Қазақстан • 24 Қазан, 2017

«Қазақ хандығының» жалғасы түсіріледі

874 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт минис­трлігінің тапсырысы бойын­ша Ш.Айманов атындағы «Қазақ­фильм» киностудиясы «Centaurus Rustem Abdrashev production» компаниясымен бірлесе отырып «Қазақ хандығы. Алтын тақ» (шартты атауы) атты тарихи сериалының екінші маусымын түсіруді қолға алды. 

«Қазақ хандығының» жалғасы түсіріледі

– «Қазақ хандығы» сериа­лы­ның бірінші маусымы отан­дастарымыздың тарихқа деген қызығу­шылығын оятты. Режис­сердің және шығармашылық топтың атына көптеген алғыс хаттар келіп түсті, ғаламтор жә­не әлеуметтік желілер арқылы жылы лебіздер алдық. Көптеген пікірталастар мен сындар да болды. Халық тарапынан «осы жобаның жалғасын түсірсе екен» деген тілегін аңғардық. Бұл біз үшін өте маңызды. 

Жақында Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты бағ­дарламалық мақаласында ай­тылған «Жаңа тұрпатты жаң­ғырудың ең басты шарты – ұлттық мәдениетіңді, ұлттық кодың­ды сақтай білу. Олар сақталмаса, еш­қандай жаңғыру болмай­ды» деген сөзі, әсіресе кино саласы үшін қажетті қозғаушы сөз. Елбасымыздың осы бағыт-бағдары фильмнің идеясына негіз болды. Енді міне, аздаған демалыс­тан кейін, жасаған жұмысыңа режиссер ретінде емес, қарапайым көрермен ретінде баға беріп, ат­қарған жұмыстың бәрі де бекер болмағанын түсіндім. Бір тыныс­тап алып, ауқымды сериалдың екінші маусымын түсіруді қолға алып отырмыз, – деді фильмнің режиссері Рүстем Әбдіраш. 

Он бөлімнен тұратын жаңа маусымның сценарий авторлары да бұрынғы сценаристер болмақ.

– Тарихи туындының бірінші маусымы Керейдің хан тағына отыруымен аяқталса, екінші мау­сымда қазақ мемлекеттілігінің қа­лыптасуы мен дамуы, Жәні­бектің таққа отыруы суреттеледі, – деді режиссер. 

Сонымен қатар бұл сериалда қазақ хандарының мәде­ни және экономикалық орда­сы – Сығанақ қаласы үшін көрші мемлекеттермен күресі сурет­теледі. 

Айта кетсек, «Қазақ хан­дығы. Алтын тақ» сериалы жаз айынан бас­тап дайындық ке­зеңде болды. Осы уақыт ара­лығында сценарий жазылып, қосалқы рөлдерге кастинг өткізілді. Сонымен қа­тар негізгі декорациялар қай­та өң­деліп, жаңадан екі интеръер тұрғызылды (Рәбия мен бәй­бішенің бөлмелері). Режис­сердің айтуынша, фильмнің бірінші маусымындағы қате­ліктері мен кемшіліктері осы жолы толықтай ескерілген. Жылдың соңына дейін сериал­дың 40 пайызын түсіру жос­парланып отыр. 

Жоба продюсері Арман Әсе­нов телехикаяның не­гізгі тү­сі­рілім жұ­мыстары «Қазақфильм» аума­ғында тұр­ғызылған де­корацияларда, сонымен қатар, киностудияның павильондарында жүргізілетінін айтты. Телесериалда актерлер құрамы өзгермеген, алайда, жаңа маусым жаңа кейіпкерлермен толығады.

 

 

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

 АЛМАТЫ