Француз философы Ж.Ж.Руссоның «Адамда екі нәрсені таңдап алуға мүмкіндік жоқ, оның бірі – ата-анасы, екіншісі – дүниеге келетін ортасы», деген сөзі бар. Расымен адам қандай ортада дүниеге келетіндігін таңдай алмайды, ол оның жазмышы. Кейін оны сол орта өсіреді.
«Адам қоғам жоқ жерде адам бола ала ма?», деген сұраққа жауап іздеу көркем әдебиетте де бар тәжірибе. Мысалы, Даниэль Дефоның «Робинзон Крузо» шығармасындағы кейіпкер Робинзонның, Редьярд Киплингтің «Джунгли кітаптарындағы» кейіпкер Мауглидің образдары адам баласының қоғамсыз ортадағы өміріне назар аудартып, адам әлеуметсіз қандай адам болар еді деген мәселені көтерген. «Менде бір іскер адамның бірі едім», деп өзімен-өзі тілдесетін Робинзонның жапандағы аралда кешкен жалғыздық өмірі, одан жол тауып шығуы, түптеп келгенде оның бұған дейінгі қоғамдық ортада үйренген, қалыптастырған қасиеттерінің арқасында ғана мүмкін болатыны оқырманға көп нәрсені аңғартса керек.
Хәкім Абай да бір сөзінде «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват», деген түйінді пікір білдірген.
Жалпы, әлемдік философия мен әдебиеттегі ізденістердің барлығы да адамның қалыптасуында, адамдық деңгейге көтерілуінде қоғамдық ортаның шешуші рөл атқаратынын меңзеген. Ал ендігі мәселе сол орта қандай болуы керектігі жайлы.
Адамның мінез-құлқы, өмірге көзқарасы өскен ортасына тікелей байланысты. Ешкімде жаман мінезбен, қаскөй көзқараспен дүниеге келмейді. Сәби кезінде бәрі таза. Халқымыздың адам болмысына байланысты сөздік лексиконында «сәбидей таза» деген тіркес тектен-тек қолданылмаса керек. Хәкім Абайдың: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», дейтін сөзі бар. Яғни Абай адамды бұзатын да, түзейтін де орта деген ойды айтып тұрған жоқ па?!
Олай болса, осы орта мәселесі бүгін қандай жағдайда? Бізде адамдардың жас ерекшеліктеріне байланысты қандай орталар бар? Болашақ тұлғаларды қалыптастыратын орталар бар ма? Жастар немен айналысып жүр, олар қандай құндылықтарға бет түзеуде? Міне бұлардың барлығы азаматтық сананы қалыптастыруда зерделеуді қажет ететін маңызды мәселелер.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін құндылықтар арнасы да өзгеріп шыға келді. Бұрынғы кеңестік идеологиядағы құндылық деп саналған кейбір ұстанымдар жарамсыз болып қалды. Бұл заңдылық. Адам өзгерді. Адамдарға сенім бостандығы берілген тұста, санаға талас жүрді. Әлемдегі, түрлі мақсатты көздейтін діни ағымдар сол тұсты пайдаланып, елімізге еніп кетті. Олардың кейбіреуі құндылықтар ауысқан өлара уақытта бағыт-бағдар іздеген жастарымызға, отандастарымызға өз орталарын ұсынды, қамқорлық жасаған болып діни-дүниетанымдық ұстанымдарын олардың санасына сіңіре бастады. Бүгін мұның теріс нәтижесін көріп жатқан жағдайымыз бар. Соның барлығы рухани құндылықтарға сусындатар ортаның жоқтығынан болған жайт.
Біз өскелең ұрпаққа, жастарымызға қандай орта ұсына алып отырмыз? Бізде әркім өз бетінше өмір кешу көрінісі байқалады. Мәселен, кеңестік дәуірде жүргізілген идеологияның сипатына сай өзіндік орта болатын. Сол кездегі партия мектебі мемлекеттік қызмет саласындағы адамдарға орта болды. Солардың арасынан қарым-қабілеті шыңдалған, қоғам өміріне дайын өз тұлғаларын қалыптастырып шығарды. Қазір ше, бізде тәуелсіз елдің тұлғаларын дайындап, қалыптастырып шығаратын қандай орта бар?
Бүгінгі мемлекеттік қызметке келіп жатқан кейбір жастар, белгілі бір мемлекеттік сана қалыптастыратын ортаның жоқтығынан, ең негізгі мақсаты мансаптық өсу болып отыр. Ал белгілі бір ортада піспеген, азаматтық санасы қалыптаспаған ондай адамнан өз мүддесін ғана ойлайтын жандар шығып жатса таңғалуға болмас. Сондықтан бізге барлық сала бойынша үлкен қоғамдық істерді алып кете алатын, азаматтық санасы қалыптасқан болашақ тұлғаларға тұғыр бола алатын орталар керек. Ол орталарға ортақ құндылық азаматтық сана болуы тиіс. Білім алушы әлеуметтік топ үшін оқырмандар ортасы, кітап культі қалыптасса, болашақ технологтар үшін шеберлер ортасы, мемлекеттік қызмет жасауды мақсат тұтатын жастар үшін патриоттар ортасы тағысын т.б. бағыттардағы орталар қажет. Сол орталар өз ішінен суырылып шығатын тұлғаларға тұғыр болмақ. Ол келешекте біздің мемлекетіміздің азаматтық сана деңгейінде дамуына, өзі үшін ғана емес, тұтас елдің игілігі үшін қызмет қылатын тұлғалардың қалыптасуына айтарлықтай ықпал етері анық.
