Қазақстан • 16 Қазан, 2017

Жоғарғы сотта «Атамекен» ҰКП өкілдерімен кездесу өтті.

207 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Іс-шараға «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, оның орынбасары Рустам Жүрсінов, сондай-ақ департаменттердің бірқатар директорлары қатысты. Сот жүйесінен Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Еліс Әбдіқадыров, Жоғары сот органының судьялары, Жоғарғы сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшылығы қатысып отырды, деп хабарлады Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.

Жоғарғы сотта «Атамекен» ҰКП өкілдерімен кездесу өтті.

Кездесудің мақсаты – Қазақ­станда бизнес ортаны жақсарту бойынша ағымдағы мәселелерді талқылау.

Е.Әбдіқадыров кездесуді аша келе, кәсіпкерлік халықтың әл-ауқатының негізі, сондай-ақ мемлекетіміздің стратегиялық жоспарларын іске асырудың бірден-бір кепілі екендігін атап өтті. Соңғы жылдары Ұлт жоспары шеңберінде жүргізілген реформалар еліміздің сот жүйесін әлемдегі ең қолжетімді әрі жедел сот әділдігі етуге мүмкіндік берді. Дүниежүзілік банктің бизнесті жүргізу рейтингісінде Қазақстанның сот жүйесі соңғы екі жыл қатарынан әлемдегі алғашқы он елдің қатарына кірді.

Бұған қоса, кәсіпкерлер тарапынан соттың қызметіне субъективті баға беруімен байланысты бірқатар проблемалық мәселелер бар. Бұл өңірлерде айрықша байқалуда. Мұны жүргізілген сауалдама қорытындысынан, соның ішінде халықаралық құрылымдар жүргізген сауалдамадан байқауға болады.   

Осыған байланысты, Е.Әбді­қа­дыров Жоғарғы соттың «Ата­мекен» ҰКП-мен бизнесті сотта қорғау мәселелері бойынша өзара іс-қимылын күшейту қажеттігін атап өтті. Өңірлерде бизнес ортаны құқықтық ағарту, соның ішінде сот билігінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету мен сот қызметін институттық бағалау мәселелеріне баса назар аудару қажет. Бүгінде бұл республиканың, соның ішінде инвестицияны қорғау мен экономиканы дамыту сияқты параметр­лер бойынша барлық саласын дамытуда ішкі және халықаралық оң мониторинг үшін ерекше маңызы бар. 

Осы ретте бірлескен жұ­мыс­ты күшейту үшін 2014 жылы «Атамекен» ҰКП-мен Жоғар­ғы сот аппараты қол қойған Ынты­мақ­тастық туралы меморандумның маңызы зор. Бұған қоса, Қазақ­станның рейтингтік көрсеткіштері, заңнаманы жетілдіру, кор­поративтік дауларға қатысты сот практикасын түсіндіру бойынша бірлескен мобильдік топтар құру ұсынылды. Соттар «Atameken Business Channel» арнасы арқылы түсіндіру жұмысына белсене араласуға әзір. Бизнес ортаның көңіл-күйі мен олардың соттар жұмысын қабылдау деңгейін зерттеу үшін тәуелсіз әлеуметтік сауалдама жүргізу ұсынылды.  

Кездесу шеңберінде Жоғарғы соттың департамент басшысы Нұрсерік Шәріпов ҰКП өкілдеріне «Сот кабинеті», «Сот актілерінің жаңа банкі» және тағы басқа сервистерге басымдық бере отырып, электронды сот әділдігінің мүмкіндіктерін таныстырды.

Тараптар талқыланған барлық мәселелер бойынша қызу пікір алмасты. Кездесу соңында Жоғарғы сот пен «Атамекен» ҰКП өкілдері бірлескен жұмысты күшейту қажеттілігін атап өтті.