Уақыт талабына ілесу үшін мен де осы курсты оқып, білімімді шыңдадым. Оқығанымды іс-тәжірибеде қолдана бастадым. Қазір шәкірт оқытуға деген көзқарасым мүлде өзгерді. Бұрын мен оқушыларға тек тақырыпты түсіндірсем, сөйлем талдауды үйретсем деген мақсат қоятынмын. Осы бағдарламадан кейін мұғалім ретінде басқаша пайымдайтын болдым.
Ендігі жерде білімнің қажеттілігіне оқушылардың көздерін жеткізіп, өздігінен білім алуға бағыттасам деген мақсат қойып отырмын. Алдымен сабақ жоспарын жаңадан білгенім бойынша құру қажет деп танып, пән бойынша оқу бағдарламасында айтылған оқу мақсаттарына зейін қою керек екендігін білдім. Сабақта белгілі бір мерзімде орындауға болатын, нақты, қолжетімді, шындыққа негізделген мақсаттар қоюды, ресурстар мен ұсынылатын қызмет түрлерін алдын ала қарау және танысу, қажет болған жағдайда бейімделу әрі оқу мақсатын меңгеру үшін жетістік өлшемдерін құрып, түпкі мақсатқа сәйкес тапсырмалар жасалуы қажеттігін түсіндім.
Мектеп белгілі бір білім қорына ие тұлғаны ғана тәрбиелеп қоймай, еңбексүйгіш зияткер азаматты тәрбиелеп шығаруы тиіс. Мұның барлығы білім беру мен тәрбие сапасын көтеруді, әрбір пәнді оқытудың ғылыми деңгейін жоғарылатуды талап етеді. Сондықтан менде білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдердің қай түрі тиімді, өз сабағыма қалай қолдансам қызықтыра аламын деген ой болды.
Осы деңгейлерді жоғарылатудың бір түрі – мектеп тәжірибесіндегі топтық, ұжымдық оқыту түрлеріне және соның барысында кері байланыс ұйымдастыру арқылы оқуға сыни көзқарастарын қалыптастыру. Топтық жұмыс – өзінің барлық белгілері бар ынтымақтастықтың идеалды моделі. Ең алдымен сыныптың татулығын қалыптастыру, бірігіп жұмыс жасау, бір-біріне деген құрметтері артуы мақсатында топқа бөлуден бастадым. Топқа бөлініп жұмыс істеген оқушылар арасында бір-біріне деген сенімділік және ұйымшылдық пайда болды. Бұл бұрынғы өзіміз өтіп жүрген дәстүрлі сабаққа қарағанда, тиімділігін, оқушының сабаққа деген ынтасын ашатынын байқадым. Оқушылардан дәстүрлі сабақ пен топтаса отырып өткізілген сабақтың айырмашылығын сұрағанымда, олар ойын былай жеткізді: дәстүрлі сабақта өзіміз үшін ғана жауап беретінбіз, ал топтық сабақ өткеннен бері тапсырмаларды орындағанда тобымыз үшін жауап беруге үйрендік, бұрын бізді тек мұғалім бағалайтын, қазір өзіміз де бір-бірімізді бағалау мүмкіндігіне ие болдық, дәстүрлі сабақ кезінде бір-бірімізді тыңдамай, кейде жазуға ерінетінбіз, сабақты дұрыс ұқпағандықтан зерігетінбіз, топтасып оқығаннан кейін бір-бірімізді тыңдауға, ережеге бағынуға үйрендік.
Осындай пікірлер мен командалық рух бұл әдісті тиімді пайдалануға болатынына көз жеткізді. Сабақ соңында міндетті түрде пікірлерін екі жұлдыз, бір ұсыныс ретінде айтып отырады. Бұл да өз кезегінде оқушыларды сыни тұрғыдан ойлауға итермеледі, сындарлы сөйлеуге ынталандырды, басқалардың идеясын құрметтеуге және бағалауға дағдыландырды әрі оқушылардың пәнге қызығушылығы артты. Ең бастысы, шәкірттерім бір біріне бауыр басып, өзін және жолдастарын бағалай біледі. Олардың бойында өздеріне деген сенімділік пайда болды, құлшыныстың, белсенділіктің артқанын байқадым.
