Адамзаттың дамуына дүмпу берген өнеркәсіптің, технологияның дамуы бірінші кезекте осындай нақты ғылымдардағы жаңалықтардың арқасында жүзеге асуда. Қазіргі ақпараттық технологиялардың өркендеу дәуірінде де математика мен физика, компьютерлік ғылымдарға арқа сүйемейтін сала қалмады деп айта аламыз. Демек, орта білім саласындағы осы пәндерді оқытудың жаңа үлгілерін енгізу – заман талабы.
Осы ретте есепке жүйрік дарынды балаларға арналған Республикалық физика-математика мектебінің тәжірибесімен бөлісуді жөн көрдік.
Биыл іргесінің қаланғанына 45 жыл толып отырған Республикалық физика-математика мектебі кезекті мерейтойын білім берудегі өте жоғары көрсеткіштермен, елең еткізерлік жаңалықтармен қарсы алуда. Үстіміздегі жылы дәстүрге айналған мамандандырылған мектептің оқушылары арасындағы физика, математика және информатика пәндері бойынша халықаралық Жәутіков олимпиадасы РФММ қабырғасында 13 мәрте жалауын көтерді. Әлемдегі үздік арнайы мектептердің арасында өтетін білім бәсекесіне Чехия, Болгария, Сербия, Румыния, Түркия, Үндістан, Индонезия, Моңғолия секілді әлемнің 22 елінен жыл сайын 60-тан астам команда қатысты.
Сәт сайын жаңарып жатқан әлемде білім беру саласы әрдайым жаңа талапқа сай болуы тиіс. Бұл білім беру үдерісінде соны бетбұрыс, жаңаша ойлауды қажет етеді. Осыған орай 2015 жылы Үкімет қаулысымен мектеп қайта құрылымдаудан өтіп, «Республикалық физика-математика» коммерциялық емес акционерлік қоғамы болып өзгерді.
Сонымен аталған өзгеріс мектеп басшылығына және ұжымына физмат мектебіне қандай жаңалық әкелді? Ең алдымен, бұрын мемлекеттік мекеме болған мектептің құқықтық мәртебесі, құрылымы, қызметтік лауазымдары өзгерді. Коммерциялық емес акционерлік қоғам ретінде мектептің Білім және ғылым министрлігі және «Назарбаев зияткерлік мектептері» АҚ секілді тең үлестегі қос акционері пайда болды. Бұл жоғары органнан кейін мектептің стратегиялық басқаруын жүзеге асыратын орган – директорлар кеңесі құрылды. Директорлар кеңесінің құрамына Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті, Білім және ғылым министрлігі, «Назарбаев зияткерлік мектебі» АҚ өкілдерінен бөлек тәуелсіз директорлар кірді. Ал мектептің атқарушы басшылығы басқарма ретінде өзгерді. Бұл өзгерістер заман талабына сай РФММ-нің жаңа даму стратегиясын жүзеге асыруға серпін берді.
РФММ былтыр өз тарихындағы тұңғыш филиалын Астана қаласында ашты. Заманауи мектеп ғимараты ең соңғы үлгідегі оқу құралдарымен жабдықталды. Коммерциялық емес акционерлік қоғам болғандықтан, мектептің тыныс-тіршілігін арнайы сайланған директорлар кеңесі бақылайды. Директорлар кеңесі өз кезегінде мектеп басқармасын тағайындайды. Әлемдік білім жүйесіндегі жаңаша басқару үлгісін еліміздегі ең үздік мектептің біріне енгізу, оқу орнын әлемдегі білім беру жүйесінің ең жоғарғы стандарттарына сай қылуға жағдай туғызады.
Түлектердің бастамасымен қоғамдық бірлестік ретінде құрылған Қамқоршылар кеңесі мектептегі соны өзгерістерге белсене атсалысады. Қамқоршылар кеңесінің мұрындық болуымен биыл Қазақстандағы орта мектептердің тарихында тұңғыш рет Эндаумент қоры құрылды. Мақсат – мектеп түлектерінің демеушілік есебіндегі қаржысын оңды-солды шашпай, қорға жинақтап, одан түсетін инвестициялық табысты бірінші кезекте олимпиадалық қозғалысты қолдауға, дарынды оқушыларға бөлінетін гранттарды көбейтуге, мектептің инфрақұрылымын жақсартуға және ең бастысы, ұстаздарды қолдауға жұмсау.
