Алматылық мамандар алып мегаполистегі зиянкестермен күрес мәселесі үнемі бақылауда екенін айтады. Мәселен бір ғана кеміргіштердің өзі әрдайым адамға жақын өмір сүретіндіктен адам үшін аса қауіпті, тіпті өлімге апаратын түрлі аурулардың тасымалдаушы ошағы болып саналады. Олардың алпыстан астам түрі адам мен үй жануарларына қауіп төндіріп қана қоймай, көптеген экономикалық шығындарға душар етеді. Екі жарым миллионнан астам тұрғыны бар Алматы сияқты үлкен қалаларда зиянкестерді ұдайы жойып отыру көптеген жұқпалы аурулардың таралуының алдын алатын көрінеді.
– Үй жайлардың аулаларында кездесетін кеміргіштер мен дала кеміргіштерін жою мақсатында залалсыздандыру жұмыстарына арнайы 8 бригада мен 60 адам жұмылдырылды. Олардың құрамында: врач-эпидемиолог, паразитолог, нұсқаушы дезинфектор сияқты білікті мамандар бар. Қаланы кеміргіштерден тазартуға арнайы уланған бидай дақылдарының дәндерімен қатар «Бромадиалон» препараты қолданылуда. Қаланың Түрксіб, Жетісу сияқты үлкен аудандарын залалсыздандыру жұмыстарының күзгі науқаны ойдағыдай аяқталды. Қазіргі уақытта залалсыздандыру жұмыстары Медеу, Алатау аудандарында жалғасын табуда – дейді Алматы қаласы бойынша дезинфекция орталығы филиалының директоры Есен Бекбосынов.
Залалсыздандыру орталығының дәрігерлері мен арнайы мамандар қала жұртшылығына сақтық шараларын сақтауды, санитарлық тазалыққа зор жауапкершілікпен қарауды қатаң ескертеді. Қай жерде тазалық толық сақталмайды, сол жерде түрлі кеміргіштер пайда болуы әбден мүмкін. «Барлық тұрғын үй аулаларында, сауда орындарының аумағында, өндіріс орындарының аймақтарында, барлық жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының алаңдарында санитарлық тазалыққа мұқият көңіл бөлу керек» дейді мамандар.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