Аймақтар • 16 Қазан, 2017

Ж. Түймебаев: «Облысымызда жер қойнауын заңсыз пайдалануға жол берілмеуі керек»

245 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін селекторлық мәжілісте Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев облыста  жер қойнауын заңсыз пайдалануға жол берілмеу керектігін айтып, заңсыздықтарды қадағалауға тиісті жергілікті полиция қызметінің жұмысын ширатуды тапсырды.

Ж. Түймебаев: «Облысымызда жер қойнауын заңсыз пайдалануға жол берілмеуі керек»

«Жер қойнауын заңсыз пайдалануды тоқтату және келісім шарт бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы туралы» облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Иляс Құрамысов баяндама жасады. Басқарма басшысының айтуынша, соңғы жылдары Сайрам ауданы арқылы өтетін  «Ақ су», «Сайрам су» өзендерінің жағалауларында заңсыз жер қойнауын пайдаланулану фактілері жиі тіркеліп отыр.

«Бірінші кезекте Сайрам ауданы Ақсу өзені бойындағы 12 кәсіпорынға тексеру тағайындалып, жер учаскелерінің нысаналы мақсатқа сай пайдаланбағаны анықталды. Одан бөлек, тұрақты түрде рейдтік шаралар ұйымдастыру кезінде биыл 15 дерек фактіні анықтадық. Жалпы, ішкі істер органдарында ағымдағы жылы жер қойнауын заңсыз өндіру бойынша  80 дерек тіркелді. Оның ішінде   41- іс өндірістен қысқартылса, 4 - іс өндірісте, 32 - іс әкімшілік шара көру үшін облыстық экология департаментіне жолданған.  Экология департаменті тарапынан 20 заңды және жеке тұлғаға – 2,7 млн теңге айыппұл салынды. Оның өндірілгені 1,93 млн теңгені құрайды», - деді  Иляс Құрамысов.

2017 жылдың сәуір айынан бастап Сайрам ауданында 12 нысан  тексеріліп, заң бұзушылықтарды жою жөнінде берілген нұсқамалардың 3 айлық мерзімі өткенімен, бүгінгі күнге кәсіпорындарға нақты шаралар қабылданбаған.   Бір қызығы, бүгінге дейін облыс бойынша бірде - бір заңсыз жер қойнауын пайдаланушы қылмыстық жауапкершілікке тартылмапты. Себебі,  келтірілген зардап 1000 айлық есептік көрсеткіштен аспаса, әкімшілік жауапкершілік  шегінде қарастырылады.

«Облыста 166 заңды жер қойнауын пайдаланушыларға келісім шарт берілген болатын.  Солардың тек 65-ғана жер учаскелері карьер ретінде рәсімделген, ал қалған 101 жер учаскесі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер есебінде тұр. Жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан жер учаскесін пайдалану заңдылығын және жер учаскелерінің құқық беру құжаттарының заңдылығына басты назар аударып, тексеру жұмыстары жүргізілсін», - деді Жансейіт Қансейітұлы. 

Өңір басшысы жер қойнауын заңсыз пайдалану фактілерін алдын-алу немесе жою жұмыстарын бәсеңдеткені үшін салаға жауапты қызметкерлерге қатаң тәртіптік шара көруді тапсырды. Осы ретте ауыл округтерінің әкімдері мен учаскелік полицияның қызметіне сәйкестігі тексерілетін болды.