Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Б.Соқпақбаев атындағы жалпы орта мектебінде «Ұстаз – ұлы тұлға», «Мәңгілік ел – мәртебелі тіл» және «Қарттарым – қазынам» тақырыптарында ерекшелеу кеш өткен болатын. Ерекшелеу дейтініміз, кеш қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізіліп, балабақша бүлдіршіндері мен мектептің өнерлі оқушылары үш тілде концерттік қойылымдар қойды.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалатынын айта келе, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керектігін атап өтті. Компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторларды әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында атады. Яғни Елбасы еңбегінде айтылғандай, «Үш тұғырлы тіл» бағдарламасы қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы. Үш тілді білу бүгінгі күннің басты талабына айналып отыр. Сондықтан біз де осындай іс-шаралар арқылы бүгінгі буынды тілдерді меңгеруге ынталандыра отырып, ата-аналарға мектеп оқушыларының үш тілді қалай меңгеріп жатқанын аңғартқымыз келді, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Ақшагүл Бердалиева.
Болатбек Қыстауов тізгін ұстаған ауданда өткен жылы екі білім беру мекемесіне 200 орындық қосымша оқу корпустары салынса, биыл Алатау батыр ауылында 900 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталуға жақын.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»