін бейімдеу және қолдау орталығы» «Жастар үйі» КММ директоры Ләззат Шайкенова және Қарқаралы ауданы Қасым ауылының мектеп директоры Мақсат Оспанқұлов.
Баян Кәрібайқызы рәсім барысында қатты толқып, «Әкеден қалған қазына ел игілігіне жарап жатса, одан асқан бақыт бар ма?» деп жастарды жалпы кітап оқуға шақырды.
Ал осы кітаптың ел игілігіне айналуына үлкен себепші болған Мақсат Зейнелұлы аталмыш басылымды немере апасының 1990 жылы отбасылық сый ретінде өзіне ұсынғанын айтып, кітаптың құндылығына сай бүгінгі күнге дейін оның мектептің мұражайында болғанын жеткізді. Акция жайлы ести салысымен кітапты аймағымыздың бас кітапханасына беруге шешім қабылдап, Алматыдағы туған-туыстарымен ақылдасқан. Мақсат Зейнелұлының сөзін Ләззат Шаймұратқызы да қуаттап, «Қарағанды халқы енді осы кітапқа қол жеткізетіні бізді үлкен қуанышқа бөлейді», деді.
Атадан қалған асыл қазына облыстық кітапхананың «Сирек және құнды кітаптар» қорын толықтырып, латын әліпбиіндегі кітап қорының алғашқы кірпішін қалады десек, артық емес.
Осы кешке Кәрібай Барманқұловтың тәлімгері, бүгінгі күні зейнеткер Нұрбану Быхина арнайы келіп, Қыздар мемлекеттік университетінде өзінің ұстазы болған Кәрібай Барманқұлов жайлы біраз естеліктер айтты.
Ал «Болашақ» академиясының қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Құрманғазы Сембиев болса «Батырлар» кітабының өз студенттеріне білім беруде үлкен көмекші құрал екенін қуанышпен хабарлады.
Кітапхана қоры құнды кітаппен толықты. Кітапханашылар қауымы «бұл игі іс – бастаманың тек баспалдағы ғана» деп сеніммен айтып отыр.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы