Аймақтар • 16 Қазан, 2017

ШҚО-да Street Workout бойынша алғашқы облыстық турнир өтті

403 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өскеменде Шығыс Қазақстан облысының әкімінің жүлдесі үшін жастар арасында «Рухты Шығыс» атты Street Workout  бойынша алғашқы облыстық турнир өтті. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

ШҚО-да Street Workout бойынша алғашқы облыстық турнир өтті

Өңірде соңғы жылдары стрит воркаут жақсы қарқын ала бастады. Облыс әкімі Даниал Аxметовтың бастамасымен 2016 жылдан бері бірнеше қалалар мен аудандарда стрит воркаут алаңдары ашылды. Содан да болар, осы спорт түрінен өткен облыстық турнирға 16 команда қатысты. Білек күшін талап ететін күрделі сайыста 14-20 жас аралығындағы ұлдар мен қыздар бақтарын сынап көрді. Турнир ережесіне сай әр командада екі ұл, бір қыз болуы тиіс. Жалпы сайыс екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезең күштік жаттығулар бойынша болса, екінші кезеңде қатысушылар техникалық әдістерді паш етті. Қатысушылар аталмыш спорттың 5 жаттығу түрі бойынша бәсекеге түсті. Атап айтсақ, стритлифтинг мультифрит, стритлифтинг классик, классик,  қыздар және ұлдар арасында стритлифтинг, сондай-ақ, қыздар және ұлдар арасында фристайл бойынша өтті. Жалпы жарыс қорытындысы бойынша Өскемен қаласының құрамасы жалпыкомандалық есепте көш бастады, Курчатов қаласының спортшылары 2-орынды иеленсе, Риддер қаласының командасы 3-орынға табан тіреді. Сайыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер алғыс хаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыс жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілмек.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН