Бірлестік құрылғалы бері Қазақстан оның құрамында белсенді әрекет етіп, экономикалық интеграциялық уағдаластықты әрдайым қолдап отырды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев ішкі байланысты тереңдететін нағыз интеграциялық байланыс орнатудың қажеттілігін айтып келеді.
Қазақстан тарапы ТМД қызметінің қазіргі уақытқа сай келмейтіні туралы жиі мәселе көтеруде. Мәселен, Достастық аясында қабылданған құжаттардың бірқатары қайта қарауды қажет етеді. Уағдаласқан мақсаттың орындалу барысында кедергілердің кездесуі кең көлемді ынтымақтастық құрудың керектігін көрсетті. Осыған сәйкес, Кедендік одақ және Еуразиялық экономикалық одақ құрылды.
Алғашқыда ТМД интеграциялау құралы ретінде ғана емес, Кеңес Одағының орнын басқан мемлекеттердің өзара қарым-қатынасын үзіп алмау мақсатында құрылды. Сол кезде мұндай ұйым құру өте қажет еді. Кейінірек әр ел өзінің даму бағытын ұстанып, бірі Шығысқа, бірі Батысқа қарап бет түзей бастады. Келесілері, тіпті, өз қазанында өзі қайнауды жөн санады.
ТМД әлі күнге дейін туын түсірген жоқ және оның аясында қабылданған құжаттар да өз қалпында. Әйтсе де, кей құжаттар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер қабылдаған шешімдерге сай келе бермейді. Сондықтан ТМД қызметін реттеу мәселесі, нормативті негіздерін қайта қарап, қазіргі уақытқа сай ету қажет екені анық. Меніңше, ұйымды реформалау осы бағытта жүргізіледі.
Вячеслав ДОДОНОВ,
Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері, экономика ғылымдарының докторы