Қазақстан • 13 Қазан, 2017

Ұлағаты мол «Ұста»

1052 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шешеннен сөз, шеберден із қалады. Әулетімен өнер қуған ұсталардың ұрпағы, ұстаз, Қазақстан және КСРО Суретшілер және дизайнерлер одағының мүшесі, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, этнодизайнер Дәркембай Шоқпарұлының өмірі мен шығармашылығы туралы баяндайтын «Ұста» атты деректі фильм жарыққа шықты. 

 

Ұлағаты мол «Ұста»

Осыған орай Алматы қала­сындағы Ұлттық кітапханада, Ермек Тұрсыновтың киноклубында Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қа­зақфильм» АҚ түсірген дерек­ті фильмнің тұсаукесері өтті. 

Алтын саусақты, ағаштан түйін түйген шебердің біре­гей есімі қазақ өнерінде ала­бөтен аталып қана қоймай, ұл­тымыздың жойылып бара жатқан дәстүрлі қолданбалы өнерін қайта жаңғыртқан еңбегіне әлі талай ұрпақтың тәнті болатыны сөзсіз. Күні бүгінге дейін бірқатар көркем, деректі фильмдердің авторы болып үлгерген фильмнің режиссері Мірғалым Есіркепов кейіпкерін кездейсоқ таңдамаған. Фильмнің «Ұста» деген атауының өзі тар заманның шеңберінің ішінде жүрсе де қазақтың ұмытыла бастаған, қолданыстан қалып бара жатқан қолөнеріне қанатты қиялымен жан бітіріп, сақтап қалуға тырысқан ұлтжанды ұл Дәркембай Шоқпарұлы екенін айна-қатесіз тұспалдайды. Ре­жиссердің шоқтығы биік қол­өнер шеберлерінің құпия сырын меңгерген Дәркембай секілді дара өнер иесінің болмысын терең білетін танымы жаңа туындысында жан-жақты танылады. 

– Мен Дәркембай Шоқ­парұлының тұлғалық бейнесін тереңінен танығым келді. Сон­дықтан да осы фильмді түсі­ремін деп шештім. Ол кісіні зерт­тей келе, ол – алдына қой­ған мақсатына жету үшін тай­ға­нақтамайтын, батыл әрі ақжарқын адам екенін білдім. Оның бар мақсаты – бойындағы талантын игеріп көрсету, оны дамыту ғана емес, сонымен бірге ұлттық өнер мен дәстүрді шәкірттеріне, ізбасар ұсталарға үйрету еді. Кеңес заманынан бері сәндік-қолданбалы өнеріне тиісті көңіл бөлінбей келеді, әрдайым бейнелеу өнерінің жас саласы ретінде ғана қарас­тырылады. Менің бірінші ма­мандығым – қолданбалы өнер суретшісі. Сондықтан да, Дәр­кембай ұста­ның жұмыстары маған жақын, – дейді режиссер Мірғалым Есіркепов. 

«Ұста» деректі фильмі өт­кен жылдың соңына қарай өндіріске жіберілген. Фильм­нің түсірілімдері Алматы об­лы­сының Ақши ауылында өткен. Дәркем­бай Шоқпарұлы өмірінің соңына дейін осы ауылда тұрған және өз шеберханасын ашқан. Ақши ауылында Дәркембай Шоқпарұлы атындағы қолөнер музейі орна­ласқан. Музейді 2010 жылы шебердің ұлы ашқан. Сондай-ақ, түсірілімдер Дәркембай Шоқ­­пар­ұлы туып-өскен Еңбек­шіқазақ ауданындағы Казатком ауылында да өтті. 

Мәдени іс-шараға Дәркембай Шоқпарұлының туыстары мен жақындары, көзкөрген замандас­тары мен шәкірттері, фильмнің тү­сіру тобы мен «Қазақфильм» ки­но­студиясының өкілдері қатысты. 

 

 Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

 АЛМАТЫ