Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Нұржан Шайлдабекованың мәліметі бойынша, елде 2375 учаскелік сайлау комиссиясы ұйымдастырылды. Бұл жерлерде 5370 автоматтандырылған санау жәшіктері жұмыс істеді. Бұдан бөлек, шет мемлекеттерде 37 сайлау учаскесі дауыс беруге құқы бар ел азаматтарына қызмет көрсетті.
Мысалы, Ресейдің алты, Германияның үш қаласында, сондай-ақ Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Малайзия, Үндістан, Пәкістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қазақстанда сайлау учаскелері дауыс берушілерге есік ашты.
Кеше газетіміздің осы нөмірі қатталып жатқан кезде, қырғыз ОСК-нің мәліметі бойынша, 15 қазан күні сағат кешкі беске дейін ел тұрғындарының 1213803-і дауыс берді. Бұл сайлаушылардың 40,12 пайызын құрайды.
Еске салсақ, Қырғызстандағы Президент сайлауында бақ сынауға бастапқыда 59 үміткер ниет білдірген болатын. Бірақ Қырғызстан ОСК-нің шешімімен сайлауға 13 үміткер ғана жіберілді. Кейін үміткерлер Бақыт Торобаев пен Камчыбек Ташиев өз еріктерімен сайлау додасынан баста тартты да, қырғыз халқы 11 кандидаттың ішінен өзі қалаған кандидатқа дауыс берді.
Үміткердің саны 11 болғанымен, сарапшылар атап өткендей, тартыс негізінен екі кандидат арасында өтті. Соның бірі – Сооронбай Жээнбеков Бішкектегі №5 мектеп-гимназияда орналасқан №1327 учаскеде дауыс берді. «Мен бүгін еліміздің дамуы, республиканың болашағы үшін дауыс бердім. Алдымызда көптеген реформалар күтіп тұр. Егер біз өз күшімізге сенбеген болсақ, онда бұл сайлауға түспес едік. Бәрін де халық шешеді», деп атап өтті ол БАҚ өкілдерімен сұхбат барысында.
Сооронбой Жээнбековтің басты қарсыласы Омурбек Бабанов болса, отбасымен келіп, ел астанасындағы №70 гимназиядағы №1216 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады. Дауыс бергеннен кейін үміткер БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында былай деді: «Халқым өзінің дұрыс жолын таңдайды деп үлкен үмітпен және зор құрметпен күтетін боламын. Бүгін бәрін де халық шешеді. 15 қазан Қырғызстан тарихында алтын әріптермен жазылатын күн болады».
Қырғызстандағы сайлауды әлемнің 58 елінен келген 700-ден астам байқаушылар қадағалады. Әзірге бізге жеткен мәліметтерге қарағанда, сайлау барысында өрескел заңбұзушылықтар орын ала қоймаған. Аталған сайлауға БАҚ тарапынан да қызығушылық зор болды. Бұл саяси шараның өту барысы туралы жергілікті журналистерді қоспағанда, шетелдің 35 бұқаралық ақпарат құралы дүниенің түкпір-түкпіріне мәлімет таратты.
Сайлау алдында Қырғызстанның мемлекеттік тіркеу қызметі бұл шараға 3 025 768 адам дауыс беруге мүмкіндік алды деп хабарлаған болатын. Бұл тізімге ел ішіндегі 2 908 453 тұрғын және шет мемлекеттерде тұратын 18 580 қырғызстандық енеді.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»