Біздің мақсатымыз – оқушыларға тек білім беріп қана қоймай, сонымен бірге оқушылардың білімін бағалау. Қазіргі білім беру жүйесінде бағалау жаңа сипаттарға ие болуда. Нақты мысал ретінде бір сабағымның барысын айтар болсам, оқушылар топтасып болғаннан соң, рөлдік ойындарды қызыға бөлісіп алды. Бұл жерден байқағаным, ойын элементтері мен өздеріне жауапкершілігі бар тапсырмалар беру арқылы оқушылардың қызығушылығын арттыруға болады. Оның алдын ала өздері нақтылаған бағалау өлшемдері бойынша бағаланатынын ескерттім. Бірқатар оқушылар өз тобын ұйымдастырып, үздік идеялармен бөлісіп отырды. Берілген тапсырмаларын орындап, тақтаға ілді. Өздерін өздері бағалады. Бірінші топ уақыт үнемдейміз деп жұмыстарын шала жасаған, ал екінші топ өз орнымен дұрыс орналастырған, үшінші топ жұмысқа бірнеше материалдар пайдаланған.
Бұдан байқағаным, оқушылардың ойлау қабілеті жоғары екен. Жасаған топтық жұмыстарын бір біріне «Екі жұлдыз, бір тілек», «Сэндвич», «Үш жұлдызша, бір тілек» әдістері арқылы бағалады. Сыныбымызға бағалау қатты ұнайды. Себебі бұрын мұғалім ғана бағалап келді. Бағалаушы болып сайланған оқушы бағалау өлшемін топтық бағалауда, өзін-өзі бағалауда пайдаланды. Мен өз сабағымда топтық жұмыста қалыптастырушы бағалаудың жақсы іске асқандығын байқадым. Қалыптастырушы бағалау мұғалімге оқушылардың оқуда мақсатқа жетуін қадағалап отыруына мүмкіндік береді және оқу үдерісіне дер кезінде өзгертулер мен түзетулер енгізуге, ал оқушыға барынша жауапкершілікті болуға көмектеседі.
Топпен жұмыс істеу кезінде қандай да бір істің атқарылуы маңызды емес, оның топпен қалай жасалғандығы маңызды. Мұндай жағдайда жұмыстың нәтижесі ғана бағаланбайды, сонымен қатар жұмыс нәтижесі де бағалануы тиіс. Өйткені топта жұмыс істей білу оқушыны қалыптастырудағы өте маңызды құзыреттілік. Ұжымдаса әрекет етудің бірнеше бағыттары бар. Мұғалімнің әр топтың белсенділігін бағалайды, белсенді оқушыны анықтайды, өзін-өзі бағалау – топпен бірлесе атқарған тапсырма кезіндегі оқушылар мен мұғалімнің байланысын бағалайды.
Мұғалім топтық жұмысты бағалау кезінде топтағылардың әрқайсысына әртүрлі баға қоя алмайды. Себебі ол топтық жұмыстың белсенділігіне кері әсерін тигізеді. Бірақ мұндай жағдайда да ұстаз топтық жұмысқа қатысып отырған және мүлдем белсенділік танытпай отырған оқушылар жайлы айта кетуі керек.
Қалыптастырушы бағалауды сабақта қолдану мұғалім мен оқушы арасындағы сыртқы кері байланыстың ішкі кері байланысқа ауысуы болмақ. Оқушы өзін бақылап, өзінің әрекет тәсілдерін таңдайды, нәтижелерін өзі бағалайды. Осылайша бала мақсат қоя білу арқылы күтілетін нәтижені жоспарлай алады. Сабақ нәтижесі ретінде ББҮ кестесін толтырады. Тақырып бойынша нені білетіндерін, нені білгілері келетіндерін, нені үйренгендерін жазды. Бұл кестені толтыру нәтижесінде оқушылардың тақырыпты жақсы меңгергендігін түсіндім. Олар алдын ала белгіленген өлшемдер арқылы өздерін және бірін-бірі бағалады.
Әрбір мұғалімнен өзі сабағында қолданған жаңа тәсілдердің дұрыс-бұрыс жағын терең талдап, зерттеу жүргізу талап етіледі. Себебі кейде теория мен тәжірибе үйлеспей қалатын кездер де болады. Бұрын оқу үдерісі кезінде бар салмақ мұғалімге түсетін. Ол белгілі шеңберде жұмыс істейтін. Жаңаша оқытудың жүйесі бойынша бұл тәсіл біршама өзгерді. Мұнда балаларға білім дайын күйінде берілмейді, керісінше оқушылардың өздерін еркін ұстауына, ойлануына мүмкіндік жасалады.
Эльмира РАПИЛОВА,
Алматыдағы №178 лицейдің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
АЛМАТЫ