Мұхтар Әуезов өзінің «Абай жолы» эпопеясының алғашқы кітабында жас Абайдың өсу, өрлеу кезеңдерін қияда, өрде, шыңда деген тараулармен белгілеген болатын. Бұл жеке тұлғаның өмірлік даму сатыларына қатысты болса, классик-суреткердің осы сөз қолданысын белгілі бір саланың немесе белгілі бір өңірдің одан әрі өркендеуіне де қатысты қолдануға болатын секілді. Осы арада тағы да сәл шегініс жасар болсақ, еліміз Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өткен жылдың қоңыр күзінде Ақтөбе қаласына жолымыз түскені бар. Неге екені белгісіз, сол кезде бізге бұл шаһар біртүрлі күңгірттеу көрінді.
Ал арада артық-кемі жоқ екі жыл өткен кезде қаланы тұмшалаған күңгірт көрініс жоғалып, ашық бояулар алдан шыға бастады. Әсіресе бұл өзгеріс бүгінгі заманғы сәулет ерекшеліктеріне сай бой көтерген әлеуметтік нысандардан айқын байқалды. Осы арада оның басым бөлігі мемлекет-жекеменшік әріптестігі (МЖӘ) есебінен тұрғызылғанын айтудың өзі бір мәртебе. Егер деректерге сүйенсек, қазіргі күні облыста жалпы инвестиция мөлшері 25,9 миллиард теңге құрайтын 61 мемлекет-жекеменшік әріптестігі жобасы жүргізіліп жатқанын көреміз. Оның басым бөлігін денсаулық сақтау саласына қатысты нысандар құрайды. Нақты айтқанда бұл бағытта облыста 31 жоба іске асып келеді. Бұл өңірде тұтастай қолға алынған МЖӘ нысандарының тең жартысы деген сөз. Осы орайда басты басымдық неліктен медициналық құрылымдарға берілді деген заңды сауал туындайды. Мұның ешқандай құпиясы жоқ деп батыл түрде айтуға болады. Өйткені өткен жылы Ақтөбе қаласында көршілес Батыс Қазақстан мен Қызылорда облысының тұрғындарына қызмет көрсететін медициналық кластер ашылды. Мұндағы бас-ты мақсат халықаралық стандарттар мен басқару технология-ларына сәйкес жоғары сапалы медициналық қызмет көрсету болатын. Сарапшылардың тұжырымдауынша мұндай іргелі де ілкімді қадамдар денсаулық сақтау секторын жетілдіруге және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға қызмет жасауға тиіс. Аталған кластер облыстық клиникалық және облыстық балалар клиникалық ауруханалары, сондай-ақ облыстық кеңес-беру диагностикалық орталықтарының қосылуы арқылы «AKTOBE MEDIKAL CENTЕR» көп салалы ауруханасы негізінде жасақталды. Оған Оңтүстік Корея, Түркия және АҚШ секілді әлемдік деңгейде жоғары дамыған емдеу мекемелері мамандары өзара серіктестік пен келісім негізінде көмек-қолдарын ұсынып отыр.
Бүгінгі күні аймақта медициналық кластерді одан әрі дамыту жөніндегі сан-салалы жұмыстар одан әрі жалғасып келеді. Оны ілгері бастыру үшін бюджет қаражатын пайдалануға көп ақылдың қажеті шамалы. Әрі медициналық кластер тек мемлекет қаражаты есебінен құрылуы керек деген ой өміршеңдіктің белгісі бола қоймас. Керісінше бұл қабілетсіздердің әрекеті. Сондықтан да Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев оны бірінші кезекте МЖӘ арқылы өрістеткенді қолайлы көреді. Солай болып та жүр.
