Қала басшысы №73 физика-техникалық мектебіне барды. Мұнда оқу ғимаратының айналасындағы инфрақұрылым мәселесі қордаланып қалған. Мектептің айналасындағы қарқынды жүріп жатқан құрылыстың салдарынан ата-аналар мен оқушылар айналып өтуге мәжбүр. Мектептің жанында автобус аялдамасы жоқ, көшені жарықтандыратын шамдар жеткіліксіз, ал құрылыс аумағы қоршаусыз жататын.
Аппарат жиналысында Ә.Исекешев аудан әкімдері мен тиісті басқармаларға 28 білім ошағындағы жаяу жол жүргіншілері мен жүретін жолдың жеткіліксіздігін айтып, мәселені шешуге тапсырма берген болатын.
Осыған байланысты қала әкімі жауапты тұлғаларға қатаң сөгіс жариялап, аудандағы білім мекемелеріндегі олқылықтарды реттеуге бір апта мерзім берді.
«Мектепке дейінгі жолдар мен кіре берістегі жолдар балалар мен ата-аналар үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз болуы керек. Оқушылар мектепке дейін кедергісіз жетуі тиіс. Оны жасау - қалалық биліктің міндеті. Біз балаларға сапалы білім алу үшін жағдай жасауға міндеттіміз», - деді Ә.Исекешев.
Қазіргі таңда тұрғындар жол жабындысы жоқ деп жиі шағымданған көшелерде құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қалалық әкімдіктің мәліметі бойынша, жыл соңына дейін тұрғын үй алабына апаратын 50 көше салынып бітеді. Мәселен, Ақан сері көшесіндегі құрылыс аяқталды. Қала әкімі құрылыс жұмыстарының сапасын тексеріп, жол жөндеушілер жіберген кемшіліктерді түзеуге нақты тапсырмалар берді.