Аймақтар • 16 Қазан, 2017

«Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының 5-съезі өтті

1027 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалында  Қазақ­станның Ауған соғысы ардагерлері ұйымдары «Қазақстан ардагерлері»  қауымдастығының 5-ші съезі жұмысын аяқтады. 

«Қазақстан ардагерлері»  қауымдастығының 5-съезі өтті

Партиялық немесе қо­ғамдық ұйымдарда өте­тін кәдімгі съезден бұл жиынның басты айыр­ма­шылығы сол, бас баяндамашы – Қауымдастық төр­ағалығына алдыңғы күні көп­шілік дауыспен қайта сайланған Парламент Мә­жілісінің депутаты Бақыт­бек Смағұл өз сөзін зал толы қауымға рух беретін жалынды жырымен бастады.
Армысыңдар бауырлар!
Сендер, сендер отан үшін 
оқ­қа тостың кеудеңді,
Өрлігіңді, ерлігіңді ел көрді.
Бірге аттанған бауырларың 
жер жастанды, жерленді
Жебейді олар аруағымен сендерді...
Бұдан 40 жыл бұрын болған қырғынды еске салған өлең жолдары сьезд делегаттарын – Ауған соғы­сының майдангерлерін орын­дарынан тік тұрғызды. Бір минуттық үнсіздік сәтінде азаматтар кешегі қан майданда жат елде жан тапсырған боздақтарды еске алды. Ауған жерінде шейіт болған қазақстандықтардың саны сол кездегі есепке алынған 761-мен шектелмепті. Бей­біт заманның өзінде қан соғыстан зардап шек­кен­дердің дүниеден өткен­дері­мен бүгінгі таңда 920-ға жетіпті! 

Соғыс ардагерлері съезінің Қазақ­станның Тұң­ғыш Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жа­рия­лан­ған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақала­сының аясында өтуі де жайдан-жай емес. Бүгінде жалпы ұлттық жобаға ай­налған бағдарламада тарихымыз тереңде жатқан рухы мықты халық екеніміз еске алынып, ел болашағы жастарды ұлттық патриотизмге лайықты тәрбиелеудің айшықты жолдары анық көрсетілген. Сондықтан да «Рухани жаңғырудың» әрбір тармағын басшылыққа алып сөз сөйлеген шешендер – Қазақстанның Қорғаныс министрлігінің, сон­дай-ақ басқа да көптеген мемле­кеттік құзырлы мекемелер мен ведом­стволардың өкілдері, алматылық «Нұр Отан» партиясының мү­шелері өмір мектебінің ұс­таздары – ауғандық соғыс­тың ардагерлерінің ерлік істеріне тағзым етіп, олардың жастардың патриоттық тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып келетіні туралы келелі пікірлерін ортаға салды. Баршаның ой-тілектері бір жерге тоғысып, қазақстандық «ауған­дық­­тардың» алдағы істеріне табыс тіледі.

Съезд делегаты, ауған соғысының тарихына ерлігі өшпестей етіп жазыл­ған атақты «қара майор» – Борис Керімбаев жауынгерлерін май­­дан шебіне алып кіргенде 32 жаста екен.

– Содан бері арада 40 жыл өтіпті, – деді қар­лығыңқы дауыспен сөз бас­таған командир. – Кешегі 17-18 жасында қан кешкен жауынгер бүгінгі жастарға басынан кешкенін боямасыз айтып берсе жетіп жатыр, әскери-патриотизм деген сол емес пе?! Майдангер естелігінің мәні де, қуаты да сонда. Өкінішке орай, ол дәстүр ұмытылып барады... Үкімет тарапынан әлеуметтік қолдау бар. Менің зейнетақым өзімнің дәрі-дәр­мегіме жетеді. Ауылдағы майдан­герлерге ше? Олардың зейнет­а­қысы менікіндей емес, мүлдем аз. Кейде көңілім алаң болып, хал-жағдайларын сұрайтыным бар, сондағы еститінім: «Аға, қайдағы дағдарысты айтып тұрсыз, – деп бәрі таңданады. – Ұн бар – нан пісіреміз, қой бар – ет жей­міз» дейді. Солардың көбісі өзіне тиісті әлеуметтік жеңілдіктерді де алмайды. Съезд делегаттарына құлаққағыс, ауылдағы «ауғандықтар» ұмыт қалмасын!

Қауымдастық төрағасы Бақытбек Сма­ғұл Қазақстанның әр бұрышынан ат арылтып жиынға әдейі келген делегаттарға, бірқатар құр­метті қонақ­тарға алғыс хаттар мен марапаттаулар тапсырды. Мәртебелі жиын үстінде Қазақстанның қас батыры, бар болмысымен ұлттық патриотизмнің нағыз үлгісі атанған Бауыржан Мо­мышұлының да есі­мі аталмай қалмады. Ел газеті «Еге­мен Қазақстанның» қазақ­стан­дық «ауғандықтарды» ақпараттық қол­дау көрсетіп келетініне үлкен ризашылық сезімін білдірген төр­аға – Мәжіліс депутаты Бақы­т­бек Смағұл «Газет ұжы­мының бас­шысы Дархан Қыдырәлі белгілі ғалым Мекемтас Мыр­захметов ағамызбен бірлесіп біздің рухани көсеміміз – қазақ хал­қы­ның біртуар ұлы, Кеңес Одағының Батыры Бауыр­жан Момышұлының 30 томдығын шығаруға тіке­лей атсалысты. Біз мұны ешуақытта ұмыт­паймыз. Сол себепті де, Дархан Қы­дырәліні барша «ауған­дықтар» атынан «Бауыржан Момышұлы» Намыс төс бел­гісімен марапаттаймыз», деді.

Делегаттар биік мін­берден ай­тыл­ған әрбір сөзге ду қол шапа­лақтап құрмет көрсетті. Съезде қа­зақстандық барлық «ауғандық» «Рухани жаң­ғыру» аясында еліміздің гүлденуі үшін, жасөспірімдерді Отандық патриотизмге тәрбилеуге аян­бай атсалыса беретіні туралы айтып, соған орай тиісті қарар қабылдады. 

Игілікті шара алматылық өнер шеберлерінің концертіне ұласты.

Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ
Суретті түсірген
Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