Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», деп атап көрсеткен болатын.
Елбасы айтқандай, патриотизмнің ең жақсы үлгісі әрбір ауылда есімдері ел есінде сақталған, жүрегінің түбінен орын алатын біртуар перзенттері бар. Біздің айтқалы отырған кейіпкерлеріміз де сол қатардан. Олар – Алғабас ауылының ардагер ұстаздары, ұстаздардың «ұстазы» болған Байғабыл Смаилов пен Жалғас Сидағалиев еді. Бұл ұстаздардың ауылымыздың оқу-тәрбие ісін өркендету барысындағы қажымас еңбектері еленіп, өздері тұрған көшелеріне ауыл тұрғындарының ыстық ықыласымен есімдері берілген болатын. Алғабас орта мектебінің (Киров орта мектебі) директоры болған Байғабыл Смаиловтың есімі, өзінің көзі тірісінде 70-жылдардың аяғында ауданымыздың әйгілі мұражайынан орын тепкен еді. Ал 42 жыл бастауыш сынып мұғалімі болған Жалғас Сидағалиевтен ауыл ақсақалдарынан бастап, немерелеріне дейін ауыл тұрғынының 85%-ы білім алды десек, артық айтқандық емес.
Ақжайық ауданы Алғабас ауылының әкімі Темірболат Қайратұлының қолдауымен ауылда «Рухани жаңғыру» белгісіз себептермен осы аталған ардагер ұстаздар атындағы көшенің атын өзгертуден басталды. Бұл әрекет ауыл тұрғындарына ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет еткен немесе зейнеткерлікке шыққан талай жанға өзіне ой салды. Бірнеше ұрпақтың санасына сәуле сепкен ұстаздар аруағының әлдекімдердің алдында не жазығы болғаны бізге түсініксіз. Ауылда олардан басқа да еңбегі мен ерлігі еленген тұлғалардың көшеге есімдері берілгенін атап кеткіміз келді. Сол ауыл перзенттерінің ішінде етігімен қан кешкен кешегі сұрапыл соғыстағы Кеңес Одағының Батыры Есен Шегрейұлы Орақбаев та бар. Оның да есіміне күмән тудырып, ауданымыздың қайбір шенеуніктері мен ауыл әкім-қараларының Орақбаев есімін біржола жоюға атсалысқаны да көңілімізге қаяу түсіріп, қабырғамызға батты. Бұл рухани жаңғыру ма, әлде рухани азғындалу ма? Ара-жігін облыс басшылары айқындап береді деген үміттеміз. «Рухани жаңғыруды» сылтау етіп, көше аттарын өзгертуге бола ма?
Қайсар ЖАЛҒАСҰЛЫ,
Алғабас орта мектебі физика және информатика пәнінің мұғалімі
Батыс Қазақстан облысы,
Ақжайық ауданы