Қазақстан өзінің бастамасымен ТМД мен Еуразиялық экономикалық одақтың құрамына кірді. ТМД сонау 1991 жылғы аумалы-төкпелі уақытта құрылып, өз деңгейінде жұмыс істеп келе жатыр. Ал Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың тікелей бастамасымен құрылған Еуразиялық экономикалық одақ Елбасының күш салуымен уақыт озған сайын толысып, нығайып, халықаралық экономикалық дағдарыстар, қайшылықтар, санкциялар заманында өз әлеуетін көрсетуде.
Одақ құрылғалы бері ұйымға мүше елдер ортақ мүддеге қызмет етуге талпынып келеді. Түрлі бастамалар көтеріліп, бірқатар ойлар айтылып, соның көпшілігі орындалды да. ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының арасындағы жақсы қатынастар ұйымының жұмысына оң ықпалын тигізуде.
Қазақстан Президенті Сочиде қазіргі әлемдік күрделі ахуалда аймақтық ұйым ТМД-ны трансформациялау, оның жұмысына қан жүгірту, қабылданған ортақ шешімдерге үкіметтер жауапкершілігін күшейту мәселесін тағы да көтеріп, өзінің ел басқару тәжірибесі мен халықаралық істердегі кең көзқарасы мен танымын білдіріп, шынайы қамқорлық тұрғысынан соны пікірлер мен құнды ұсыныстар жариялады. Солардың ішіндегі ең бастысы – өзара экономикалық байланыстарды жаңа деңгейге көтеру, бизнес үшін еркін сауда мәселесін нақты шешуді ұсынды. Елбасы ұсынған жобалар жүзеге асып жатса, тауар айналымы көбейіп, оның құны арзандауына нақты жол ашылатыны анық.
Нәубат ҚАЛИЕВ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, саяси ғылымдар докторы