«Аракс» кемесі 2016 жылдың 4 маусымында Қарақия ауданының құмды мүйісінде шамамен жағадан 100 метр қашықтықта қалған болатын. Көрсетілген мәліметтер бойынша, кеменің үстіңгі палубасында басқа кемелерден қабылданған мазутпен ластанған сұйық құйылған 15 бөшке, оның ішінде 10 екі жүз литрлік және 5 екі жүз литрлік бөшкенің жартылай кесілгені бар.
Аймақ басшысы Ералы Тоғжановтың тапсырмасымен үстіміздегі жылдың 10 тамызында өткен отырыста «Төтенше жағдайларды жою және алдын алу» бойынша Маңғыстау облыстық комиссиясының кезектен тыс отырысында Каспий теңізінде мұнайдың төгілуінің болдырмау, қоршаған ортаның ластануының алдын алу және төтенше жағдайлар қауіпсіздігін сақтау мақсатында, «Аракс» кемесін мұнай қалдықтарынан теңіз арқылы тазалау жұмыстарына жергілікті атқарушы органның резервтік қорынан қаражат бөлінді.
«Аракс» кемесіне қатысты экологиялық төтенше жағдайлардың алдын-алу үшін тазалау жұмыстарын жүргізуге «БатысМұнай Транс» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, комиссия құрылды. Қазіргі уақытта «Аракс» кемесін мұнай қалдықтарынан тазарту жұмыстары басталып кетті.
Аракс кемесіндегі құрамында мұнай бар заттармен ластанған қалдықтардың көлемі – 930 т., делінген баспасөз хабарламасында.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы