«Дара» қайырымдылық қоры «Samruk-KazynaTrust» әлеуметтік жобаларын дамыту қорының қолдауымен елімізде жетінші орталық ашып отыр.
Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін баға жетпес орталықтың ашылу салтанатына Сенат депутаты Дархан Кәлетаев, «Дара» қорының төрағасы Гүлнәр Досаева, «Samruk-KazynaTrust» қорының бас директоры Ерлан Дәрімов қатысты.
Тағдыр тәлкегіне түскен бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарына қолғабыс беретін мұндай орталық Орал қаласында тұңғыш ашылып отыр. Заманауи ғылым мен медицина жетістігін пайдаланып, балаларға кәсіби көмек көрсететін мекемені ашуға жәрдем еткен барлық мекеме-ұйым жетекшілеріне өңір басшысы Алтай Көлгінов алғыс айтты.
– Биыл «Samruk-KazynaTrust» қорының көмегімен біздің өңірге балалардың спорт және ойын алаңдарын салуға 500 млн теңге бөлінді. Ал ерекше мұқтаждықтары бар бүлдіршіндер үшін ашылып отырған бүгінгі алаңның маңызы тіпті ерекше. Біздің стратегиялық мақсатымыз – мұндай орталықтардың барлығы ерекше білімді қажет ететін балалар мен олардың отбасына қолжетімді болуы, деп атап өтті Алтай Көлгінов.
Орал қаласында ерекше қажеттіліктері бар екі мыңнан астам бала тұрады. Оның ішінде 874 баланың мүмкіндігі шектеулі, 400-ге жуық бала мамандардың кәсіби көмегін қажет етеді. Жаңа орталық кез келген ерекше баланы және оның отбасын дефектолог, психолог, логопед, массаж, тифлопедагог, сурдопедагог секілді мамандардың жан-жақты білікті көмегімен қамтамасыз ететін мекеме болмақ. Жыл сайын бұл орталық даму мүмкіндігі шектеулі 150-200-дей балаға қызмет көрсетпек. Қызметтің барлығы балаларға және олардың отбасыларына тұрғылықты жері бойынша тегін көрсетіледі. Оралда ашылған жобаның жалпы құны 15 млн теңгеге жуық. Мұнда заманауи құрал-жабдықпен қатар ерекше қажеттіліктері бар балаларға арнайы білім беру, дамыту, тәрбиелеу бағытындағы әдістемелік жинақтармен қамтылған арнайы кітапхана да қызмет етпек.
Оралдағы коррекциялық кабинет жетекшісі Гүлсім Ғалиева қазірдің өзінде мұнда есту, көру, сөйлеу, даму қабілеттері шектелген 62 бала қабылданып, 16 кәсіби маманның көмегімен түзету жұмыстары басталып кеткенін айтады.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ
Суретті түсірген
Темірболат Тоқмәмбетов