Аталған технология жолдардың сапалы әрі қауіпсіз болуына мүмкіндік береді. Осыған дейін қыркүйектің бас кезінде ғылыми-зерттеу жұмысы аясында дәл осындай сынақ түріндегі жол, «Көкшетау-Кішкенекөл» учаскесіне төселген.
Мамандар резеңке-асфальт-бетон қоспасына тәжірибе жасамас бұрын жол қабаттарына зертханалық сынақ жүргізілгенін айтты. Алғашқы зерттеу нәтижесі бойынша асфальт құрамы айтарлықтай берік болатыны анықталған. Атап айтқанда жолда жарық-сызаттар пайда болмайды, су өткізбейді, тығыз әрі автокөлік дөңгелектеріне де жайлы. Тежеуіш басқанда жылдамдықты азайту оңтайлы болады.
– Резеңке үгінділерін жол битумына араластырғанда біте қайнасып, құрамы күшейе түседі. Аталған технология АҚШ пен Еуропаның бірқатар мемлекеттерінде және Азия елдерінде кеңінен қолданылады. Әсіресе шұрық-тесік жолдарды жамай беруге қыруар қаражат жібермей осы материалды пайдаға асыру аса тиімді, – дейді «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы» ЖШС өкілі Жомарт Рақымжан.
Аталған ғылыми-зерттеу жұмысының қорытындысы 2018 жылдың бірінші жартысында шығарылады. Ал келер жылдың қараша айында зертханалық зерттеудің техникалық шешімі негізінде сынамадан өткен салалық нормативтік-техникалық құжат жасалады. Осылайша, 2019 жылдан бастап резеңке-асфальт-бетон қоспасы өндіріске енгізілуі әбден мүмкін.
Мамандардың айтуынша резеңке-асфальт-бетон қоспасын кәдеге жарату сонымен қатар маңызды экологиялық проблемаларды да шешуге мүмкіндік беретін көрінеді. Яғни осы арқылы шашылып жатқан шина қалдықтары іске асады. Ресми ақпарат бойынша елімізде жыл сайын 80 мың тоннаға жуық автокөлік шиналары жинақталады. Қазіргі уақытта соның небары 20%-ы ғана қайта өңдеуден өтеді.
Еске салсақ, 2016 жылдың тамыз айынан бастап елімізде ескі шиналарды жинайтын, тасымалдап өңдейтін кәсіпорындарға төлем жасау тетігі енгізілген болатын. Аталған жүйе негізінде 2016 жылы Қазақстанда 14,5 мың тонна шина өңделген. 2017 жылы өңдеуші кәсіпорындар шина қалдықтарын жинауды, қайта өңдеуді 2019 жылға дейін 70 мың тоннаға жеткізу жөнінде ӨКМ операторымен ұзақ мерзімді келісімге отырған. Сонымен қатар шина қалдықтарын жинау және қайта өңдеу саласын дамыту негізінде жаңа жұмыс орындарын ашу аса маңызды. Бүгінгі күнде осы салада 400-ден астам адам қызмет атқаруда. Ендеше экологиялық зияны жоқ, стандарттарға сай тың жоба жан-жақты мақұлданып іске асып жатса құба-құп.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