Тортасыз май, ортасыз тұлға болмайды. Тұлғалардың көбеюі елдік санамыздың өркендеуіне жол ашпақ. Данышпан ойшыл Шәкәрім бабамыздың «Жұқпайды екен айтқан сөз, ғылымы жоқ адамға. Көкірегінде болса көз, жұғар сондай адамға. Ондай адам қазақтан көп туса осы заманға. Босар еді азаптан, қазақ шығып самалға», деген арман-мұраты елді ел қылудағы әр адамның адамдық сапасына, азаматтық санасына көңіл аударуға шақырып тұрған жоқ па?!
Белгілі бір ортада қайнап, пісіп-жетілген, азаматтық санасы қалыптасқан тұлғалар елдік санаға бастары анық. Сондықтан да болашақ тұлғаларды қалыптастыру үшін қандай орталар керек деген мәселені қолға алу басты міндет. Бізде бұған барлық мүмкіндік бар. Уақытты жіберіп алмай, соны қазірден бастап назарға алғанымыз жөн.
Аристотель адамға «адам табиғатынан әлеуметтік жануар» деп анықтама беріп, адамның әлеуметтік ортадан тыс өмір сүре алмайтынын меңзеген болатын.
Адамның әлеуметтенуі – өмірге бейімделуі, жеке тұлға ретінде қалыптасуы деген сөз. Әлеуметтену, демек адамның табиғи қалыптасуы процесімен қатар жүретін құбылыс. Әлеуметтену болмаған жағдайда адам қоғамдық ортадан тыс қалып, жеке адам ретінде қалыптасуы баяулайды. Ортаның өзі түрлі әлеуметтік сатыға бөлінетінін ұмытпау керек. Мәселен, ғылыми орта, жастардың субмәдениетін қалыптастырып жүрген орта, күнделікті өмірде кездесетін адамдардың жеке ортасы, дос-жарандар, қызығушылықтарына қарай қалыптасатын ортасы. Осы әлеуметтік орталар адамның қалыптасып, дамуына, өміріне бағдар алуына ықпал ететін жүйе тәрізді.
Ортасы жоқ адам кез келген жоғарыда атап өткен әртүрлі деңгейдегі субмәдениеттің немесе ұйымдардың жетегінде кетуі әбден мүмкін. Олай болатыны адамның өзі әлеуметтік процестердің нәтижесінде тұлға болып қалыптасады.
Қазіргі уақытта бізде жастардың тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ететін қандай орта бар деген сауал туындайды.
Өткен кеңестік жүйеде орта идеология негізінде жұмыс атқарып, адамның әлеуметтену процесіне сай айқындалған. Тарихқа көз жіберсек, мектеп жасындағы балалардың октябрят, пионер, комсомол ұйымдарының, соңында коммунистік партияның мүшесі болып шығуы жай нәрсе емес еді. Бұл Кеңес Одағының жүйесі азаматтарға жас ерекшелігіне орай ортаны айқындап бергенін көрсетеді.
Бүгінгі таңда орта жоғарыда аталған субмәдениеттер арасында қалып қойғандай. Мәселен, кейбір орталар байкер, панкер, иглз сынды ұғымдармен астасса, енді бірі әлеуметтік желілер арқылы виртуалды деңгейге түскен. Осындай жағдайда ортаны қалай қалыптастыруға болады? Мәселе күрделі, ауқымды әрі қоғам дамуы үшін маңызды. Мектеп жасында қандай ортаны, студенттік шақта қандай ортаны қалыптастырып, жас ұрпаққа бағдар беруге болады? Сұрақ көп, жауап аз. Ойлануды талап етеді. Олай болса шығармашылық салада, көпшілік спортты дамыту ісінде орталарды қалыптастыру қажеттігі артып отыр. Бізде бүгінде ондай орталар жоқ емес, бар. Бірақ жұмыс істеу, жарнамалануы төмен, нәтижесі айтарлықтай емес. Сондықтан мектептерде оқырмандар клубын құрып, оған мүшелердің қабылдануын және ол клубтардың қоғамдық қызметпен айналысудағы беретін пайдасын көрсету керек.
Жастардың қоғамдық ұйымдарын жетілдіру заман сұранысына сай келеді. Ол науқан түрінде емес, жүйелі түрде бағдарлама негізінде жасалғаны жөн. Бүгінгі таңда еліміздегі демографиялық жағдайдың дұрыстығы, өткен он жылдықтармен салыстырғанда өсімнің қарқыны байқалады. Бұл уақыт өте келе жастардың үлес салмағы артуы әбден мүмкін екенін көрсетеді. Осы орайда олар үшін лайықты орта қалыптастыру аса маңызды.
Дархан ЖАЗЫҚБАЕВ,
философия ғылымдарының кандидаты