Биылдың өзінде қордағы қаржыдан жиналған инвестициялық табысқа мектепте жаңадан жабдықталған математикалық сынып ашылды. Алдағы уақытта да қордың бар табысы мектептің мұқтажына, оқушылар мен ұстаздарға қолдау көрсетуге жұмсалады. Дегенмен, ең бастысы, қордың көмегімен мемлекеттің үлесі бар орта мектеп әлемнің үздік жекеменшік оқу орындарымен терезесі тең түрде бәсекелес білім ордасына айналады. Осы бағытта алғашқы қадамдар жасалып та жатыр. Биылдан бастап РФММ жаңа эксперименталды оқу бағдарламасына көшті. Бұл бойынша 8-11 сыныптарда «Компьютерлік бағдарлама жазу», 10-11 сыныптар үшін таңдау ретінде «Эксперименталды физика», «Эксперименталды химия», және «Эксперименталды биология» пәндері енгізілді. Математика, физика және ағылшын тілін оқыту сағаттары ұлғайды. Жоғары сыныптарда «Физика», «Информатика», «Биология» және «Компьютерлік бағдарлама жазу» пәндері ағылшын тілінде оқытыла бастады. Оның сыртында балаларды жобалау-зерттеу істеріне баулитын STEM-курстары, инжиниринг, роботты техника, модельдеу сияқты жаңа курстар ашылды. Жоғары сынып оқушыларын IELTS, TOEFL, SAT, NUFYP секілді халықаралық емтихандарға дайындау үдерісі жалғасуда. Былтыр мектеп STEM мектептердің халықаралық консорциумына мүше болды. Оқытудың осындай халықаралық бағдарламасына қатысу арқылы РФММ өзінің арнайы оқу бағдарламасын әзірледі, оны одан әрі Қазақстандағы арнайы мектептерге таратуды көздейді. Яғни РФММ академиялық білім берумен бірге оқушыларды білімін нақты өмірде қолдана алуға баулитын қолданбалы білім беру тәжірибесін болашақта еліміздің әр өңіріндегі мектептерге таратуды мақсат етеді. Игі ниет жүзеге асып жатса аймақтардағы білім деңгейін біршама көтеруге және Алматы мен Астана секілді ірі қалалардағы арнайы мектептердің деңгейіне жетеғабыл етуге жағдай жасайды деген үміт бар. Өз кезегінде РФММ әр аймақтағы математика мен физикаға алғыр балаларды тауып, олардың арасынан үздіктерін іріктеуге мүмкіндік алады. Бұл бағытта РФММ басшылығы былтырдан бастап еліміздің әр өңіріне көшпелі қабылдау комиссиясын жолдау дәстүрін қайта қолға алды.
Мерейтой қарсаңында биыл РФММ-нің Алматы және Астана мектептерінде елімізде тұңғыш рет оқушыларды компьютерлік бағдарлама жазуға үйрететін «Яндекс. Лицей» жобасы жүзеге асты. Бұл үшін РФММ-нің информатика пәні мұғалімдерінің арасында іріктеу өтіп, таңдаулы 2 маман мектеп қаржысының есебінен Мәскеуде «Яндекс. Лицей» жобасы бойынша дәріс тыңдап қайтты.
Қазақстандағы орта білім беру жүйесіндегі көшбасшы мектептің бірінде қолға алынған осындай игі бастамалар болашақта тәлімді тәжірибе ретінде өзге мектептерге тарап жатса, Қазақстанның орта білім жүйесіне біршама оң өзгерістер еніп, ел мектептерінің деңгейін бір саты көтерер еді деп санаймыз.
Ербол БАЕКОВ,
«Республикалық физика-
математика мектебі» АҚ басқарма төрағасы, техника ғылымдарының кандидаты