Бір жарым сағатқа созылған әсерлі кешті ауданның 500-ден астам тұрғыны тамашалады. Айта кетейік, жақында облысымызда «Менің мектебім» акциясы басталған еді. Ауыл мектептерін түлету бағытында қолға алынған тағылымды шараға арнайы қатысқан Халық әртісі сол кезде өзі оқыған мектепке бір миллион теңге сыйлайтынын айтқан болатын.
Туған жерге тағзым жасап, өзгелерге үлгі болған әншіге жерлестері де лайықты құрмет көрсетті. Аудан әкімі Нұрлан Сыдықов шара барысында перзенттік парызын ұмытпаған өнерпазды 60 жылдық мерейтойымен құттықтап, «Жарма ауданының Құрметті азаматы» атағын салтанатты түрде табыс етті. «Өзім өмір есігін ашқан өңірге келіп, концерт бергеніме, жерлестеріммен жүздескеніме шын жүректен қуаныштымын. Туып-өскен мекенім адам танымастай өзгерген екен. Әсіресе өзім еңбек жолын бастаған Мәдениет үйі де жаңа келбетке еніп, білікті өнерпаздармен толығыпты. Туған күнімді жерлестерімнің ортасында атап өткенім үшін бақыттымын», - дейді әнші.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Жарма ауданы.