«Югра» клубымен өткен кездесуде «Барыс» хоккейшілері бірінші кезеңде төрт шайба соғып, қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмады. Ойын бастала сала шабуылға көшкен Астананың командасы бірінші минутта есеп ашты. Голдың авторы – Талғат Жайлауов. Бұл Жайлауовтың биылғы маусымдағы төртінші голы. Ал 6-минутта Константин Пушкарев мұзайдын иелерінің қақпашысын қапы қалдырып, ойындағы екінші, өзінің алтыншы шайбасын соқты. Әр ойын сайын бір гол салып жүрген «Барыстың» канадалық шабуылшысы Мэттью Фрэттин бұл жолы да мергендігімен көзге түсті. Есеп – 3:0. Бірінші кезеңнің аяқталуына 20 секунд қалғанда Владимир Маркелов таблодағы көрсеткішті 4:0-ге жеткізіп, командасының жеңісі мен үш ұпайын нақтылап қойды.
Екінші кезеңнің алғашқы 10 минутында екі командада гол соғатын мүмкіндіктер болған еді. Бірақ қақпашылар өз шеберліктерін көрсетіп, қауіпті шабуылдардың бетін қайтара білді. Дегенмен кездесудің 34-минутында Никита Михайлис командамыздың бесінші голын қақпаға енгізді. Осы голдан соң «Барыс» хоккейшілері жеңіске жететіндеріне тым қатты сенім артып кетті. Мұны сезе қойған «Югра» командасының бас бапкері Анатолий Емелин тактикалық өзгеріс жасап, мұзайдынға жаңа ойыншыларды шығарды. Нәтижесінде айдын иелері екінші кезең аяқталуға үш минут қалғанда екі шайба соғып үлгерді. 37-минутта Илья Шипов алғашқы шайбаны салса, 39-минутта Максим Пестушко «Юграның» екінші голын соқты. Үшінші кезеңде шайба соғылмады. Сөйтіп «Барыс» сырт алаңда 5:2 есебімен «Юградан» басым түсті.
Айта кетейік, бұл матчқа «Барыс» клубының негізгі ойыншылары Найджел Доус, Кевин Даллмэн және Даррен Диц жарақаттарына байланысты қатыса алмаған болатын.
Бұрнағы күні «Барыс Аренада» Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» командасымен күш сынасқан «Барыс» аса тартысты өткен ойында 4:3 есебімен жеңіске жетті.
Бірінші кезеңнен кейін айдын иелері 2:0 есебімен жеңіп жатты. Бесінші минутта Егор Шалапов пен 20-минутта Линден Вей қарсылас қақпаға шайба салған болатын. Екінші кезеңде қытайлықтар екі гол соғып, есепті теңестіріп кетті. Көп ұзамай олар үшінші шайбаны салып, алға шықты. Тек кездесудің аяқталуына үш минут қалғанда Роман Савченко есепті теңестіре алды. Ал овертаймда астаналық Мэттью Фрэттин соққан гол «Барысқа» жеңіс әкелді.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»