Бұған тағы да деректер мен дәйектер келтіре келсек, Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаеваның айтуынша, Ақтөбе мемлекет-жекеменшік әріптестігін дамыту бойынша республикада алдыңғы қатарда келе жатқан өңір. Бұл ретте тұтастай республикада жасалған МЖӘ келісімшартының 4/1-і Ақтөбеде жүзеге асырылған. Оның арасында «Көз жарығы» деп аталған офтальмология орталығы мен қалалық жедел жәрдем бекетінің орны айрықша екені анық. Алғашқы нысанның жалпы құны 3,2 миллиард теңге тұрады. Оның жобалық қуатына сәйкес 60 адам стационарлық ем қабылдай алады. Ал аталған «Көз жарығы» ЖШС қарамағына кіретін емханада бір ауысымда 250 адам көз дәрігерінің қабылдауында болу мүмкіндігі бар. Жаңадан салынған МЖӘ нысанында екі ауысым бар екенін ескерсек, мұның өзі 500 адам деген сөз.
Аталған офтальмологиялық орталықтың елімізде баламасы жоқ. Мұнда республиканың бірқатар облыстарының тұрғындарына көз ауруларына қатысты жоғары мамандандырылған емдік көмектер көрсетілмек. Сонымен бірге жоғары технология мен медицинаның ең соңғы жетістіктеріне негізделген көз коррекциясын қалыптайтын оталар жасалмақ. Сондай-ақ емдер мен оталардан кейінгі дәрігерлік бақылаулар және қалпына келтіру режімдері мен нормалары «Көз жарығындағы» емдердің нәтижелілік сипатын көтере алады.
Мемлекет-жекеменшік әріптестігіне сай салынған қалалық жедел жәрдем бекетінде тәулік бойы тегін берілетін шұғыл медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігіне бірінші кезекте көңіл бөлінбек. Мұнда өмір мен өлім айқасқан сыни сәттер жиі ұшырасып тұратын болғандықтан бекетке тек білікті дәрігерлерді іріктеп алу ісі белгіленіп отыр. Мәні мен маңызы тұрғысынан алғашқы екі нысаннан бір мысқал кем түспейтін тағы бір нысан бар. Бұл МЖӘ аясында құрылысы аяқталып келе жатқан бір ауысымда 300 клиентті қабылдай алатын балаларға арналған стоматологиялық емхана.
Жалпы алғанда өңірде денсаулық сақтау нысандарын МЖӘ аясында тұрғызу ісі 2015 жылдың аяқ кезінде қолға алынған. Соған сәйкес 2016 жылы 3 жобаны жүзеге асыру белгіленіп, оның жалпы құны 6,2 миллиард теңгені құрады. Ал биыл жоғарыда аталған республикалық және аймақаралық ірі нысандардан бөлек, МЖӘ бойынша екі құрылыс тұрғызу қарастрылған. Оның құны 3,2 миллиард теңге болып отыр. Әрі әрқайсысы бір ауысымда 500 адамды қабылдамақ.
Бұған қоса мемлекет-жекеменшік әріптестігі тұтқалары арқылы облыстық клиникалық аурухана базасында құны 5,5 миллиард теңге тұратын позитронды-эмиссиялық томография орталығын ашу көзделген. Денсаулық сақтау саласында жүзеге асуы белгіленген өңірдегі 20 нысан да осы қатарда тұр. Мұның оны дәрігерлік амбулатория болса, төртеуі фельдшерлік-акушерлік қосындар. Ал үшеуі медициналық қосын.
Міне, Ақтөбе аймағында денсаулық сақтау нысандарын мемлекет-жекеменшік әріптестігі шеңберінде тұрғызу ісінің кейбір жарқын жақтары осындай. Бұл мәселеде өңір қиясынан көтеріліп, өрі мен шыңына көтеріліп келе жатқандай көрінеді. Мұндай іргелі істер мен қарқынды қадамдар еліміздің өзге өңірлеріне де сіңісті болса игі.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ
Суреттерде: МЖӘ аясында тұрғызылған офтальмалогиялық орталық пен жедел-жәрдем бекетінің сыртқы көрінісі